Фото: inbusiness.kz
Наурыздың соңғы күні аудан орталығынан 90 шақырым жердегі Нұраға жойқын су жақындады, тұрғындар эвакуацияға дайындалсын деген хабар жұртты әбігерге түсті. Тасқын су әне-міне келіп қалады деп отырғанда, айы-күні жетіп отырған Қаламқас егіз сәбиін дүниеге әкелді. Бұл уақытта Ырғыз бен Нұра арасындағы тасжолды су шайып, қатынас үзілгендіктен, аудандағы акушер-гинеколог дәрігерлердің осы ауылға жетуі мүмкін болмады. Нұра дәрігерлік амбулаториясының үш қызметкері толғатқан әйелді аман-есен босандырып алды. Іле-шала Ырғыз, Торғай өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуін әуеден бақылап жүрген Т.Бигелдинов атындағы әскери әуе күштері институтының тікұшағы Нұрадан жас босанған ананы сәбилерімен аудандық ауруханаға жеткізді. Ырғыз аудандық ауруханасының акушер-гинекологі Кәмшат Сәрсенғалиеваның айтуынша, егіздер мен анасының жағдайы жақсы. Нәрестелердің екеуі де қыз бала, біреуінің салмағы – 2 800 г, екіншісінің салмағы – 3 050 г. Олар аудандық ауруханада тасқын судың беті қайтқанша ем алады. Қаламқас санаулы уақыт ішінде қауіпсіз жерге жеткізген ұшқыштар мен ТЖД қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Тасқында туған сәбилердің есімдері – Айсәуле және Жансәуле. Көпбалалы ананы үйінде төрт перзенті күтіп отыр. Ырғыз аудандық ауруханасында ем алып жатқан Қаламқас пен егіз сәбиінің жағдайын Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің мамандары бақылап отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне қарағанда, су тасқыны күндері елімізде 24 әйел босанған. Қазір олардың жағдайы тұрақты, су тасқынынан ең қатты зардап шеккен аймақтарда ауруханаға жатқызылған балалар жоқ.
Ақтөбе облысы