Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»
«Мұғалім болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік қасиетін оқушы бойына дарыту. Мұғалім мәртебесі – шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие беру. Олармен бірге қуана білу, уақыт арнау», дейді 2023 жылы «Үздік педагог» атанған Астана қаласындағы «№93 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Даривхан. Бұл нағыз ұстаздың жүректен шыққан, 10 жылдық тәжірибесінен түйген ойы.
Білікті мұғалім бар білімін бүгін алдында партада отырған, ертең ұлттың болашағына айналатын оқушылардың бойына сіңіріп жатыр. Ол мұғалім үнемі ізденісті тоқтатпауға тиіс екенін айтады.
«Мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдадым. Филология ғылымдарының магистрантымын. Ұстаздық еңбек өтілім – 10 жыл. Атақты Қанипа Бітібаеваның технологиялары сын тұрғысынан ойлау, ой тастау, ойланту, ойлау, дамыта оқыту әдістерін қазақ тілі мен әдебиеті сабағында қолдану арқылы ұлтын, әдебиетін, тілін сүйетін тұлға қалыптастыруға өз үлесімді қосып жатырмын. Үздік педагог болу – үздіксіз білім алып, ізденіп, соны шәкірт бойына сіңіре білу деген сөз. Абай атамыздың нақыл сөзімен айтсақ, «ақырын жүріп, анық басу». Себебі мұғалім – өзінің білімін үздіксіз жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқан кезде оның мұғалімдігі де жойылады», дейді ол.
Ұстаздың еңбегі қашанда оқушыларының нәтижесінен көрініп, сонымен бағаланады. Мұғалім шәкірті шыңға шыққан сайын өзі де биіктей бермек. Нұргүл Даривханның да көптеген жетістікке жеткен оқушылары баршылық.
«Халықаралық, республикалық, қалалық олимпиадаларда жеңімпаз атанған оқушыларым бар. Мысалы, Ақнұр Тұяқбай Мұқағали Мақатаев халықаралық қорының білім грантын иеленді. Бауыржан Бекмағанбет республикалық балалар оқуының жеңімпазы атанды. Айбек Байжұма республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәні олимпиадасының жеңімпазы болса, Жаннұр Сағынай, Балнұр Амангелді – республикалық Абайтану олимпиадасының жүлдегерлері. Әрбір сайысқа оқушыларыма өз бетімен ізденіп, дайындалуына бағыт-бағдар беріп, көмектесемін», дейді мұғалім.
Ал Күнсұлу Амантайқызы Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінде 18 жыл бойы сабақ беріп келеді. Білікті маманның тәжірибесі де, түйгені де, өмірге, өндіріске даярлаған шәкірттері де көп. Сол шәкірттер қазір әлемнің әр елінде жұмыс істеп жүр.
«Мен жұмыс күнімді студенттерге дәріс оқудан бастаймын, содан кейін оқу зертханасында тәжірибелік сабақтар өткіземін. Топтың кураторы ретінде оқу, тәрбие, ғылыми зерттеу жұмыстарымен де айналысамын. Сондай-ақ бізде инклюзивті оқыту топтары бар. Ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге де сабақ беремін. Бұл – менің жұмысымның тағы бір жауапты тұсы. Бұған қоса студенттерімді қоғам өміріне үнемі белсенді араласуға тәрбиелеп отырамын. Өйткені олардың әрқайсы бір кетікке қаланатын кірпіш. Біздің міндетіміз – үйретіп, бағыттау. Колледжде еңбек еткен уақыт аралығында алдымнан 200-ден астам шәкірт түлеп ұшты. Мен оларды мақтан тұтамын. Барлығы дерлік оқыған саласы бойынша кәсіби маман болып, елімізде, тіпті әлем елдерінде қызмет етіп жүр», дейді педагог.
Күнсұлу Халида оқытушылық және кураторлық жұмыстардан басқа, студенттерге, жас мамандарға шеберлік сыныптарын да өткізеді. Онда оқытушы тәжірибесімен бөлісіп, көрсетеді. Сонымен қатар үздік педагог өзін шыңдап, кәсіби тұрғыдан өсуге, тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлетінін айтады.
«Мен жыл сайын Астанадағы және еліміздің басқа аймақтарындағы кәсіпорындарда біліктілікті арттыру курстарынан, тағылымдамадан өтемін. Сонымен қатар әртүрлі семинар мен конференцияға қатысамын. Қазіргі кезде колледж басшылығы халықаралық ынтымақтастық бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, басқа оқу орындарымен меморандумдарға қол қойды. Осы орайда Финляндияда, Татарстанда, Якутияда тағылымдамадан өтіп, ондағы әріптестеріммен тәжірибе алмасып, білімімді шыңдауға мүмкіндік алдым. Сонымен қатар саламатты өмір салтын ұстанамын. Қалалық деңгейдегі үстел теннисі мен волейболдан спорттық жарыстарға жиі қатысамын. Бұған қоса қазіргі заманның қажеттілігіне айналған әлеуметтік желіні де меңгерген жөн деп ойлаймын. YouTube-те жеке арнам бар. Онда мен өзімнің шеберлік дәрістерімді бейнесабақ ретінде жүктеп отырамын. Жалпы, ұстаз әрқашан өзін дамытып отыруы қажет. Мен өз жұмысыма жауапкершілікпен әрі махаббатпен қараймын, өйткені мен өз саламның кәсіби мамандарын тәрбиелеп отырмын.
Астана қаласы №8 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Серіккүл Сексенбаеваның еңбек өтілі 26 жыл. Ол мамандығына кәсіп деп емес, өмірлік миссиясы ретінде қарайды. Оқушылардың алдындағы үлкен жауапкершілікті бар жүрегімен сезінеді.
«Менің бала күнгі арманым, анам сияқты, ардақты ұстаздарым сияқты ұстаз болу еді. Мен ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрек қалауыммен таңдадым. Сондықтан мамандығым мақтанышым деп айта аламын. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат», деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, үйрететін, білім нәрімен сусындататын жан. Мұғалім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ сияқты. Сондықтан да ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы бас иеді. Ұстаз – білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана сияқты барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі деп айтар едім. Ұстаздар жайында Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», деген болатын. Міне, бүгінгі таңда мен өзімнен озған шәкірттерді тәрбиелеп келемін. Шебер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын», дейді мұғалім.
Еңбектің еленуі өнімді іс атқарып, қоғамға үлес қосып жатқаныңды сездіреді. Бұл да – мәртебе. «Биылғы оқу жылында өткен республикалық «Үздік педагог» байқауына қатысу мен үшін үлкен жеңіс болды деп айта аламын. Менің 26 жылдық еңбегімнің нәтижесі деп түсінемін», дейді Серікгүл Аббасқызы.