Әдебиет • 11 Наурыз, 2024

Ілкідегі ізгілік

31 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Құдай жаратқан, күннен туған, нұрдан жаралған деген сияқты аңыздар көп халық­тың ілкі бастауына қатысты. Жер дүниесінде басталған тіршілігі хақындағы мұндай қиял-ғажайыптық әдебиет үлгі­лерінің алғашқы кейіпкерлерінің пайда болуынан кейін әлдеқандай табиғи апат яки қыр­ғын­нан халық құруға айналады да, бір не екі бөбек қалып, оны жануар асырап алады. Бар­лы­ғында болмаса да, көптеген халықтың ежелгі аңыз-әңгімесінде ұшырасады.

Ілкідегі ізгілік

Есте жоқ ескі замандардан сыр тартатын және біздің ұлттық әдебиет тамырының тым тереңде екенін әйгілейтін, онымен қоса әлемдік ежелгі жырлардың озық үлгілерінің бірегейіне жататын біздің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны марал оқиғасымен шиеленісе түсетіні белгілі. Академик Әлкей Марғұлан бұл шығарма желісі біздің жыл санауымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырда дүниеге келгенін дәлелдеп жазады. Жырдың сюжеті қазақтан да басқа түркі халықтарында белгілі, әртүрлі жырланады. Бізге жеткен бірнеше нұсқаның басым көпшілігінде аңда жүрген Сарыбай мен Қарабайдың алдынан буаз марал душар болатын тұстан бастап, оқиға шиеленісіп, терең жылымына тартады. Ат үстінде серттескен екі бай осы жерде қарама-қайшылыққа тап болады. Қарабай Сарыбайға маралды атып бер, ішіндегі лағын сілікпелеп жейін дейді. Сарыбай болса, «буаз маралды қалай атам, обал емес пе?», деп бетінен қағады. Қарабай болмайды, екеуінің достық сертін араға тартып, қарын құда болғанын есіне салып азғырып, ақыры маралды аттырып, етін жейді. Айтқандай буаз маралдың ішіндегі төлі егіз болып шығады. Екеуі аңнан қайтқанда маралды атқан Сарыбай аты сүрініп жолда өледі және шамамен Қарабай екеуінің жүкті әйелдері тап сол тұста босанғаны емеурін етіледі. Сөйтіп дүниеге келген Қозы мен Баян маралдың егіз төлінің обалын арқалап туғаны – мәтін астындағы мәтін ретінде құпия қалады. Ал буаз маралды атқан Сарыбай жазасын жолда алып, ажал құшады. Басында буаз аңды атуға жүрегі дауаламаған, обал-сауапты білген Сарыбайды азғырған Қарабай тәңір атқан, ант атқан күнәһар есебінде. Осылайша, құпиясы мол ежелгі дастан, бойы­на мыңжылдықтардың сырын бүккен алып шығарма оқырманды әртүрлі ойға қалдырып, барған сайын сананы ширықтыра береді.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы марал оқиғасын ойлаған сайын Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесіндегі» маралға қатысты қырғыздарда сақталған ежелгі аңыз сананы түртпектемей қоймайды. Обал мен сауап, серт пен сана, қасиет тұрғысындағы адамзат өміріндегі ең негізгі тіректерді бұзған тіршілік нұсқасын бұл аңыз да дендей түсерін көреміз. Енесайдың бойындағы ежелгі қырғыздар өздерін жаудан қорғап, ел еткен көсемдерін жерлегелі барлығы бір жерге жиналған шақ деседі. Еңбектеген бала­дан еңкейген қартқа дейін жиылған оларды аңдысқан жау күні бұрын бас бағып, бірін қалдырмай қырып салады. Сөйтіп, мал-мүлкін алып мекендеріне қайтады. Сөйтсе қырғыздар әлгіндей жерлеу рәсіміне аттанардан бұрын таңертең естері енді кірген бір ұл мен қыз ата-анасынан тығылып, тоғайға жидек теруге аттанып кетіп, оралғанда қырылған жұрттың үстінен түседі. Елін қырып кеткен жаудың көз ұшындағы шаңынан қалмай ілесе береді. Ақырында қырғыздарды жаусатып салған бөтен жұрт бұларды солардың тұяғы екенін біліп, не істеу керегін сұрап ханға апарса, жеңіс буына семіріп отырған билеуші ақсақ кемпірге тапсырып, аулаққа апарып көзін құрт дейді. Екі жетімді Енесай бойындағы терең құз-шатқалдан суға итеріп құлатқалы тұрғанда араша түскен адам емес, марал болып шықпай ма? «Ақсақ кемпір жалт қарады, өз көзіне өзі сенбейді, қарсы алдында маралдың анасы бұғы тұр екен. Көзінде бір мұң, қайғы бар сияқты. Желіні балалы әйелдің емшегіндей тырсиып, теуіп тұр. – Сен кімсің? Адамның тілімен сөйлеп тұрған қандай хайуанатсың – деді Ақсақ кемпір.

– Мен анамын, бұғы анамын – деді ол.

– Ендеше, не қолқаң бар, айта ғой, бұғы ана?­

– Мейірімді ақылгөй әйел, мына балалар­ды босат. Бар өтінішім – осыларды маған ертіп жібер.

– Бұлардың саған керегі не?

– Адамдар менің екі лағымды өлтіріп кетті. Енді мен бауырымды жылытар бала іздеп жүрмін.

– Сен мұны айтардан бұрын ойландың ба, аңқау жануарым-ау? – деді ақсақ кемпір күліп. – Ойбай-ау, бұлар да адамның баласы ғой. Ертең ержеткен соң бұлар да сенің лақтарыңды қырып күн көрсетпейді ғой».

Осылайша, лақтарын адамдар атып өлтір­ген тұмса марал ана қырғыннан қалған қырғыз елінің қос тұяғын бауырына салып, өсіреді. Қазіргі қырғыздар сол ұл мен қыздан тарағанын айтады ежелгі аңыз. Айтматовтың «Ақ кемесінде» бұл драма тереңдей түседі. Мұндағы аңыз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы сюжетпен ұқсас әрі қайшылықты. Екі аңызда да маралдың лағын адам баласы өлтіріп тұр. Қырғыздың аңызында екі аяқтылар маралдың лағын өлтірсе, бұл олардың баласын асырап алып, жеткізгені – айтып болмайтын сұмдық. Адам ба, аң қауіпті ме? Қайсысы жауыз болып тұр сонда? Дүниенің ақпаратын тырнақтай чипке сыйдырған адамзатқа бүгінде обалтану, сауаптану ілімі ғана керек сияқты... Демек, бәріміздің көкейімізде мұңға толы көзі жәудіреп, елжіреп лағын емізіп тұрған ана марал жүруге тиіс. Әйтпесе, әсіреге қызған адам баласынан өткен ұмытшақ бар ма?