Фото: aikyn.kz
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, 1994 жылғы су тасқынынан кейінгі 30 жылда өзендерде су азайған. Сол себептен болар, су арналарының түбін тереңдету жұмысы ұзақ уақыт бойы жүргізілмей келген.
«Бірақ бөгеттер нығайтылмаған, жағалаудың кейбір тұсында мүлдем алынып тасталған. Судан қорғау аймағынан ауыл шаруашылығының қажеттілігі үшін жер телімдері берілген. Өзен арналары тазартылмады. Енді бұл жұмыстың барлығын өңірге тасқын су келгенге дейін атқаруымыз керек», деді С.Шәпкенов.
Бөгет демекші, Құлсары қаласын Жем өзенінің арнасынан тасқан су басқан еді. Оның себебі кейін анықталатын болар. Дегенмен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың айтуына қарағанда, Жем өзенінің сағасын ашу үшін жасанды бөгеттерді бұзу қолға алынған.
«Біріншіден, бұл – Жылыой ауданының елді мекендеріне төнген қауіпті сейілтудің қадамы. Екіншіден, өзен арнасын бұру үшін жасалып отыр. Өйткені бұрын бұл маңда көптеген шаруа қожалығы суды жинап алу үшін ағыс көзін бітеп тастаған. Жасанды бөгеттер тұрғызған. Бұл Жем өзенінің өз арнасымен ағуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Сол себептен бітелген сағаларды ашу үшін жасанды бөгеттерді бұзуды бастады», дейді Қ.Нұртаев.
Облыс әкімі С.Шәпкеновтің пікірінше, табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімін жариялаудың бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, су тасқынына тиімді дайындықты ұйымдастыру көзделген. Екіншіден, техникалар мен жабдықтар тарту, үшіншіден ғылыми зерттеулер жүргізу, өңірдегі өзен жағалауларын нығайту мақсатында жарияланған.
«Өйткені Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласы тасқын су басу қаупі бар аймаққа жатады. Бірақ қазір алдымен нақты мына ауылды су басады деп айта алмаймыз. Су мүлдем күтпеген тұстан келуі мүмкін. 1994 жылғы деректерге сүйенсек, тасқын су Атырау қаласына Бесікті және Дамбы ауылдарының тұсынан кіруі мүмкін», деп мәлімдеді Серік Шәпкенов.
Әкімнің мәліметінше, қазір Жайық өзенінде геодезиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Мамандар қауіпті учаскелерді анықтайды. Сол учаскелерді бойлай жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу, бөгеттер салып, дамбыларды бекіту қажет болады.
«Тасқын судың қаупін дұрыс бағалау керек. Судың жолын бөгеуден ешқандай пайда жоқ. Тасқын суды Каспий теңізіне құятындай бұру қажет», деген ұстанымын білдірді облыс әкімі.
Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласынан 30 мыңға жуық тұрғын қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Бұл моноқала тұрғындарының жартысына жуығын құрайды. Қазір мұнда ер-азаматтар ғана қалған. Күні-түні тыным таппай, тіпті көз ілмей жүрген олардың мақсаты – кіндік қаны тамған, отбасының шуақты шырағы жағылған тұрғын үйін тасқын судан сақтап қалу.
Моноқала деген атауы болғанымен, Құлсары бірнеше шағын ауданға, тіпті ауылға бөлінген. Әр ауылдың жігіттері қиын сәтте жұдырықтай жұмылып, жаңадан бөгет соғып, бұрынғысын нығайтып жатыр. Жігіттердің ауызбірлігі – көпке үлгі боларлық өнеге.
Қазір Құлсары қаласында 5 мыңға жуық ерікті бөгет нығайтуға атсалысып жүр. Соның бірі Бейбарыс Бекешов 7-ауылда тұрады. Бес күннен бері үйіне бармай, достарымен бірге бес шақырым аумаққа жеті қабаты бар бөгет тұрғызған.
«Біз үшін Құлсарыдан ыстық, Құлсарыдан қымбат мекен жоқ. Қызыққа толы балалық шағым өткен Құлсарыны қалай қорғамаймын? Отанға деген сүйіспеншілік туған жеріңді қорғаудан басталады», дейді Б.Бекешов.
Бұл қалаға Атырау гарнизонының 41433, 41321, 21642 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де келді. 41433 әскери бөлімінің рота командирі, капитан Рамазан Одинаевтың айтуынша, жеке құрам тасқын су басқан «Доссор-Құлсары» бағытындағы жолды айналып өткен. Бұл үшін 200 шақырымды жаяу жүруге мәжбүр болған.
«Құлсары қаласын тасқын судан қорғау мақсатындағы жағалауды нығайту жұмыстарына кіріскен әскери қызметшілер таңнан бастап мыңнан аса қапқа топырақ толтырып, бөгетке төседі. Қазір бұл жұмысқа Жылыой ауданында 200-ден аса әскери қызметші жұмылдырылды», дейді рота командирі Р.Одинаев.
Тасқын суға қарсы бөгетті нығайту Индер, Махамбет аудандарында да қолға алынды. Бұл жұмыстан еңкейген кәріден мектептегі балаға дейін қол ұшын созып жүр. Солардың қатарында Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылында тұратын Орынша Қожиева да бар. Көпті көрген әженің жасы – 92-де. Он баласынан 16 немере мен 10 шөбере сүйіп отыр. «Первомайский» ЖШС-да, кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін мектепте жұмыс істеген.
Жайық өзенімен тасқын су келеді дегенді естіп, үйінде отыра алмапты. Белін шарт түйіп, жағалаудағы бөгетті нығайтып жатқан ауылдастарына көмекке ұмтылды.
«Біраз жасқа келдім. Сондықтан менің қолымнан құм толтырылатын қапты жедел дайындап отыру ғана келеді. Табиғаттың тосын мінезін болжау мүмкін емес. Осы жасыма дейін мұндайдың талайын көрдік. Су тасқыны секілді табиғи апатқа алдын ала дайындалу керек», дейді Орынша әже.
Жасы ұлғайса да ауылдастарынан қалмай, тасқынға қарсы күреске кіріскен әженің бұл ісі туралы әлеуметтік желіде видео тарады. Сол видеодан көрген болуы керек, Президент алғысын жолдапты.
«Бейбарыс ауылындағы мектеп ұжымына жағалауды нығайту жұмысына үлес қостыңыз. Президент сіздің жанқиярлық еңбегіңіз үшін алғыс айтуды тапсырды. Сіз су тасқынына дайындық жұмысына үлесіңізді қосып, жастарға үлгі көрсеттіңіз», деді С.Шәпкенов.
Атырау облысына әр өңірден көмекке жедел жеткен құтқарушылар, еріктілер көп. Мәселен, Алматы облысынан 115 адам, Ақтөбе өңірінен 20 әскери келді. Ал Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Ғабит Омаровтың айтуынша, көрші өңірден 72 құтқарушы келген.
«Біздің департаменттің 27 қызметкері Береке ауылында бір күнде 3 мың қапқа құм толтырып, 2,5 шақырым бөгет соқтық. Бес қайық, жеті арнайы техникамыз бар. Өзге қызметкерлер су басқан елді мекендердің тұрғындарын қайықпен тасымалдау жұмысына жұмылдырылды», деді азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Омаров.
Береке ауылының тұрғыны Азат Баяновтың дерегіне сүйенсек, мұнда ұзындығы 3 шақырым, биіктігі 3 метр бөгет соғылып жатыр. Ауылға жергілікті компаниялар мен маңғыстаулық күш құрылымдары жұмылып, тұрғындармен бірлесе жұмыс атқарып жүр.
«Біз ауылымызды тасқын судан қорғап қалуға барымызды саламыз. Бастапқыда бөгеттің биіктігі аласа болды. Тұрғындардың атсалысуымен әкімдік, жергілікті мекемелер мен маңғыстаулық күш құрылымдарының жұмылуымен бөгетті биіктеттік. Жанар-жағармай, қажетті құрал-жабдықтар пен техника жеткілікті. Жайық өзеніне келген судың деңгейі қалыпқа түскенше, ауылды қорғауды жалғастыра береміз», деді А.Баянов.
Атырау облысы