Тағзым • 04 Сәуір, 2024

Орталық азияда орны бар

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың талай қабырғалы азаматы туып-өскен Сырдың бо­йында осы күнге дейін нағыз бағасын алып болмаған қайрат­кер­­лер аз емес. Солардың алғашқысы ретінде Лапиндер әулетін айт­қан болар едік. Қызылорда қаласына жақын Қоғалыкөл өңірін мекен еткен Лапы баласы Мұңайтпастан тараған 19 ұл-қыздың дені қазаққа қалтқысыз қызмет етті. Ұлт өнері мен мәдениетінде өшпейтін із қалдырды. Кеңтүп болысын бас­қа­рып, балаларын шетелде оқытқан, осы өңірде 1903 жылы еу­р­­о­­палық мектеп ашқан Мұңайтпас ішкенге мәз, жеген­ге тоқ бай­­л­ардың қатарынан емес еді. Өресі көз алдындағы ма­лы­ның өрі­­сінен ұзай қоймаған кей қатарлары оның сыртынан «Мұ­ңай­т­­­пастың иті де орысша үреді», деп күңкілдесетін кө­рі­­неді.

Орталық азияда орны бар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кеңес өкіметі орнай сала, қазақ қоғамына ықпалы зор қайраткер мен оның 3 ұлын оққа байлайды. Біздің сел­соқ­­тығымыздан ХІХ ға­сыр­дың аяғы мен ХХ ғасыр басында осы атырапта білімі мен білігі жағынан алдына кісі баласын түсірмеген Лапы баласы Мұңайтпас та, көзі жұ­мыл­ған­ша ұлтына қызмет етіп өткен ұр­пақ­тары да саяси-қуғын сүргін құр­бан­дары қатарына әлі қосылған жоқ. Олардың әзіз есімін ақтау былай тұрсын, атажұртында Мұ­ңайт­пас пен балалары жатқан қорым да көпке дейін қараусыз қа­лып келді. Осыдан 2 жыл бұрын әу­лет тарихын зерттеп жүрген жер­гілікті өлкетанушы Жұмабай Бай­зақұлының бастауымен айналасын шеңгел басқан қорымға жете алмай қайтқанымыз бар. Сол сапардан жазылған «Құмда қалған қайраткер» атты мақала осы «Егемен Қазақстан» газетінде жария­ланғаннан кейін ғана Сырда­рия ауданы әкімдігі тарапынан қоз­ға­лыс болып, ағайындары басына белгі орнатты.

Мұңайтпастың бір баласы Сер­әлі Гөр-Әмір, Регистан, Шаһи-Зин­да кешендеріндегі, Көкілташ мед­ресесіндегі басқа да көне архи­тек­туралық ескерткіштердегі арабтың көне емлелерімен өрнектелген көр­кем жазуларды орысшаға аударып, ғылыми айналымға қосты. Олар­дың тұрғызылған уақытын, сал­дыр­ған сәулетшілер дерегін алғаш анық­тады. Оның «Шаһнама», «Туһрат әл-Хани» дастандарының парсы тіліндегі қолжазбаларын тауып, ғылыми айналымға қосқанын да ұмыт­пағанымыз жөн.

1868 жылы Перовск уезіндегі Кеңтүп болысының 4-аулында туған Серәлі Лапин Ташкенттегі мұғалім­дер семинариясын, Санкт-Петербор университетінің заң фа­куль­­тетін бітіріп, Самарқан әскери губернаторының аудармашысы болып қызмет атқарады. Елу бір жасында Самарқанда сағаты соққан қайраткердің әулие­лер мекені Шаһи-Зиндаға жер­ленуі де – өз ортасына ықпалды бол­ған­ды­ғы­ның­ айғағы.

Облыстағы музей қызмет­кер­лері есімі елеусіз қалған қайрат­кер­дің еңбегін насихаттап, елге таныту бағытында біраз жұмыс атқарып келеді. Соның арқасында Серәлі Лапиннің 1894 жылы жарық көрген «Перевод надписей на исторических памятниках г.Самарканда», 1915 жылы Са­марқан қаласында басылып шыққан «Русско-узбекский словарь» еңбегінің 4 басылымының элек­тронды көшірмесі зерттеліп, облыс­тық музей қорына өткізілді. Алғашқы еңбекте 56 фотоға түсін­ді­р­ме берілсе, қалта сөздігінде күн­делікті тұрмыстық әңгімеде қолданылатын 4000 сөз бен өзбек тілінің қысқаша грамматикасы қоса қамтылған.

Ақмешіт музейінің ұйым­дас­тыруымен өткен іс-шарада еңбекті қазақ­шаға аударған өлкетанушы Жұма­бай Байзақұлы Сыр өңірі­нен шыққан Лапиндер мен Қожы­қов­тар әулетінің тек еліміздің ғана емес, Орталық Азия халықтарының тари­хында алатын орнына тоқ­тал­ды. Облыстық тарихи-өлке­тану му­зейінің ғылыми қызметкері Асхат Сай­лау бұл құнды жәді­гер­лер елі­мізге белгілі ғалым, тарих ғы­лым­­дарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын арқылы алын­­ға­нын айтады.

Іс-шараға қатысқан облыстық мәс­­­­­лихаттың депутаты Аида Әби­бул­­лаева ғұмырын ұлтына арнаған қай­­рат­керлердің есімін ақтап, олар­­­­­­дың рухына лайықты құрмет көр­­­се­ту турасында ойын жеткізді.

 

Қызылорда