Сенат • 07 Наурыз, 2024

Мәслихаттың елдік жүгі

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта еліміздегі мәслихаттардың 30 жылдығына арналған халықаралық конфе­рен­цияға дайындық барысы талқыланды. Осыған орай өткен жиында Пала­та спикері Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұйымдас­тыры­лып жатқан форум сенаторлардың мәслихат депутаттарымен өзара іс-қимылын одан әрі арттыруды, жергілікті өкілді органдардың қызметіне қатысты маңызды мәселелерді шешуді және өңірлерді дамытуға ықпал етуді көздейтінін атап өтті.

Мәслихаттың елдік жүгі

Өңірлерді дамыту және мемлекеттің өңірлік саясатын тиімді іске асыру – Сенат жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Парламент кейінгі жылдарда өңірлердегі проблемаларды шешуге арналған ондаған заң қабылдағанын атап өтті.

Қазіргі таңда елімізде мәслихат­тардың қоғамдық-саяси маңызы арта түсті. Осыған байланысты Парламент Сенаты­ның ұйытқы болуымен еліміз­дегі мәслихаттар институтының 30 жыл­дығына орай 2024 жылғы 18–19 сәуір күн­дері халықаралық конференция өт­кізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 5 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабыл­­дады. Кездесуде Палата спикері рефор­­ма­ларды заңнамалық тұрғыдан қамта­масыз ету жұмыстарының өткен айлар­дағы қорытындысы және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады. Қабылдау кезінде берілген тапсырмалардың бірі – Парламенттің заң шығару қызметіне жергілікті өкілді органдардың депутаттарын кеңінен жұмылдыру.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің ерекше рөлін және Палатаның өңірлерді дамытуға тигізіп келе жатқан зор ықпалын атап өтті. Конференция алаңында Мемлекет басшысының бас­тамасымен қолға алынған саяси және экономикалық реформаларды іске асыру кезіндегі мәслихаттардың рөлі жан-жақты талқыланады. Қуатты өңірлер әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаттың негізі және елдің драйвері екені анық. Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына және мәслихаттардың нәтижелі жұмыс істеуіне ықпал ету жолында күш жұмылдырудың маңызы зор», деді Мәулен Әшімбаев.

Халықаралық конференцияға Пар­ламент депутаттарымен бірге барлық деңгейдегі мәслихаттардың төрағалары, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысады деп жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар