Суретті түсірген – Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ
Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахияновтың айтуынша, наурызда Ауыл шаруашылығы және Ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірлескен бұйрығы шығарылған. Соған сәйкес үйлестіру штабының құрамы мен Жайық-Каспий су бассейнінде кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді.
«Мұндай бірлескен жұмыс бекіре және басқа балық түрлерін сақтауда оң нәтиже береді. Іс-шараны жүзеге асыру азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды факторы ретінде балық шаруашылығын одан әрі дамытуға, табыс көзі ретінде әлеуметтік мәселелерді шешуге, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Акцияға батыстағы үш облыстан 1 177 қызметкер жұмылдырылып отыр. Мәселен, 374 қызметкер Атырауда, 254 қызметкер Батыс Қазақстан өңірінде, ал 549 маман мен әскери қызметші Маңғыстау облысының аумағында акцияның сәтті өтуіне атсалысады», деді А.Бахиянов.
Оның айтуына қарағанда, акция аясында браконьерлік фактілер жиі байқалуы ықтимал аумақтарда жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылады. Осыған байланысты негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында, Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырланады.
«Өткен жылы үш өңірдегі «Бекіре-2023» балық қорғау акциясы кезінде 972 құқық бұзушылық анықталды. Құқық бұзған 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 15,7 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 68,3 тонна балық алынды. Оның ішінде 1 тонна бекіре тұқымдас балық түрлері, 29,5 кг бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы бар. Табиғат қорғау заңдылығын бұзғандардан 1038 түрлі балық аулау, 89 жүзу және көлік құралы тәркіленді», деп мәлім етті А.Бахиянов.
Атырау облысының полицейлері «Бекіре-2024» балық қорғау акциясына белсене кірісті. Тәртіп сақшылары Атыраудан Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Ресейдің Астрахань облысына қатынайтын жолмен жүретін көліктерге бақылау жүргізеді. Мұндай бақылаудан Индер ауданына, Исатай ауданындағы Жанбай, Атырау қаласының маңындағы Дамбы ауылына қатынайтын жол да тыс қалмайды.
«Балық қорғау іс-шарасы кезінде шекара маңындағы мемлекеттердің тиісті органдарымен ынтымақтастық аясында ұйымдасқан қылмыстық топтар әрекетінің жолын кесуге, заңсыз ауланған балық өнімдерін сатып алу және сату нарығын жоюға баса мән беріледі. Браконьерлерге «қамқоршылық» танытатын лауазымды тұлғаларды анықтауға бағытталған арнайы жедел-іздестіру іс-шарасы өткізіледі», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал балық шаруашылығы комитеті 2 сәуірде Атырауда бірлескен рейд өткізді. Оған облыстық полиция департаменті мен мамандандырылған прокуратураның қызметкерлері қатысты. Рейд кезінде мұнайлы шаһарға таяу орналасқан Дамбы ауылы маңындағы екі өзектің бойы тексерілді.
«Түнгі сағат 00.50-де Жайық өзенінің тарайтын өзектің жағасынан 313 килограмнан астам бекіре табылды. Браконьерлер 14 қапқа салынған бағалы балықты қамыс арасына жасырып кетіпті. Ал сағат 06.00-де бекіре табылған тұстан шамамен 400 метр қашықта өзен жағасына бекітілген аспалы моторы бар 8 жүзу құралы табылды. Оның ішінде үш «Ямаха-200», бір «Ямаха-225» және төрт «Байда» қайығы бар. Иесіз жүзу құралдары тәркіленді», деген ақпарат таратты комитеттің баспасөз қызметі.
Заңсыз ауланған бекіреге байланысты дерек Қылмыстық кодектің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркеліп отыр. Бағалы балық қорына келтірілген залал шамамен – 173 505 540 теңге.
Атырау облысы