Өнер • 08 Наурыз, 2024

Батыр аналар ансамблі

154 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әсілі, «Әйел қырық шырақты» деген сөз тегі рас. Әйтпесе, бұлардың да жұрт қатарлы бірі күріштіктен, бірі сауын фермасынан келгені жаңа. Келе сала кешкі астың қамына кірісіп, үйдегілердің ас-суын беріп, балалардың ертеңгі сабағын бір пысықтап, клубқа қарай келе жатыр. Тіпті үйде отырғанның өзінде де бітпейтін тірлік пен 10 баланың қамы қалжыратпай қоя ма?!

Батыр аналар ансамблі

Көшенің әр тұсынан ақ жаулық тартқан келіншектер қосылып, қатарлары көбейе берді. «Раяны күтейік, Гүлсім әне келе жатыр» деп сөйлескен күйі діттеген жерге жақындаған бұлар кезінде Жалағаш ауданынан құрылып, республикаға танымал болған «Батыр аналар» атты ансамбльдің алғашқы мүшелері еді. Қазір сексеннен асып, шөпшек қолынан су ішіп отырған әзіз жандар отыз алты жыл бұрынғы бастаманы ойлағанда дәл осы сурет көз алдарына келе қалады.

Иә, бәрі де кеше ғана сияқты еді...

1988 жылғы наурыз айының басында Жалағаш ауданындағы сол тұста «Қазақстанның Ленин комсомолы» кеңшары атанып тұрған ауыл көшелерін «батыр аналар жиналып, концерт қояды екен» деген хабар әп-сәтте аралап кетіп еді. Кеңшардағы партком хатшысы Кеніш Жұмалиеваның ауылдағы он балалы батыр аналардың басын қосып, ансамбль құру идеясын кеңшар директоры Ұзақ Еспанов қуана қолдапты. Сол жылы 7 нау­рызда мәдениет үйіндегі кеште 18 батыр ана қаздай тізіліп, көп алдына шыға келгенде дүркірей қол соққан көрермен клуб ішін жаңғыртып жіберді.

ап

Өнерпаз аналар ұжымының ән мен биі айға жуық ел аузынан түскен жоқ. Ал ансамбль көршілес Жаңадария, Ақарық, Калинин, Ильич, Аққұм, Шаған, Мырзабай, Мәдениет, Жаңаталап ауыл­дары мен аудан орталығында өнер көрсетті. Айнагүл Бұрышова, Нәбира Кәукенова, Жанымкүл Есімова, Әдеп Толыбаева, Ақзереп Аяпова, Қантай Итенова, Жұмагүл Бексейітова, Абаш Жұмағұлова халық әндері мен өзге ұлт шығармаларын әуелете орындаса, Зәпен Жалғасбаева қазақ биін, ансамбль жетекшісі Рахия Жұбатқанова өзбек, сыған, үнді билерін билепті. Дәркүл Тоқабаева, Рая Нұрханова мен Гүлсім Жаңабаевалар түрлі көрініс қойып, интер­медиялар көрсеткен екен. Аз уақыт­та құ­рамындағы өнерпаздар 26-ға жеткен ансамбльді әр ауыл асыған күтетін болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ке­шегі кеңшар Еңбек аулына айналды. Қоғам өзгеріп, көп дүние көзден бұлбұл ұшқандай болған шақта да, өнер ұжымы ыдырамады. Керісінше, қиындықтан қажыған елдің көңілін аулады. Облыс орталығындағы Сәбилер үйіне сый жасады, Қарттар үйіне кон­церттік бағдарламамен барып, онда жатқан қарияларға қайырымдылық көрсетті. Бардан гөрі жоқ деген жиілеп тұрған сол кезеңде өнер ұжымының 10 жылдығы айрықша аталып өтіп еді. Батырбек Маншарипов, Шәкизатхан Ысқақов сынды ел азаматтары, сол тұста аудандық мәдениет үйін басқарып тұрған Қаншагүл Мұстафаевалар өнер­паздардың ел алдына жарқырап шығуына жәрдем берді.

«Біз ансамбльден бөлек, жастарға, жаңа түскен келіндерге жол көрсетіп, қолөнерге баулып келеміз. Бізді ұдайы қолдап келе жатқан «Еңбек-жер» ЖШС төрағасы, ауыл азаматы Шәкизатхан Ысқақовқа айтар алғысымыз шексіз. Ауданда, ауылда өтетін қайырымдылық акцияларынан қалыс қалған кезіміз жоқ. Ансамбльдің 25 жылдығына орай ауылдарды аралап концерт қойып, түскен қаржыдан тұрмысы төмен отба­сыларға көмек бердік. Ансамбльдің қазіргі мүшелері бізді ешбір іс-шарадан қалдырмай, керек жерінде ақыл-кеңес сұрап тұрады», дейді 20 жыл өнер ұжымының жетекшісі болған Рахия Жұбатқанова апай.

Ауылдағы Мәдениет үйінің әдіскері Бақыт Аяпова қазір Алтын Мамадалиева жетекшілік ететін ансамбльдің репер­туары бай екенін айтады. Батыр аналардан көргенін жалғастырып келе жат­қан өнер ұжымы ауыл мен аудандағы мәде­ни іс-шаралардың бел ортасында жүреді.

Кезінде өнер ұжымын Алматыға шақырып, арнайы телехабар да түсі­рілген. Сол сәттің куәгерлерінің бірі – Дәркүл Тоқабаева. Жасында күріш егіп, сиыр сауған, тіпті қол күші жетпей жатқан тұста қамыс та шапқан батыр ана кешегі күндерін сағына еске алады. Қазір ауылдағы Мәдениет үйіндегі «Қолөнер» үйірмесіне жетекшілік ететін Дәркүл апай ауыл жастарын кілем тоқып, ши орауға, ою ойып, құрақ құрауға бау­лып жүр.

«Шүкір, өмірге өкпем жоқ. Құдай берген 10 перзентті тәрбиелеп жеткіздік. Солардан тараған әр немеремнің үйінің төріне өзім жасаған оюлы киізді жайдым. Осы күні кенже ұлдың қолындамыз. Жасымыз келген соң, бәріміз ойласып, ансамбльді жас батыр аналарға табыстағанды жөн көрдік. Олар да бізді әлі күнге қатарларынан қалдырмай ша­қырып тұрады. Құрмет, қошеметтен кенде емеспіз. Тек кешегі күні көп алдына бірге шыққан құрбыларымды са­ғынамын. Қазір ойлап отырсам, ан­самбльдің алғашқы құрамынан алтауы­мыз ғана қалыппыз», дейді Дәркүл апа.

Ел тірлігінің оңалып, түтінінің түзу ұшуы ағайынның бірлігіне байланыс­ты. Бүгінде 43 алтын, 54 күміс алқа иегері бар Еңбек аулындағылардың ауыз­бірлігіне сырттан қараған жан сүй­сінеді. Кейінгі жеті жылда елді мекен­де қылмыс мүлдем тіркелмепті. Әр ша­ңырақта «Еңбегіне қарай құрмет, жасына қарай ізет» дегенді көріп өскендер егін де егіп, мал да өсіріп, елдің берекесін кіргізіп отыр.

 

Қызылорда