Әдебиет • 28 Наурыз, 2024

Ілкі сюжет үлгісі

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көркем әдебиеттің күрмеуі күрделеніп, сюжеттік коллизияның кернеуі күннен-күнге күшейіп келеді. Шытырман оқиға оқырманды ой орманында әбден адастырып әуреге салады. Онысы оқырманды тіптен шаттандыра түседі. Себебі оған алда не болатыны қызық. Осындай мың құбылған, бір-біріне ұқсамайтын сюжеттерді ойлап табуға адам санасы қалай қол жеткізді? Асылында адам баласы бір ата, бір шешеден тарағанындай барлық сюжеттік композиция да бір оқиғадан өрбуі мүмкін ғой?

Ілкі сюжет үлгісі

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Расында солай. Күллі оқиға желісі бір қайнардан бастау алады. Олар адам санасының ақпараттық қорында жиналған ілкі тәжірибеден тамыр алып, заман ағысына қарай жаңаша сипатта түрленіп отырады. Тек әуелгі тіні жоғалмайды. Мәселенің мәніне тереңдеп ену үшін, алдымен архетип ұғымымен танысуымыз керек.

Архетипті термин ретінде ғылыми айналымға алғаш енгізген Карл Густав Юнг болып саналады. Алайда әдебиеттанушы Алмаз Мырзахметтің айтуынша, аталған ұғым швед ғалымы ашқан жаңалыққа дейін болған. «Бұл термин алғаш Филона Иудеяда «адамдағы Құдай бейнесі», Иринияда «Әлем Жаратушысы нәрселерді өз ішінен жасаған жоқ, алайда ол оларды өзінен тыс архетиптерге ұқсатып жаратты, «Corpus Hermeticum» (Құдайды «архетиптік жарық» деп атаған) делінсе, Аврелий Августинде «платондық» идеялардың синонимі ретінде де таныс болған. «Архетип» термині Дио­нисия Ареопагитада бірнеше рет кездеседі. Леви-Брюл әлемтанудағы сим­воликалық фигураларды белгілеу үшін «ұжымдық ұғым» терминін қолданған екен» деп тұжырымдайды. Сайып келгенде архетип дегеніміз – адам санасының ілкі қабаты. Ал әдебиеттегі архетип – көркем мәтінге түсірілген мифологиялық мотивтердің проекциясы.

Америкалық мифолог Джозеф Кэмпбелл – барлық ертегі, аңыз, әпсаналардың түп төркіні бір екендігін алға тартып, олардың өзара ұқсастығын жүйелеген бірегей ғалым. Зерттеу нәтижесінде ол барлық оқиға кейіп­керлерінің нәсілі, сырт-киімі, географиясы тіпті, уақыт, кеңістігі бір-бірінен алшақ болса да, олардың архетиптік сюжеті бір екенін дәлелдейді. Осылайша, Джозеф Кемпбеллдің идеясын дамытып, өзіндік тео­риясын ұсын­ған Кристофер Воглер сюжеттегі оқи­ға­ның әмбебап құрылым бөлшек­терін келесі­дегідей тарқатқан:

  1. Қалыпты кеңістік;
  2. Саяхатқа (жолға) шақырту келуі;
  3. Шақыруды қабылдамау;
  4. «Тәлімгерді» кездестіру;
  5. Бірінші табалдырық;
  6. Сынақтан өту, одақтастар мен дұш­пандар;
  7. Құпия үңгірге жақындау;
  8. Басты сынақ;
  9. Сыйлық;
  10. Кейін қайту;
  11. Қайта туу;
  12. Сиқырлы құралмен кері оралу.

Енді өзіңіз білетін сюжетті әңгіме, пове­сіңізді осы құрылымға салып көріңізші. Осы тақырыпта үлкен зерттеу жұмысын жүргізген әдебиеттанушы Алмаз Мырзахметтің пікі­ріне сүйенсек, осы он екі әрекетті жи­нақтайтын бір-ақ архетипті көруге болады. Ол – қаһарманның А пунктінен Б пунктіне барып қайтуы. Діни-мифологиялық таныммен зерделейтін болсақ, адам баласы тәңірдің дәргейінде дүниеге келді. Кейін одан алыстап, фәнилік әлемде тіршілігін жалғастырды. Ақырында алғашқы мекенге, Абайша айтсақ «ләмәканға» қайтуы керек.

«Өмiрдiң басы – бала, ортасы – адам,

Қартайып, шал болған соң кеттi шамаң.

Мақтап жүрген өмiрiң осы болса,

Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тәмам» дейтін Шә­кәрімнің өлеңі де жоғарыдағы ойымызды қуаттап тұр.