Үкімет • 12 Сәуір, 2024

10 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылды

64 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жұмыс кеңесін өткізді. Басты мәселе – су тасқынының екінші толқыны қарсаңында батыс өңірлердегі жағдай.

10 мыңнан астам әскери қызметші жұмылдырылды

Вице-премьер, Штаб жетек­шісінің орынбасары Қанат Бозымбаев Ресей Федерациясынан Жайық өзені арқылы көлемді судың күтіліп отырғаны туралы баяндады.

Оның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында жаң­быр жауады. Сақмар өзенінің дең­гейі көтеріле бастады. Болжам бо­йын­ша, Жайық және Сақмар өзен­дерінің жоғарғы жағынан сәуір айы­ның екінші онкүндігінде Батыс Қазақ­стан облысының аумағына су ке­леді. Қазіргі уақытта Орал қала­сын­дағы Жайық өзеніндегі су деңгейі – 728 см, ол 850 см қауіпті межеге жақындайды деп болжанып отыр.

Батыс Қазақстан облысынан судың келуіне байланысты Атырау облысында өткен тәулікте Жайық өзенін­дегі гидробекеттерде де су дең­гейінің шамалы көтерілуі байқа­лады. Сәуірдің үшінші онкүндігінде үлкен судың келуі күтіледі.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасымен оның Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына жұмыс сапарларының қорытындысына сәйкес әкімдіктердің, ТЖМ, ІІМ және Ұлттық ұланның, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Батыс Қазақстан облысында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін күштік құрылымдар 6 мың адамға, Атырау облысында 4 мың адамға дейін жеткізіледі. Еліміздің әр өңірінен 4 мыңға жуық техника жіберілді.

Премьер-министр Қорғаныс және Ішкі істер министрлеріне қа­жет болған жағдайда қосымша жеке құрам мен техника жіберуді тапсырды.

«Орал мен Атырау бойынша күштер мен құралдарды барынша жұ­мылдыру қажет. Қазір үлкен суды елді мекендерге жеткізбей, бұ­рып әкету маңызды. Бүгін қосымша әскери қызметшілер мен техника жіберіле бастады. Су ағысының қарқынын ескере отырып, бірінші кезекте Оралда, одан әрі Атырауда алдын алу жұмыстарын күшейтеміз», деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы екі облыс әкім­дік­теріне келген әскери қыз­мет­шілерді барлық қажетті заттар­мен қамтамасыз ету, сондай-ақ тех­никаға жанармай құю мәселесін шешу жөнінде тапсырма берді.

Бүгінде сегіз облыста жергі­лік­ті ауқымдағы төтенше жағ­дай режімі сақталған. Су басқан аймақ­тардан барлығы 97 мың тұр­ғын эвакуацияланды. 11 сәуірдегі жағдай бойынша Павлодар және Абай облыстарында су тасқыны жағдайының тұрақтануына байланысты ТЖ режімдері алынып тасталды.