Білім • 08 Наурыз, 2024

Қазақ қыздарының шамшырағы

184 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Уақыттың сындарлы белесінен абыроймен өтіп, білім мен ғылым әлеміне қаракөз қарлығаштарымыздың қанатын самғатқан білім ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бүгінде еліміздің білім саласына 70 мыңнан астам педагог кадрлар даярлады.

Қазақ қыздарының шамшырағы

Республикада бірнеше пе­да­гогикалық жоғары оқу ор­ны­ның болғанына қарамастан, университетке оқуға түскісі ке­­летін талапкерлердің саны жыл сайын артып келеді. Оның жар­қын дәлелін 80 жыл­дық тарихы бар білім ордасы­ның осы жылдардағы сапалы бі­лім, білікті кадр даяр­лау үде­сіне қойылатын талап­тың жо­ғарылығы мен бі­лік­ті профессор-оқытушылар жұмы­сының нәти­жесінен нақты көреміз.  

– Мәртебелі парасат ордасы­ның тарихы ел басына күн туған ІІ дүниежүзілік сұрапыл соғыс жылдарынан басталып, ерлер қан майданға аттанғанда ел бей­неті туған жерде қалған әйел­дер мен қыз-келіншектердің мойнына артылғаны белгілі. Сол тұста, 1944 жылдың тамыз айында республика басшылары Ж.Шаяхметов пен Н.Оңдасыновтың бас болуымен әсем Алматыда білім ордасы шаңырақ көтерді. Халқымыздың ардақты азаматтары Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсі­репов, І.Омаров  қолдап, білім ордасының ашылуына көмек қолын созды. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов «Тәңір жазса, бұл институт қазір­гі және болашақтағы қазақ қыз­да­рының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік» деп ақ батасын берген еді. Тек қазақтың қыздарына арналған қазақ тілінде жоғары білім бе­ретін, оларды жатақханамен, тегін тамақпен қамтамасыз ететін институтты ашу бастамасы сол кездегі республика басшылары мен зиялы азаматтарының батыл қадамы, өз ұлтына деген шынайы жанашырлығы болатын. Сол жылдарда оқуға түскен жастарға Ә.Марғұлан, Ғ.Құрманғалиев, Т.Тәжібаев, А.Жұбанов, О.Жәу­ті­ков, Н.Сауранбаев  секіл­ді халқымыздың айтулы тұлға­лары сабақ берді. Соғыс жыл­да­рындағы қиындыққа қарамас­тан, білім беру ісіне жете көңіл бөлінді, – дейді Қыздар педа­гогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай.

Гоголь және Лесная көшеле­рінің қиылысындағы бұрынғы педагогика училищесінің ғима­ратында орналасқан институтта алғашқыда 125 студент қа­­был­данып, 20 оқытушы дә­ріс бер­ген болса, 1948 жылы кафед­ра­лар саны 11-ге жетіп, студенттер саны 600-ден асқан. Бүгінгі таңда университеттің бес институтына қарасты 24 кафедрада бакалавриаттың – 46,  магистратураның – 25, док­торантураның 12  білім беру бағдарламалары бар. Қазіргі кезде оқу орнында 9 мыңнан аса студент, магистранттар мен докторанттар білім алып жатыр.  

Университет басшылығы ауыл мен қала білімінің аражігін жалғап, болашақ мұғалімдердің білікті маман ретінде қалыпта­суына баса назар аударып отыр. Осы орайда университетте ауыл мектептеріндегі білім сапасын зерттеу орталығы ашылды. Орталықта ұстаздардың көш­басшылығы мен мәдениетін дамытуға басымдық бере отырып, ауыл мұғалімдері орталық ма­ман­дарының бағдар беруімен әдістемелік көмек алып келеді. Мұнымен қоса «Ғылыми се­рік­тестік: университет-мектеп» бағытында жүргізілетін тәжірибелік семинарлар мектептермен ғылыми серіктестікті дамытатын маңызды кәсіби алаң ретінде жұмыс істеп отыр.

Жуырда университет ғалым­дарының Алматы қаласының ауа­сын тазартатын инновациялық әдісін ойлап табуы оқу орнын­дағы ғылыми зерттеу жұмыс­тарының басымдыққа ие екенін көрсетті. Физиолог-генетиктер жоба аясында зиянды заттарды бойына сіңіріп алатын өсімдіктер өсіруді қолға алып отыр. Қа­ла экологиясын жақсартуға ба­ғыт­талған ғылыми-өндірістік жұ­мыстар биыл көктемде бас­талады. Алматы облысындағы Көлді агробиостансасының базасында шамамен 5 гектар жерге арнайы сұрыптаудан өткен өсімдіктер егіліп, көшеттер қаланың халық көп шоғырланған аумақтарына отырғызылмақшы. Жоба жетекшісі, ғалым-физио­лог Асқар Қалекешов атап өт­кендей, Көлді агробиостансасы тәжірибе алаңы ретінде кездейсоқ таңдалған жоқ. Мұн­да биолог зерттеушілер мен болашақ биология мұғалімдері зоология, ботаникадан далалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Ғалымдар өсімдіктерді өсіруден бөлек, адам ағзасын тазартатын биологиялық белсенді препараттар да дайындайды. Осы орайда ғалымдар Шығыс Қазақстан облысына арнайы экспедициямен барып, емдік өсімдіктерді, атап айтқанда, Алтай үш қатын Алматы облысына жерсіндіру арқылы алынған өнімді ағзаны сауықтыруға пай­даланады. Генетика және фи­зиология ғылыми зерттеу инс­титутымен бірлесіп іске асатын жоба университет тарапынан қаржыландырылады.

Бүгінде университеттің жа­­һандық және ұлттық рейтинг­терде көрсеткіштері жоға­ры. Былтыр әлемнің 1500 уни­вер­ситетінің ішінде 1001 + орынды иеленіп, Қазақстанның «Үз­дік 10» жоғары оқу орны­ның қатарына енген болса, оқу орнының 15 білім беру бағ­дарламасы Германиядағы ха­лық­аралық ACQUIN аккредиттеу агенттігінің аккредитациясынан өтті. Бұл университет түлектерінің шетелдерде жұмысқа орналасуына тың мүмкіндікке жол ашады.

Қыздар университетінде білім сапасын арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын шетелдік ғалымдарды шақыру дәстүрге айналған. Мәселен, Ала­бама университетінің профессоры, доктор Ванг Харрис Сандра Эшин Жаратылыстану институтының білім алушыларына «Өсімдіктер биотехнологиясы», «Медициналық биология», «Өсімдіктер физиологиясы» пәндері бойынша бір жыл бойы ағылшын тілінде дәріс оқитын болса, Кореядағы Пучон университетімен әріптестік қарым-қатынас орнату жоспарланып отыр. Сонымен бірге Аме­риканың  Джорджтаун уни­­верситеті ағылшын тілі пә­ні­нің оқытушысы Лакиша Эдвартс «Шет тілі: екі шет тілі» ма­мандығы бойынша білім алып жатқан 3-курс студенттеріне сабақ береді.  Ұлыбританияда хан­зада мен ханшайым күту­ші­лерін және балабақша тәр­биешілерін даярлайтын Нор­ланд колледжімен мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мәселелері талқыланған болса, Сассекс университетімен магистратура және докторантура бойынша қос дипломды бағдарламасы басталмақ. Осы әріптестік аясында педагогика саласында қосымша білім алуға мүмкіндік беретін PGCE in Pedagogy and Practice халықаралық бағдарламасы да іске асатын болады. Сон­дай-ақ профессорлар мен оқыту­шылардың біліктілігін арттыратын орталық құру жоспарда тұр. Ал өткен жылы қараша айында америкалық белгілі ға­лым Дуглас Хартманның, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлы­ғының 2020-жылғы иегері Ран­жит Дисаленің университетке келуі, Малайзия халықаралық мәдени коммуникация орталығы басқарушы директорының орынбасары Бэнджамин Леонг Так Хангпен меморандумға қол қою рәсімі де кәсіби мамандар даярлау бағытындағы ілкімді қадамдар екені белгілі.

Парасат ордасының мақсаты сапалы мұғалімдер даярлау ғана емес, отбасының ұйытқысы болар қаракөздерді де тәрбиелеу.  Осы бағытта «Қыз Жібек» клубы, «Қазақ аруы» курсының тұ­рақты ұйымдастырылуы ұлт руханиятының, мәде­ниетінің озық үлгілерін паш етуге ық­пал етеді десек, ха­лық­тық дәстүр, ұлт­тық киімдер үлгі­ле­­рін насихаттау ісіне де баса көңіл бөлініп отырғандығы дизайнер Ұлжан Бегешованың «Qashgari» коллекциясының көркем стилінен айқын көрініс береді. Университет түлектері әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыруға, сондай-ақ алған білім­дерін мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жалғастырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісіне барынша атсалысып келеді.

 

АЛМАТЫ