Мәселе • 16 Сәуір, 2024

Тендердегі теңсіздік

116 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алулар туралы заң жобасын пысықтауды тапсырған болатын. Үкімет басшысының айтуынша, квазимемлекеттік сектордағы отандық тауарлардың үлесін арттыра отырып, сатып алуды түбегейлі оңайлату және жеделдету қажет. Олжас Бектенов қолданыстағы рәсімдер көбіне мемлекеттік сатып алу үдерістерін әдейі кешіктіруге әкеліп соқтыратынын, соның салдарынан жаңа жобаларды іске асыру және тұтастай алғанда экономиканың дамуы баяулайтынын атап өтті.

Тендердегі теңсіздік

Тендерлерге шағымдану тәртібінің айна­ласында тұтас заңсыз бизнес пайда бол­ғаны да премьердің назарынан тыс қал­мады. «Бұл мәселеге кейін қайта оралмас үшін жағдайды түбегейлі өзгерту керек», деді Олжас Бектенов Үкіметте өткен жиында.

Экономист Максим Барышев бұл жүйеде ашықтық жоқ және сатып алу үдерісінде тиімділік төмен деп санайды. Нәтижесінде, шетелден өнім әкелетін делдал компаниялар ұтып, шетелдік компа­нияларға қолдау көрсетіледі. Салдарынан халықты жұмыспен қамтып, салық төлей­тін отандық компаниялар тапсырыс қабылдамай, банкротқа ұшырап жатыр.

Себебі техникалық ерекшелік белгілі бір компания жеңетіндей етіп жасалған. Сатып алулардағы бизнес-үдерістерді оңтайландыру және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара әрекеттестіктің басқа тетігін әзірлеу қажет деп есептеймін. Премьер-министр жариялаған үдерісті жеңілдету сатып алуда оңай ақша жинап, соған әсер ететін алыпсатарлық бизнесті жоюға көмектеседі», деді М. Барышев.

Сарапшының пайымдауынша, мем­лекеттік сатып алу жүйесін реформалау жүйе жұмысын жақсартуға жол аша­ды. Бірінші кезекте отандық тауар өндіру­ші­лерден сатып алуды жүзеге асыру қажет.

«200 мың айлық есептік көрсеткіштен (738 400 000 теңге) асатын мемлекеттік сатып алулар бойынша конкурстар жыл сайын міндетті аудиттен өтуге тиіс, яғни тәуелсіз аудиторлар қатысушы ком­па­ниялардың қаржылық есептілігін тексер­сін. Егер жеңіп алған тендер бірнеше жыл бойы өткізілсе, кәсіпорынның тұрақ­тылығын талдау және сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерін ерте кезеңде анықтау және сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу мақсатында жыл сайын аудит жүр­гізілуге тиіс. Рас, бұл бағытта ілгерілеу­ші­лік бар. 2024 жылдың алғашқы айын­да шағын және орта бизнесте (ШОБ) жұмыс­пен қамтылғандар саны 10 пайызға өсіп, 4,3 миллион адамға жетті. Бұл эконо­микалық белсенді азаматтардың 45 па­йызын құрайды. Өткен жылдың 9 айында Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі ШОБ үлесі 36,5%-ға дейін өсті, мемлекет тарапынан да кәсіпкерлікті қаржылық қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, осы жылы ШОБ субъектілеріне 900 миллиард теңгеден астам сомаға банк несиесін субсидиялау және кепілдік беру жоспарланып отыр. Мемлекеттік сатып алу жүйесі мен ШОБ мүмкіндігін интеграциялаудың қажеттілігі пісіп-жетілді», дейді сарапшы.

Қаржыгер Бейсенбек Зиябековтің айтуынша, алдыңғы онжылдықтармен салыстырғанда ахуал жақсарды, дегенмен отандық бизнестің дамуына кедергі жасайтын факторлар жетеді. Соның ішінде компаниялар мен мемлекеттік корпорациялар үшін ШОБ субъектілерінен сатып алуға міндетті квота жайлы айтыла бермейді.

«Тендер – бұл конкурстық сатып алу форматы. Шағын және орта бизнес көп­теген тендерде артықшылыққа ие: Мысалы, Ресейде мемлекеттік компания­лар мен мемлекеттік корпорациялар үшін ШОБ субъектілерінен сатып алуға міндетті квоталар белгіленген және бұл үлес тек өсіп келеді. 2023 жылы ол 28 пайызға жетті. Квотаның көбеюі қазірдің өзінде сатып алу көлеміне әсер етті: 2023 жылы 1 қаңтардан бастап 10 маусымға дейін мемлекеттік тапсырыс берушілер шағын және орта кәсіпкерлерден 1,7 триллион рубльге тауар­лар мен қызметтерді сатып алған. Бұл 2022 жылдың жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға артық. Демек 1,7 триллион рубль бизнесті дамытуға жұмсалады, кейбір ШОБ-тың іріленіп, екінші кезеңіне, орта бизнес деңгейіне көтерілуіне жол ашылады. Қытай да мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы шағын және орта бизнесті қолдайды. Сол елдің «Шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыру туралы» заңын­да мемлекет шағын және орта кәсіп­керлікті қаржыландырудың тіке­лей арналарын кеңейту туралы жан-жақ­ты айтылған. Оның үстіне, Қытай заң­намасына сәйкес шетелдік өндіруші­лердің көбі Қытайдың сатып алу нарығына ене алмайды, өйткені олардың тауарлары, тіпті Қытайда өндірілген немесе құрастырылған болса да, отандық (ұлттық) болып саналмайды», дейді маман.

Оның сөзінше, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда ШОБ үлесін көбейту арқылы бизнесті қаржыландыруға қосымша тыныс ашылады.

«Тендер, мемлекеттік сатып алу платформасы кей кездері шенеуніктердің биліктегі ықпалын пайдалануының тетігіне айналып кетеді. Компанияларымыздың көбі тендерге тәуелді. Ал тендерді еш дайындығы жоқ, кеше ғана құрылған компаниялар алып жатса, отандық бизнес, отандық өнім өндіруші ешқашан дамымайды», дейді Б. Зиябеков.

Сарапшы айтып өткендей, Дүниежүзі­лік банктің, Еуропалық қайта құру және даму банкінің сатып алу ережелері біздің квазимемлекеттік сектор деген түсініктен жоғары тұрады. Дүниежүзілік банктің қағи­даларында да, Еуропалық қайта құру және даму банкінің сатып алу ереже­ле­рін­де де квазимемлекеттік сектор ұғымы жоқ.

«Дамыған елдерде мемлекетке тие­сі­лі компаниялар жүзеге асыратын барлық сатып алу бірыңғай ақпараттық алаңда жүзеге асырылады. Дүниежүзілік банк 2020 жылғы есебінде бізге тендер мәселесінде мемлекеттік сатып алуды ашық, бір жүйеде жүргізуге кеңес берді. Мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі ортақ көзқарас экономиканың қалыпқа келуін жеделдетіп, бизнестің әртараптануына жол ашады. Мұндай ашық жүйе кәсіп­керліктің дамуына қуатты ықпал етуге тиіс», дейді Б. Зиябеков.

Сарапшының айтуынша, жоғарыда айтып өткен құбылыстардың бәрі ШОБ өкіл­дерінің ірі бизнеске айналу мүмкіндігін шектеп отыр. Мысалы, мемлекет бизнеске қырын қарады деп ешкім айта алмай­ды. Алпауыт компаниялардың мем­лекеттік сатып алудың майлы лоттарын иемденіп отырғаны, ал іс жүзінде тапсы­рысты олардың мердігер компания­лары орындайтыны белгілі жайт еді. Енді мемлекеттік сатып алу кезінде мердігер­лердің мүмкіндігін теңестіру үшін бірнеше тетік енгізілетіні айтылып жатыр. Мысалы, бірнеше тендері бар компаниялардың балы кеміп, шартты жеңілдік көлемі азая­ды. Бұл күні бүгінге дейін алыптардың көлеңкесінде қалған ШОБ-тың жарыққа шығуына жағдай жасайды.