Тағзым • 12 Наурыз, 2024

Қош, көркемсөздің ақ семсері!

381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қош, көркемсөздің ақ семсері!

12 наурыз...

Алматының ақ таңы қайғырып оянды.

Өмірден Жұмабай Шаштайұлы өтті... Қазақ көркемсөзі мен көсемсөздің ерен жүйрігі өтті...

Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Қызыл қар» атты алғашқы повесімен әдебиет босағасын аттар-аттамастан, биліктің қырына келіп, сынға ұшыраған жап-жас қаламгердің өзін көрмей жатып, әуелі атын естіген кез есіме түсті... Құдай-ау! Ат арқасы қиянда жатқан малшы өмірінің шындығын жазғаны үшін Орталық комитеттің әңгір таяғына іліккен жігітті бәріміз де көргіміз келді... «Қызыл қар» аз ғана уақыттың ішінде қолдан-қолға көшіп жүріп, жұлым-жырымы шыққан тоз-тоз мұқабалы кітапқа айналды. Қалың оқырманның жүрегіне жол тапты.

Әуелі сол көп оқырманның бірі ре­тінде танысып, келе-келе өмір мен өнер, заман мен қоғам, ел мен жер ха­қындағы ойларымыз бен пікірлеріміз кісінесіп табысты. Екеуміз жиі-жиі жолығып жүрдік. Маған оның әдебиет хақындағы ойлары, ұстанымы, қолына қалам ұстаған жұртта сирек болатын ұяңдықпен қатар қажетті жерде шорт кетер мінезінің бары ұнады. Қазақы ортада туып-өскен ұлдың тұғырлы қалпы. Орынсыз өрекпімейтін, өрекпісі келгендерді орнына қоя білетін нағыз азамат-суреткер Жұмабайдың өмір жолына, көз жүгірткен адамның «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» секілді кесек мінезді көркем туындылардың жаратылысы мен табиғатын тани түсері анық.

Жұмабай туралы таңғы сағат 6.30-да жеткен Жанарбек інімнің жеке парақшасына қайта-қайта үңілдім. Үңі­ліп отырып, әртүрлі республикалық басылымдарда басшы болған, ұлттың ақпарат кеңістігінің дамуына үлкен үлес қосқан жылдары жадымда жаңғырды. Әсіресе, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болған көп жылдық кезең жү­рек төрін айрықша қозғап өтті. Көңіл төріне лоқсып келіп, баданадай тамшылар тірелгендей болды.

Қайран Жұмабай!

Апыр-ай!..

Арыңа кір жұқтырмай, арманыңды аялап, жазарыңды арқалап жүріп, сен де өттің бе? Асығыс аттанғаныңды ойлап, қиналдым. Бұйрықтың ісі болар. Тектілік пен беттілікті серік ет­кен сенің қайталанбас қалпың енді өз ортамызда жетпей тұрады. Ұнат­қан адамыңа – ұлпадай жұмсақ, ұнат­пағаныңа – ақ семсердей өткір міне­зіңді іздейтіндер көп болады әлі. Мына жұмағы жүрек­терде үнсіз тынып күрсінген, тамұғы ала­шұбарланып, қо­ғамның бетіне шыққан дауасы кем заманда сен секілді аузын ашса, жүрегі көрінер жаны таза, ойы жомарт, қазақы болмысы менмұндалап тұ­ратын көркем сөздің өрге салса, төске озар, таңда салса, кешке озар бір жүй­рік тұл­парының енді аламандардың алдынан көрінбейтіні жаныма батты. Қабырғам қайысып, ішім құлазыды.

Бақұл бол, бауырым!

Елінің туын биік ұстап, жарық дүниеден өткен алаш ойлы асылдардың артынан сен де кетіп барасың, Жұмаш!

Рухың пейіш төрінде шалқысын!

Қош, қазақ көркемсөзінің ақ семсері!

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты