Фотогалерея • 22 Сәуір, 2024

Көрдік біз барып Күршімді

961 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының бір топ журналисі жұмыс сапарымен Күршім ауданына барды. Ең әуелі Бұқтырма су қоймасына салынып жатқан көпір құрылысымен танысты. Содан кейін бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Көрдік біз барып Күршімді

Фото: Мерей Қайнарұлы

 

П
Журналистер мінген шағын автобус Өмеш асуын асып, Самар ауданын басып, «Қызыл ту» өткеліне келіп тірелген. Тізілген көліктер паромға кезек күтіп тұр. Көк айдынның арғы жағы – Күршім.

П

Күршім өңірінің тұрғындары 1960 жылдардан бері пароммен қатынайды. Қыстың күні мұздың бетімен жүреді. Биыл жыл соңында Президент тапсырмасымен салынып жатқан көпір құрылысы аяқталуы тиіс. Айтқандай, көпір мәселесі «Egemen Qazaqstan» газетінде көтеріліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына ілінген.

П

А

Жағалауда қайнаған тіршілік. Күршімге ә деп, табаныңыз тисе, қақталған балықтан дәм татар едіңіз...

П

Бұл Қазақстандағы ең ұзын көпір болмақ. Құрылысшылар Құйған ауылының тұсындағы ең жіңішке тұсына тоқталған. Оның өзі – 1300 метр.

А

Көпір құрылысының 85 пайызы орындалды. Үш тіреуді бұрғылау жұмыстары жүріп жатыр. «ОблШығысЖол» ЖШС маманы Ниғматулла Абдулхаков нысанды биыл тапсырамыз дейді.

В

Жұмысшылардың енді бір тобы негізгі көпірдің бетіне өрмек тоқығандай етіп, тұтастыра арматура темір тоқып жүр.

А

Журналистер тобы ат басын Күршім ауылындағы бассейнге бұрған. Бұл нысанның құрылысы қаңтарылып бірнеше жыл тұрған. Қазіргі уақытта мәселе шешілді. Халыққа қызмет көрсетіп тұр.

П

Күршім ауданында тасқынға тосқын жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Су басу қаупі бар Топтерек, Бірлік, Бурабай ауылдарының тұсында бөгеттер салынған. Сондай-ақ Маралды, Үшбұлақ ауылдарында және Қалғұты өзенінің бойына бөгеттер тұрғызылып жатыр. Дайындық жұмыстары сәуірдің 25-не дейін аяқталады.

Сонымен қатар аудан тұрғындары үшін керек-жарақпен толық қамтылған уақытша эвакуациялық пунктері даярланған.

П

Күршім ауылындағы «Коворкинг» орталығына да бас сұқтық. Мұнда ауыл жастары үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады екен.

П

В

Жабылып қалған Бесжылдық ауылының тамырына қайта қан жүгіріп жатыр. Ауылға дейін асфальт төселді. Балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған үйлер салынып жатыр.

Осыдан екі-үш жыл бұрын «Egemen Qazaqstan» газетінде Жауғашты каналының құрғап кеткендігі туралы мәселені қаузаған едік. Халық үніне құлақ асқан аудан әкімі Алмат Ақышев бұл мәселені де дереу шешкен.

П

Кәсіптің көзін тапқандар мемлекеттен несие алып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Түшпара түйіп, нәпақа тауып жүрген Райхан Нұрғазина «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алып, кәсібін кеңейткен.

Ауылдықтардың ендігі тілегі – көпір. Көпір құрылысы уақтылы аяқталса, Күршім мен Марқакөл аудандарына қатынау анағұрлым жеңілдейді.