Мереке • 22 Наурыз, 2024

Наурыз - тарихтан тамыр тартқан мереке

104 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қыстан қалған қасат қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, адамзат атаулының айрықша күтетін ұлық мейрамы бар, ол – Наурыз. Көктеммен бірге өміріне де шуақ, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «Әз Наурыз» деп айрықша әспеттеген. Сондықтан болса керек, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойланады. 14 нау­рыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасады. Әр сәтіне мағына сыйдырған көшпелі халықтың көнеден жеткен төл мерекесінің тұтас ұлттың ұстынын айқындаудағы мәні де, маңызы да зор.

Наурыз - тарихтан тамыр тартқан мереке

Фото: egemen.kz

Тарихтан тамыр тартқан мереке бұл

Иә, тағдырын Табиғат-анамен та­мыр­­лас­­тырған халқымыз үшін Наурыз – жыл басы, жаңару мейрамы. Наурыз айы туғанда табиғатпен бірге адам жаны­­ның да ерекше түлеп, жасарып, жаңа­рып, жан әлемі жақсылық пен мейі­рімге шөліркеп, амал айында айнала­сына көңіл жылуын сыйлауға айрық­ша құмартатыны жаратылыстың өз заң­дылығы болар. Жыл бойы көріспеген алыстағы ағайын-туысына арнайы ат басын бұрып, амандығын біліп, көрісуі – көңілден көңіл су ішер жүректі пенденің қай-қайсысына да ортақ қымбат сезім.

Әз Наурыздың тарихы тереңде. Бес мың жылдан бері Ұлы дала тө­сінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғат­пен үндесе мерекеленіп келе жатқан Ұлыс­тың ұлы күнінің тарихы қандай бай болса, маңызы мен мазмұны да теңдессіз.

Наурызда аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Бұл күнді еліміздің батыс өңірі Амал, Көрісу мерекесі деп атаса, оңтүстік өлке «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп ерекше әспеттейді. Ал Шығыс және Орталық Қазақстан аймағын қоныстанған халық арасында айтулы мейрам Отамалы деген атауға ие. Бірақ әр аймақ түрлі атау бергенімен, Наурыздың бар қазақ үшін мұраты бір – ол бауырмалдық пен ауызбіршілік.

Наурыздың көне дәуірден бері келе жатқанына тарихта мысал көп. Зороастризмнің киелі кітабы «Авестада» көрініс тапқан мереке біздің заманымызға дейін де тойланған делінеді. Көне грек тарихшысы Страбонның жазбаларына назар аударсақ, Ахеменидтер, Сасанид­тер мемлекеттерінде атап өтіліпті. Ол адамдар от жағып, ерекше үрдістер жасайтынын да жазған. Бұл күндері сол кездегі саудагерлер мен ұсталардың демалғанын ескерсек, мерекенің халық үшін орны бөлек болғаны белгілі. Одан кейін Фирдоусидің де өлеңдерінен ертедегі Наурыз мерекесі туралы оқуға болады.

 Парсылар да жыл басы деп білген...

Наурыз – тек түркі халықтарына емес, парсыларға, тіпті гректерге де ор­тақ мереке. Грек мәдениетінде пат­рих деп атаса, Хорезмшахта наусарджи деп аталған. Көктем мерекесін 3000 жыл­дан бері Балқан түбегі, Қара теңіз ай­ма­ғы, Кавказ, Орталық Азия мен Таяу Шы­ғыс­та 300 млн-ға жуық адам тойлап келеді. «Әр елдің салты басқа» демекші, парсылардың Наурызды қалай тойлайтынын білмекке Иранның Қазақ­стандағы елшілігінің Мәдени өкіл­дігінің басшысы, Иран Елшісінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Әли Кебриайзадемен сұхбаттасқан болатынбыз. Ол Наурыздың ирандықтар үшін маңызы зор екенін, парсылар жыл басы ретінде қабылдайтынын айтты.

– Наурыздың екі халыққа да ор­тақ тұстары – жақсылыққа бастау, адам­гер­шілікке баулу екенін байқа­дым. Табиғат, маусым ауысқанда келе­тін мерекенің негізгі философиясы – өзгеру, қайта туу. Ирандықтар Жер-ана оянып, табиғат шаттық пен жарыққа бөленгендей менің де болмысымды жақсыға өзгерт, мейрімділікке, сүйіспеншілікке толтыр деп тілек айтады. Иранда да Орталық Азиядағы басқа мемлекеттердегідей наурыз 1-2 апта бойы тойланады. Біз де қазақтар сияқты дайындықты ескі-құс­қыдан тазару, үй-ауланы жинаудан бастаймыз. Мерекеге бір күн қал­ған­да өмірден өткендерді еске алып, құран бағыштап, мазарға барамыз. Ең қызығы, Иранда жаңа жылдың ауы­су уақыты арнайы белгіленеді. Бұл аст­рономиялық зерттеу жасалып, ар­найы ұйыммен қарастырылады. Мәсе­лен, 1397 жылдан 1398 жылға ауысу Тегеран уақыты бойынша, 21 наурызда сағат бірден 25 минут 27 секунд кеткен­де болады. Осы кезде отбасының мү­ше­лері түгел жиналып, дастарқанға «С» әрпінен басталатын 7 түрлі тағам қойылады. Әр тағамның өз белгісі бар. Бұл да қазақ дәстүріндегі береке, байлық, молшылық сияқты ырымдармен байланысты. Отырыста парсының ұлы ақыны Хафиздің өлеңдерін оқиды. Отбасының үлкендері кішілерге сыйлық сыйлайды. Одан кейін ағайын-туыс бір-бірінің үйіне қонаққа барады. Осылай 13 күн бойы мереке жалғасады. Одан кейін «Табиғат күні» тойланады. Бұл кезде тұрғындар табиғат аясына шығады. Қазақстанның бір ерекшелігі Наурыз оқу орындарында да, көшелерде де тойланады екен. Ал ирандықтар мерекені тек отбасы мүшелерімен қарсы алады, – деді Иран Мәдени өкілдігінің басшысы.

Әлбетте мерекенің бүгінгі тойлануы бұрынғыдан өзгерек. «Авестаға» сүйенсек, бұл күндері әзірленетін тағам­дар да, дәстүр де ерекше болған. Ежелг­і ирандықтар Митра мен Хаума құдай­ларын ұлықтап, сома сусынын дайындаған. Ұйғырлар Наурыз жа­қын­дағанда ата-баба рухына тағзым ету­ді жөн көріп, мереке қарсаңында Өлі­лер күнін тойлаған. Түркілерге ортақ «Ергенекон» дастанында темірді балқытып, көктемнің келгенін, табиғат­тың оянғанын білдіретіні туралы жазылған.

«Нау» мен «Әздің» өз мәні бар

Ғалым Ақжан Машани: «Әл-Фара­би» атты тарихи-деректі кітабында «Ай­ды тоғыс (аял) жұлдыздарының туға­ны мен батқанын «нау» деп атаса, (көп­ше айтылса «ануа»)», дейді. Алайда автор «нау» туралы астрономдар арасында да, есепшілер арасында да атам заманнан бері бітпей келе жатқан даудың бар екенін, ал көп талқысына түсетін мұндай мәселенің ақындарды да айналып өтпегенін жазады. «Науға» араб, парсы, қыпшақ, үндінің атақты ақындары да өлең арнағанын айтқан ғалым әлемнің екінші ұстазының «Маусымжан» атты өлеңін келтіреді. Онда:

Ай орақ үш жаңасы – Үркер – тоғыс.

Қыс кеткен жылдың басы, – ол Наурыз.

Толған ай қарсы шықса Үркер жаққа,

Шілде өтіп басталғаны тағы да күз.

– деген шумақ бар екенін баяндаған Ақжан Машани осы тектес жырлардың барлығының сарыны бір екенін, наурыз мейрамына байланысты екенін айтады.

Белгілі этнограф-қаламгер Сейіт Кенжеахметов «Самарқандағы Ұлық­бектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас бірер сәтке ериді екен» деген аңыз бар екенін алға тартады.

Ал Мұхтар Арын: «Меніңше, Наурыз мерекесін адам бойындағы жүректің жылылығымен байланыстырып өткізген дұрыс. «Самарқанның көк тасы еритін күн» деуімізге себеп – Самарқанда әй­гілі Ақсақ Темірдің тағы бар, бұл күні қаһар­лы ханның қаһары жібиді, егер біреу өлім жазасына кесілсе, соған өлім бұйыртпай аман алып қалатын, райынан қайтаратын күн бұл», деп «Самарқанның көк тасы» туралы айтылған сұрақтарға жауап береді.

Мұндай пікір профессор Т.Қорда­баевтың зерттеулерінде де кездеседі. Кейбір тұжырымдамаларда ғұлама Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген тасқа күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні – Наурызда күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас жіби­ді екен деп те айтылады.

Кейбір зерттеушілер әз Наурыз аталуының себебін күн мен түн теңел­генге дейін болатын «Әз» амалымен байланыстырады. Яғни «Әз» бірдің айының жиырмасында кіріп, жиырма бесінде шығады деп қарастырған. Бірдің айы болса ежелгі халық күнтізбесіндегі Қамбар тоғысы бойынша жыл басындағы бірін­ші айдың аты, яғни қыстың соңғы айы делінген дейді «Қазақтың этно­графия­­лық категориялар, ұғымдар мен атаулары­­ның дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиясында.

Ал Болат Бопайұлы болса «Нау­рыз­дың 9-16 аралығында «Әз» амалы кіреді. Осы уақытта аспаннан дауыс естіледі, оны төрт түліктің ішіндегі қой ғана ести алады. Егер адам баласы «Әз» дауыс­ты еститін болса, жеті атасына дейін бақытты әрі өмір жолы ұзақ болады. Әз амалы кірген күндері ауа райында өзгерістер болады. Мысалы, қар жауады, жел тұрып, боран соғады. Айдың 19 мен 26 аралығында әз Наурыз амалы кіреді», деп жазады.