Саясат • 10 Сәуір, 2024

Баянды байланыстың жаңа кезеңі

74 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-министр Олжас Бектенов қысқамерзімді жұмыс сапарымен Қырғыз Респуб­ликасына барды.

Баянды байланыстың жаңа кезеңі

Бішкекте Үкімет басшысын Қыр­ғызстан Президенті Садыр Жапаров қабылдады. Олжас Бек­тенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Қазақ­стан Үкіметі екіжақты сауда-эко­но­микалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігер­ді жұмсауға дайын екенін білдірді.

Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен үкіметтік деңгейдегі келіссөз барысында Президент Садыр Жапаровтың Қазақстанға алдағы ресми сапарына дайындық мәселесі қаралды.

Тараптар өзара тауар айналымын 2 млрд долларға дейін ұлғай­ту жөніндегі бірлескен шараларды талқылады. Оның ішін­де екі елдің сауда-эконо­ми­ка­лық ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған нақты жобаларға назар аударылды.

Қазақстан 260 млн доллар сомасына 195 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайтуға дайын. Азық-түлік, өнеркәсіп, мұнай-химия, құрылыс, фармацевтика және басқа да салалардың әлеуеті зор. Сондай-ақ бұған шекара маңында Индустриялық сауда-логистикалық кешен құру туралы жоспарлар да ықпал етеді. Аталған жобаның іске қосылуы мультипликативті әсерге ие болып, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға қосымша серпін береді.

Ауыл шаруашылығындағы ынты­мақтастықтың әлеуетін толық­қанды ашу үшін екі елдің үкіметтері өнімдердің өзара тасымалын ұлғайту және бірлескен жобаларды іске қосу жөнінде шаралар қабылдайтын болады, сондай-ақ екі елдің ғылыми-зерттеу институттары мен аграрлық жоғары оқу орындары арасындағы белсенді өзара іс-қимыл жалғасады.

Олжас Бектенов 2024 жылғы веге­тациялық кезеңде мемлекет­ара­­лық пайдаланудағы су шаруа­шы­лығы объектілерінің жұмыс ре­жім­дерін бекітудің маңызын атап өтті.

Сонымен қатар тараптар қазақ-қырғыз шекарасының өткізу қабі­летін және жүк тасымалдаушы­лар үшін транзитті тартымды ету бағытында атқарылып жатқан жұмыс қарқынын атап өтті. Қазақ­станның транзиттік көлік әлеуе­тін дамытудың 2030 жылға дейін­гі тұжырымдамасына сәйкес «Қарасу», «Бесағаш», «Аухатты», «Сартөбе» «Айша бибі», «Сыпатай батыр», «Кеген» өткізу бекеттерін салу және реконструкциялау көзделіп отыр. Кездесу барысында тараптар білім, мәдениет және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін де талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша екі елдің мемлекет басшылары қойған міндеттердің барлығын толық көлемде іске асыруға және қазақ-қырғыз ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге дайындық мәселесі нақтыланды.