Төтенше жағдай • 31 Наурыз, 2024

Тұрғындар қайықпен қатынап жүр

533 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау облысында 51 елді мекенге көктемгі тасқын судың қаупі төнетіні жөнінде болжам жасалған. Алайда қазір 15 елді мекендегі қауіп сейілген. Ал 24 елді мекен су тасқынына қарсы дайындықтың инженерлік жоспарына енгізіліп отыр.

Тұрғындар қайықпен қатынап жүр

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, биыл Жайық өзеніндегі су деңгейі норма­дағыдан 270 см-ге жоғары болуы мүмкін. Ал Қызылқоға, Жылыой аудандары аумағымен өтетін Ойыл және Жем өзендерінің бассейніне келетін судың мөлшері жылдағыдан көп болатыны туралы мәлімет бар.

«Өйткені аталған өзендердің бас­тауы жатқан Ақтөбе облысында жауын-шашын мөлшері көп түсті. Сол себептен 12 елді мекендегі қор­ғаныс бөгеттеріне 2021-2025 жыл­дары аралығында күрделі жөндеу жүргізу жұмысы жоспарланды», дейді Н.Жаңабаев.

Оның мәліметіне сүйенсек, өңір­де 31 гидротехникалық нысан есепте тұр. Мұның ішінде респуб­ликалық меншіктегі 1 су торабы мен 12 магис­тралды канал бар. Ал коммуналдық меншіктің иелігіне 10 бөгет пен 8 магистралды канал алынған.

«Биыл көктемгі су тасқынына тосқауыл қою үшін жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 1,4 млрд теңгесі төтенше резерв қорын құраса, 1 млрд теңге шұғыл шығыстарға жұмсалады. Су тасқынының зардаптарын жоюға 17 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материал, 25 мыңнан аса қап, 69 шатыр, 5 мың кереует пен төсектік орын жабдығы, 190-нан аса қабылдау бекеті дайындалды. Су тасқынымен күреске 1 153 адам, 303 техника, 16 жүзу құралы мен 107 мотопомпа дайын тұр», деді Н.Жаңабаев.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау об­лыс­тық филиалының директоры Бек­бол Мұқашовтың айтуынша, өңір аумағымен төрт бағытта республикалық маңызы бар жол өтеді. Мәселен, «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» тасжолындағы Сағыз өзені үстінен салынған көпірдің жай-күйіне тексерілді. Мұндай тексеру «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Ақтау» бағытында жолда Құрсай өзеніндегі көпірге де жүргізілді.

«Қызылқоға, Жылыой аудандары арқылы ағатын Жем өзенінің тереңдігі 2 метрге жеткен. Қазір су өзеннің арнасымен ағып жатыр. Осы кезге дейін «Атырау-Орал» тасжолы бойындағы 25 су өткізгіш құбыр тазартылды. Ал «Қажсервис» ЖШС-ның Атырау облыстық филиа­лы су тасқынына қарсы 250 текше метр қиыршық тас, 500 тонна құм, 3 мотопомпа, 3 қайық және 1 мың қап құм дайындады. Бұл материал­дар жол пайдалану бекеттерінде сақтаулы тұр», деп мәлімдеді Бекбол Мұқашов.

Мұғалжар тауынан басталатын Ойыл өзенінен жыл сайын қауіп төндіріп отыр. Бірнеше жыл ернеуі кеуіп, соңы құрғақшылыққа ұласты. Ал былтырдан бері өзен арнасынан асқан тасқын су бір ауылдың түн ұйқысын төрт бөлді. Бұл – Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылы. Аудан әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, тасқын суға байланысты 18 наурыздан бері кезекшілік ұйымдастырылып отыр. Ал 23 наурыз күні еріген қардың салдарынан ауыл іргесіндегі Қарасу жырасында су деңгейі күрт көтерілген. Сондықтан сол маңда салынып жатқан көпір құрылысы уақытша тоқтатылды.

Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, тасқын судың салдары­нан Миялы ауы­лынан 500 метр қашықтықтан өтетін «Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер» бағытын­дағы жолдың айналма тұсы жырылған. Сол себептен бірнеше округтің аудан орталығымен байланыстаратын автокөлік қатынасы толықтай тоқтаған.

«Қазір Ойыл өзенінің аудан аумағындағы жағалауына жақын орналасқан округ тұрғындары үшін 2 қайықпен тасымал ұйымдастыру қолға алынды. Ойыл өзенінің арнасынан асқан су «Ералы» су торабына құйылып жатыр. Судың қазіргі деңгейі – 3,2 метр», деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің ұсынған ақпаратына қарағанда, аудан аумағындағы бөгеттің ұзындығы – 45,7 шақырым. Былтырғы көктемнен бері 3 бөгет, 1 өткел қалпына келтіріліпті. Сондай-ақ Қарабау, Тайсойған, Ойыл, Көз­діғара және Сағыз ауылдық округ­терінде 16 шақырым бөгет жаңадан соғылған.

Атырау облыстық төтенше жағдай­лар департаменті 4 судан құтқару жасағы мен 25 құтқару­шыны Қызылқоға ауданына көмекке жіберді. Сондай-ақ жол талғамайтын Трэкол, Урал, УАЗ көлігі мен 3 моторлы қайық жеткізілді.

 

Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылына Ойыл өзенінен тасқын судың кіру қаупі туындады. Осыған байланысты ауданда төтенше жағдай жарияланып, аталған ауыл тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге шешім қабылданды.


Қызылқоға ауданы әкімдігінің мәліметінше, тұрғындарды қабылдауға Миялы ауылындағы Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназия, Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп пен «Нұр-Шуақ» балабақшасы дайын тұр. Тұрғындар аудан әкімдігі, «Арман» мәдениет үйі мен «Жаңа арна» мекемесінің ғимаратына жиналып жатыр. Бірінші кезекте әйелдер, балалар, науқас адамдар, I, II, III-топтағы мүгедектер көшіріледі» деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

 

Атырау облысы