Әдебиет • 11 Наурыз, 2024

Ой орманы

126 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ой да көп, уайым да көп ойлай берсең». Әуезов сөзі ой базарының бірде олжалы, бірде қол қусыртқан әрнешік ахуалынан хабар береді. Ең абзал ойлар – шарқ ұрған ізденіс шиырынан, тәжірбие жиынынан түзілсе керек. Ендеше, сана түкпірінде жалт еткен жарлы-жарсыз ой-түйіндер легін алдыңызға жайдық, қадірлі оқырман.

Ой орманы

Достоевский

Семей қаласы, Достоевский мұра­жайы. Мұражай іші қыстың күнінде даладан суық тартады. Әнтек солға бұрылсаңыз, жазушының қойын-қонышына тығып жүріп оқыған алақандай ғана кітапшаларға кезігесіз. Бүкіл өмірі «аттың жалында, түйенің қомында» өткен қаламгер қолы қалт еткенде осы бір кітаптарға үңілген деседі. Шекспир, Гёте, Гофман, Гюго, Шиллер секілді есімдер көзге ұрады. Расында, Гёте мен Шекспир табиғаты жазушыға етене жақын, ұқсас. Гюгоның қызықты әрі шытырман тілі де. Мұражайдың қақ ортасында Шоқан мен Достоевскийдің суреті ілінген. Алмас көз, сымбаты келіскен данышпан Шоқанның жағы суалып, Қашқариядан құрт ауруына шалдығып оралған мезеті екен. Бірі Мәскеуде, бірі Құсмұрында туған қос тұлғаны қай құдірет жолықтырды? Қызық. Мұражайдың кірер тұсын­дағы тақтаға жазушының ағасына жазған хатынан үзінді қиып алынған. Аудармасы былайша өрбиді: «Адамда үлкен жұмбақ бар. Оны шешу керек. Осы жұмбақты шешуге бүкіл ғұмырыңды арнасаң да, мұны бос өткен уақытқа балай көрме. Мен осы жұмбақты шешумен айналысамын, өйткені адам болғым келеді…». Шынында, адам баласы өмір бойы өзінің бастапқы тұма болмысына үздіксіз талпынушы, Руми тілімен жеткізсек, өмір бойы атамекенін аңсаған түбірінен кесілген қамыс іспетті. Анадан соншалық пәк, кіршіксіз болып туған сәби санасын ақымақ адамдардың сөзі мен мазмұнсыз кітаптардан қорғап тұрар құдірет болса ғой! Барлық жаратылыс­ты дәл өзіндей көріп, жүрегін айқара ашып ұмтылған 17 жастағы сту­дент баланың алғаш рет ергежейлі ұстазсымақтан ауыр сөз естіген нәби көңілін елестетіп көріңізші? Қаншама бейкүнә бала маскүнем әкенің қатыгез сөздерін естуі себепті өмір бойы кембағалдық сезімінен арыла алмай, өзін өзгелерден қор санап, шаршы топқа жайраңдап кіре алмай, рухани мүгедекке айналатынын бағамдап көрелікші? Бір ғана адамның қателігінен өзге бауы­ры бүкіл саналы ғұмырында кемтарлық азабын тартуы ақыл-санаға сияр ма еді? Сірә, Тәңірдің барлық хақыны кешсе де, адам хақысын кешпейтінінде үлкен мән болса керек...

 

 Інжіл

пар

Інжілдің «Жаңа өсиетінде» Иса пайғамбардың өмірі жөнінде баян етіледі. Толстой ақсақалды таң-тамаша қалдырған «Таулы өсиеттегі» мына бір даналықтарға назар салыңыз. «Қазынаңыз қайда болса, жүрегіңіз сонда», «Тәніңіздің шамшырағы – көзіңіз. Егер көзіңіз таза болса, кеудеңіз де жарық болғаны, егер көзіңіз таза болмаса, кеу­де­ңіз де көмескі тартады», «Ертеңгі күнге қам жемеңіз, өйт­кені ертеңгі күннің өзі сіздің қамы­ңызды ойлайды, адамға әрбір күннің өз қамқорлығы жет­­кілікті», «Бауырыңның кө­зін­дегі бөренені көре тұра, өзің­нің көзіңдегі бөренені неге көр­­мейсің? Өз көзіңде бөрене бола тұра, бауырыңа «Көзіңдегі бөре­нені алып берейін!» деп қалай айтпақсың?», «Тар жолға түсіңіз, өйткені кең жол әрқа­шан көпшілікке арналған…». Інжіл­дегі мысалдар мен тәмсілдер арқылы астарлы даналықтарға кезігуге болады. Иса пайғам­бар­дың кембағалдарды емдеуі, ғажайыптар көрсетуі хикмет есігінің біз ойлағаннан әлде­қайда кең екенін сездіреді. Пай­ғам­бардың соңынан он екі апостол (мұсылманша хауари) ергені жазылады. Ал басқа адамдар ше? Жалпы, неге ежелден ақымақ көп, ақылды аз? Қараңыз, Тәуратта жазылған Нұх пайғамбар өз қауымын мың жыл ізгілік жолына шақырғанда соңынан ергендер отыз адам ғана делінеді. Ал Мұса, Мұхаммед пайғамбардың түйенің жемтігіне көмілгені не Перғауынның зұлматына ұшырағаны сөзімізге айғақ. Неге өмір мәніне үңілген әлдебір философ: «Адамдар – өзінен аумайтын ақымақ ұрпақ тудырушылар» деді, неге Абай «мыңмен жалғыз алыс­тым» деп зар төкті? Меніңше, ізгілік жолы адамға жоғары жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да мехнатты һәм шәрбатты жауапкершіліктен бойын ала қашушылар шашетектен. Өйткені ерік қақпасы ашық.

 

Чехов

р

Сіз Чеховты 17 не 18 жасы­ңыз­да оқыған сәтте ондағы кейіп­кер­лердің тек осы кітапта болатынына, өмірдегі адамдардың идеалға жақын екеніне сенесіз. Сон­дықтан да Паскаль «Ақымақ адамға адамдардың бәрі бірдей болып көрінеді, ал ақылды адамға әр адамның ерекшелігі (сауат­ты­лығы не надандығы) көзге ұрғандай көрініп тұрады» дейді. Өсе келе, егер ізденіс жолыңызды одан әрі жал­ғаған болсаңыз, баяғы Чеховтың кейіп­кер­лері кітаптан шығып, күнделікті өмірде алдыңыздан кезігіп, сізге қол ұсынады. Таң қаласыз. «Апыр-ай, қарапайым ғана шындықтарды білмейтін, білуге талпынбайтын, Құдайды Канттың қорапшасымен ғана өлшейтін мұндай адамдар өмірді қалай сүреді?» деген ойға қаласыз. Аз күннен соң әлгі кейіпкерлер сізді өзі секілді болмағаныңыз үшін бейсауат сөздер айтып, ренжіте бастайды. Сіз тағы дербес ойларға еніп, адам баласы басына тақия киіп, иегіне сақал өсірсе де, тіпті жасы 87-ге келсе де ешқашан жаны (егер ілім ізденбесе) есеймейтінін, сондықтан қартайған теріден шыққан дыбыстың бәрі шындық емес екенін бағамдайсыз. Сол сәтте еліктеумен ғана өмірі таусылған, рухы үшін еш мирас қалдырмаған тәндерге жаныңыз ашып, оларға жол нұсқамақ боласыз. Ақыры бұл ниеттен өз еркіңізбен қайтып, жеке ғалам әйнегіңіздің пердесін түріп, оңаша қаласыз. Чеховты біршама жылдан соң қайта парақтайсыз. Әрбір сөзі өмірлік тәжірибемен бірге сүйегіңізге еніп, не тағы терең мұңға көмілесіз, не қыран-топан күлкіге батасыз...