Мәдениет • 22 Наурыз, 2024

Бұрынғысы мұндай, бүгінгісі қандай?

127 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Басқан жері сықырлаған Арқаның қысы Абайдың «Қыс» өлеңімен қатар, Ақселеу Сейдімбектің «Қазақ әлемі» атты таным туындысын еске салады. Қаңтар аттан ауып бара жатып «боз тоқтыда құйрық қалды, бозша қызда бұғақ қалды, қырлан, ақпан, қырлан!» деп ызалы аманат қалдырған деседі. «Мен елді титықтата алмадым, қалғанын сен тындыр» дегенін жазады жарықтық Ақселеу. Мұнша кәрленген ақпан оңай тиген жоқ биыл, «шықпа, жаным, шықпалаған» жұрт Ұлыстың ұлы күнін тағатсыздана күтіп отыр. Түнді бір жеңген Күн көтеріліп алған соң қоймайды, Наурыздан соң жаз деймін деп жаңа жылдан үміттенеді. Әлихан Бөкейханның «тірі болсақ, алдымыз – үлкен той» дегеніндей, жаңа жылдан, жарық таңнан үміттенбегенде қайтеді адам.

Бұрынғысы мұндай, бүгінгісі қандай?

Фото: liter.kz

«Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дей­ді екен». Абайдың бұл жаз­ғанын зерттеушілер Наурыз мейрамының тарихын арғы Иран, Тұран, Алып Ер Тұңға (Афрасиаб) заманына тірейтін көрінеді. Этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Наурыз мейрамы Нұқ пайғамбар заманынан келе жатқанын айтып, қазақ даласында Төле би заманында, Баянауылда Едіге би тұсында тойланғанын еске салады. Ақаң, Ақселеу Сейдімбек Ұлыс­тың ұлы күні туралы тарихи деректерге назар салып, қандай жоралғылар жасалатынына дейін тоқталады. Көшпелілер арасында дайындалатын астың неше атауы, берілетін бата-тілек, ауа райы­на байланысты айтылатын болжамдарды, тағы басқасын дәйектейді. «Грек тарихшысы Квинт Курци Руф (б.з.б ­ І ғ) өзінің «Ескендір жоры­ғы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілерінің ұлыс то­йын қалай тойлайтынын тамса­на жазады. Ұлыстың ұлы күні таң шапақ шашып, күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын бол­ған. Балалардың саны 1 жыл ішіндегі тәулік санына тең. Бү­тін бір жыл ішіндегі тәу­лік­тердің айғағындай болып 365 өнерпаз тойдың шырайын келтірген. Бір жыл ішіндегі әрбір тәуліктің шежіре-баяны сияқ­ты 365 күй тартылған...» болып әрі қарай жалғаса береді екен грек жазбаларында. Мемле­кет басшысының биыл Наурыз­ға ерекше мән бергені тегін емес. Ертеде мұндай кереметтер орын алып жатқанда, бүгін тосылуға бола ма? Қазір ғой, өркениеттің бәрі тек бертінде шыққандай біз мың адам «Қара жорға» биін би­леді, бес жүз адам бір мезгілде дом­быра тартты дейміз. Мұның бәрі есте жоқ ескі күндерден бас­­тау алып, бүгінге жалғас­қа­­нын ұмытпағанымыз жөн-ақ. Әрі­­дегі көшпелі жұрттың жер жүзіне ықпалы қандай бол­са, мәдениеті одан төмен бол­маған.

Қазақ даласы 1925 жылға дейін Наурыз мейрамына қат­ты мән бергенін келтіріп, дәл осы жылы бұрынғы «Еңбек­ші Қазақ», бүгінгі «Egemen Qazaqstan» газетінің бірінші бетіндегі Наурыз мерекесімен құттықтаудан үзінді ұсынады:

«Қыс өтіп, қар кетіп,

Шырайлы жаз жетіп,

Шаруаның кенелген,

Мейрамы ежелден,

Құтты болсын бұл Наурыз!» делінген онда. Содан беріде қазақ жұрты жыл басын 62 жыл атап өтпей, ақырында 1988 жылы бір-ақ тойлағаны белгілі.

Ақаң сол екі ортада ұмы­тылуға айналған біраз жөн-жоралғыны қаперлейді. «Қазақ әлемі» кітабына ден қойсаңыз, талай жайттан хабардар боласыз. «Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн – Қызыр түні (Қыдыр түні) аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр қасы-көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны бақ жетелеп жүреді екен», дейді.

«Қызыр дарымай бақ қон­байды» деп сенген қазақ жас­тары бұл түні түрлі ойын-сауық ұйымдастырған. Оның бірі – Жандықуыршақ. Ол үшін ауыл жастары асау тайынша таңдап, үстіне ескілеу ашамай салып, оған құрымнан қарақ­шы-қуыршақ мінгізіп, құйрығына бос шелек байлап: «Ұлыс таңы атып қалды, бар, елге хабар бер», деп ауыл ішіне қоя береді. Арғы жағы белгілі, бұл түні ауыл ұйықтамайды деген сөз. Бұл – ескі салт, ғылыми-техникалық заманда өмір сүруші біз қандай ойын-сауық, қызықты дүние ұсына аламыз? Оны да ойласып қойған артық емес.