Мереке • 22 Наурыз, 2024

Біздің төл жаңа жылымыз - Мәулен Әшімбаев

89 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ел тұрғындарын әз-Наурыз мерекесімен құттықтады, деп жазады Egemen.kz.

Біздің төл жаңа жылымыз - Мәулен Әшімбаев

Фото: Parlam.kz

Мәулен Әшімбаев биыл Қазақстанда Наурыз мейрамы жаңаша атап өтіліп жатқанына тоқталып, елімізге амандақ, тыныштық тіледі. 

«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз – ізгілік, тазалық, жанашырлық сияқты маңызды құндылықтарды дәріптейтін көктем мерекесі. Жаңару мен жаңғырудың бастауы болған бұл мейрам – біздің төл жаңа жылымыз. Сондықтан халқымыз ежелден осы күнге ерекше мән беріп, Әз-Наурызды жақсылықтың, жарасымдылықтың және жасампаздықтың жаршысы ретінде дәріптеп келеді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биыл елімізде Наурыз мейрамы жаңаша аталып өтіп жатыр. Арнайы Наурызнама онкүндігі жарияланып, көрісу, қайырымдылық, мәдениет және салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы және тазару сияқты қоғамды ұйыстырар құндылықтарға баса мән берілуде.

Мұндай қадам ұлттық бірегейлікті нығайту және мерекенің маңызы мен мазмұнын арттыру жолында айрықша мәнге ие. Алдағы уақытта бұл бастама игі дәстүрге айналып, халқымыздың тәрбие мен тағылымға табан тіреген озық ойлы ұлт болып қалыптасуына өз септігін тигізеді деп сенемін.

Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, елімізге амандық пен тыныштық, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!

Ұлыс оң болсын», деп құттықтады Сенат спикері.