Қоғам • 14 Наурыз, 2024

Қайырымы мол «Қарқын»

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Меңдіқара ауданындағы Қарқын ауылы нау­рыздың басын игі іс-шаралармен бастады. Бұл күнді көк­темгі еңбек маусымының хабаршысы, берекенің бас­тауы деп білетін «Қарқын» агрофирмасы ауыл тұрғындары бас қосқан Көрісу күнін кең ауқымда атап өтті.

Қайырымы мол «Қарқын»

Мереке аясында кезінде шаруашы­лықтың іргесін қаласқан ауылдың қадірлі ақсақалдарына сый-құрмет көрсетіліп, төрден орын берілді. Серіктестік басшы­сы Еркін Бұқанов елге, еңбек ардагер­леріне ізгі лебізін арнап, он шақты зейнеткерге Меңдіқара шипажайына тегін жолдама табыс етті.

Асыл тұқымды мал шаруашылығымен қатар, элиталы бидай тұқымын өсірумен даңқы шыққан ірі шаруашылық Наурыз мерекесі қарсаңында ауыл мекте­бінің компьютерлік сыныбы мен ба­лабақшадағы ойын бөлмесін жаңартып беріп отыр. Ауылдың әлеуметтік инфра­құрылымының дамуына жыл сайын қаржы құйып отырған «Қарқын» агрофирмасын жыл бойы қайы­рымдылықпен айналысады десек, қа­телес­пейміз. Мәселен, қазақ-орыс сыны­бы аралас ауыл мектебінде бүгінде 180-ге жуық бала оқып жатыр.

– Қазір оқушылардың мектепте ішетін ыстық тамағына дейін серіктестік қаржы бөліп отыр. Таяуда Еркін Сай­ранұлы мектеп оқушыларына 1,5 млн теңгеге IT-кабинет сыйлады. Бұл сыныпта 11 компьютер, 1 ноутбук, принтер бар. Кабинет толықтай веб-камера мен интернетпен қамтылған. Серіктестік өз қаржысына жыл сайын мектепті жөндеуден өткізіп отырады. Спорт залымыздың төбесін жөндеп, бүкіл есіктерді жаңартып берді. Қысқы мау­сымда мектеп ғимаратын жылытатын отын түсіріп береді. Бүгін, міне, Көрісу күніне орай көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан 20 шақты балаға мерекелік базарлық үлестіріп берді. Мектепте балаларды қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен ұлттық музыкасына тәрбиелейтін «Жетіген» сыныбы жұмыс істейді. Бұл да – осы «Қарқын» серіктестігінің басшысы Еркін Сайранұлының қаржылай қолдауымен қолға алынып отырған жоба, – дейді мектеп директоры Жандос Кеңесбаев.

Ауылдың балабақшасы мен мәдениет үйі де – серіктестіктің меншігінде. Іші-сырты келіскен, алыстан көз тартып, ауылдың ажарын ашып тұрған бұл екі ғимарат та бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Ауыл балабақшасында екі топ бар. Біріншісі балаларға қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде тәрбие береді. Сәбилердің барлығы тегін тамақтанады. Балабақшаға керекті төсек-орын, төсеніш, ыдыс аяқ, оқу-тәрбие, ойын құралдарының бәрін агрофирма тауып беріп отыр.

– «Қарқында» ширек ғасырға жуық еңбек еттім. Қазір зейнеткермін, Қоста­найда тұрамын. Еркін баламыз Наурыз мерекесіне орай, арнайы көлік жібертіп, жастарға бата беріңіз деген соң, арнайы келіп отырмын. Кезінде осы ауылдың бір кірпішін құлатпай аман сақтап қалған Сайран Балкенұлымен бірге жұмыс істедік. Өтпелі кезеңнің ыстық-суығына төздік. Халқымыз «Әке көрген оқ жонар» деген мәтелді бекер айтпаған, мен бүгін Еркінге өте ризамын. «Игере білмеген жерді жамандайды, басқара білмеген елді жамандайды» деген жаман атаққа қалдырмай, әкесі аманат етіп қалдырған Қарқынды көтеріп, елдің де көңілін тауып, жағдайын жасап беріп, әрі қарай дамытып жатыр. Ауылдың бүгінгі берекелі тұрмыс-тіршілігі көңіл қуантады», дейді еңбек ардагері Қыдыркеш Жолмағамбетов.

Мәдениет үйінде өткен салтанатты іс-шарадан кейін, түрлі ұлт өкілдерінің отауы тігілген ауылдың орталық көше­сінде Көрісу мерекесі басталды. Отау-отауды аралаған ауыл тұрғындары Наурыз дас­тар­қа­нынан дәм татып, құшақтасып көрісіп, төс қағыстырып, бір-біріне пейіл білдірісіп жатты.

 

Қостанай облысы,

Меңдіқара ауданы,

Қарқын ауылы