Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Бізге бұл іс-шара бір кездегі Шыңғыс Айтматов ұйытқы болған «Ыстықкөл форумының» жалғасындай яки өсиетіндей көрініп тұрды. Бұған «шүкір!» дейміз.
Осы жиынның алдында, 17 сәуірде «Egemen Qazaqstan» газетінде әдебиеттанушы-академик Абдылдажан Ақматалиевтің «Қазақ-қырғыз бір туған, алға қарай ұмтылған...» атты мақаласы жарық көріп еді. Мұнда ғалым: «Қырғыз-қазақ интеллигенциясының қалыптасуында екі халықтың ғалымдары үлкен рөл атқарды» деп баға берген. Бұл – шын сөз. Дәлірек айтсақ, 1960-1990 жылдары әдебиетші тұлғаларымыз, ақын-жазушыларымыз ешкімнің нұсқауынсыз-ақ дәстүрлі тарихи байланысты сындарлы деңгейге көтере білді. Әрине, бұл қарым-қатынастың негіздеріне қатысты деректер әлі де толыға түсуі керек. Бұл көп айтылатын Шоқан мен «Манас», Мұхтар мен «Манас», Сүйінбай мен Қатаған, М.Әуезов пен Ш.Айтматов т.б. әлеуетті зерттеу бағытын байыта түседі деп санаймыз.
Сол машат-бастауға (қырғызша башат – бұлақ) қатысты бірер ойды дәйектей кетуді дұрыс санаймыз.
Біріншісі – Уфадағы «Медресе Ғалия» бастауы. Түркі дүниесіне ортақ тұлға, сойы асыл Зия Камалидың (1873-1942) рухы шат болсын, осы ғұлама негізін қалаған оқу орнында башқұрт, татар, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, құмық т.б. балалары оқып, кейін ұлт-ұлысының білім-ғылымын, баспасөзі мен жаңа әдебиетін қалыптастырды. Міне, осы құтты шаһарда екі азамат – қырғыз Ишанғали Арабайұлы мен қазақ Хафиз Сәрсекеұлы ой біріктіріп, 1911 жылы тұңғыш рет жәдиттік бағыттағы «Қазақ-қырғыз әліппесін» жазды («Қазақ уә қырғыз балалары үшiн осул саутия илә жазылған әлiппе яки төте оқу». Мөрәттиб уә нәшәрләрi: Мәдрәсә-и Ғалиядағы қырғыз уә қазақ шәкiрттерi. Құрастырған Ишанғали Арабаев және Хафиз Сәрсекеев. – Уфа: Шарқ мәтбәғәсi, 1911. – 52 б.). Әлбетте, А.Байтұрсынұлының 1912 жылы Орынборда шыққан білікті, салмақты «Оқу құралының (Қазақша әліппе)» жөні бөлек, бірақ өздерін сол Ақаңның шәкірті санаған қос азаматтың бастамашылдығы, өжеттілігі тарихқа енуі қажет. Сондай-ақ осы дата қос елдің филология, лингвистика саласының бірлік күні ретінде айқындалса дейміз.
Екіншісі – 1916 жылдағы үркіншілік тағылымы. Бұл – туысқан екі ұлт үшін де ең ауыр шақ. 1916-1917 жылдары сан мың адам туған жерінен амалсыз Қытай ауды. Бабаларша айтсақ, «бір жағы – жар, екінші жағы – құз» ахуал. Әсіресе, қырғыз ұлты үдере көшті. Жаңылыспасақ, сол көштің ішінде болашақ қырғыздың классигі, бұл кезде жас бозбала Қасым Тыныстанұлы да жүрді. Сол қаралы да жаралы күндерде Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастап, Петербордың жауапты орындарына, ГосДумаға дейін дабыл қақты. «Қырғыз халқына көмек» деп, елден жылу жинады. Бұған куә – тарихи «Қазақ» газетіндегі материалдар. Бір мақаладан үзінді оқиық: «Мұхаметжан Тынышбайұлының жинаған мағлұматынша, Қытай жеріне (Құлжа, Қашқар өлкесіне) босқан қырғыздың саны 164 мың адам екен. Осы (1917) жылдың иүліне дейін қалғаны – 83 мың, жеріне қайтқаны – 69 мың, Қытай жерінде қалғаны 12 мың. Біз бұрын қырғынға ұшыраған жалғыз қырғыз деп жүруші едік. Жаркент уезіндегі албандардың (ұлы жүз) босқаны да, қырғыны да қырғыздан кем емес екен. Алаш азаматы, құлақтарыңа саламыз! Қырғыз бауырларыңды ұмытпа!». Бұл – бір дерек. Екінші дерек – Бірінші жалпықазақ съезі қаулысында мынандай шешім бар: «Жетісу облысындағы аштықтан қырылып жатқан қазақ-қырғызға алаш баласы жәрдем беруін сиез өтінеді».
Мұндай ой, ұсыныс, дерек Алаш газеттерінде тұнып тұр. Біздіңше, осы үркіншіліктегі бірлікке ескерткіш қою – бүгінгі ұрпақтың асыл парызы. Тіпті екі елдің суреткерлері роман жазып, көркем фильм түсірсе де құба-құп.
Осы жолдағы басты қадам – Қырғыз елінің докторанттары (тарих, әдебиеттану, журналистика бағыты) «Қазақ» газетіндегі қырғыз халқының ахуалы», «Алаш газеттеріндегі қырғыз үркіншілігі» т.б. тақырыпты қаузай бастаса, екі ел арасындағы қыл өтпейтін бауырластық беки түсер еді.
Үшіншісі – Алаш мұраты туралы. Бұл – бізді біріктіретін рәмізді кезең. Өз басым «Қазақ», «Ақжол», «Тілші» газеттерінен Ишанғали Арабайұлы мен Қасым Тыныстанұлына қатысты кемінде 30-ға тарта мақала, дерек оқыдым. Мысалы, әйгілі қазақ ақыны Ғұмар Қараштың «Өрнек», «Тұрмыш» атты кітаптарын таратуға Ишанғали белсене атсалысқан. Қырғыз Қасымның «Алашқа» атты өлеңі кейінгі барлық жинағына енді. Ақын былайша толғанады:
«Алашым, кандай эди бурунгы шак,
Ол кандай кара туман ортагы тап?
Бул заман – окуу-билим заманасы,
Иске кир, белиңди буу, бекем устап...».
1922 жылы Ташкентте Алаш зиялылары құрған (төрағасы Халел Досмұхамедұлы) «Талап» мәдени ұйымының басқарма құрамында да Қасым жүрді. Осы қалада жоғары деңгейде өткен Ақаңның 50 жылдық мерейтойында («Киринпрос» яғни халыққа білім беру институты ұйымдастырған) қырғыз зиялылары тік тұрып қызмет еткен. Сондай-ақ қырғыз классигі Қасым Тыныстанұлының алғашқы өлеңдері қазақтың тарихи «Ақ жол» газетінің (Ташкент) ізашары «Жаңа өріс» газетінде (1920 жыл, 18 сәуір – 27 шілде) жарияланғаны да – зерттеуге лайықты тақырып.
Төртіншісі – Қырғыз топырағындағы қазақтың береке-бірлігі. Бұл тосын тақырып емес. Тарихтың әрі сабағы, әрі тағылымы. ХІХ-ХХ ғасыр бізді әбден сынады. Біз екі-үш қызық оқиғаны білеміз. Өмірдің бұралаң прозасы... Қазақ пен қырғыз тереңдеуге секемденетін, бір-бірінің көңіліне қарайтын Хан Кене жорығына қатысқан Ағыбай батырдың ұрпағы қиын кезеңдерде Қырғызстанды паналаған. Алаштың бірнеше қайраткері НКВД-дан ізін жасырып, қырғыз арасына барып аман қалған. Соның бірі – Бұхара республикасында премьер-министр орынбасары болған, тұңғыш Қазақ білімпаздары съезіне сол жақтың өкілі ретінде қатысқан Мырза Наурызбайұлы. Большевизмнің сыңаржақ экономикалық саясаты Қазақстанды ет тапсыратын аймақ ретінде белгілегенде, қазақ халқы әп-сәтте алапат аштыққа ұрынған. Бір қауым қазақтың қырғызға барып жан сақтауының себебі сол...
Бәріміз қырғыздың біртуар өнер қайраткері Сүйменқұл Чокморов Бақтығұл рөлін сомдаған «Қараш-Қараш оқиғасы» фильмін жақсы білеміз. Туынды түркіге ортақ қайраткер Тұрардың әкесі Рысқұл туралы. Бұған классик М.Әуезовтің повесі арқау болғаны мәлім. Осында Жарасбай деген күрделі кейіпкер бар. Соңында осы болыс кекті Бақтығұлдың оғына ұшады. Өмірде бірі – Саймасай Үшкемпірұлы, екіншісі – Рысқұл Жылқайдарұлы. Большевик көзқарасымен айтсақ, бітіспес, ымырасыз екі таптың өкілі. 30-жылдары екеуінің де ұрпағы қырғыз асқан. Біз мына заманда Т.Рысқұловтың немере туысымен жолықтық. Бішкекте. Көп жыл Қырғызстан қаржы министрлігінде жауапты қызмет атқарыпты. Құдайдың құдіретімен сол салада Саймасайдың да ұрпағы жұмыс істепті. «Бір күні, – деп еді сонда марқұм Ахмет Құлназарұлы, – тәуекел деп Тұрар атамыз ашу-ызамен атқан Саймасайдың ұрпағын дәмге шақырдым. «Қиын кезеңге, күрделі жағдайға біздің не кінәміз бар? Енді ағайын болып жүрейік...» деп. Ол да келісті. Құшақ жайып, қол алысып, бауырластық. Аруақ қолдады деп ойлаймын...».
Біздіңше, осы түсіністік оқиғасы бәрімізге тәлім болғаны абзал. Біз Кенесары ханның Қырғыз жорығы мен оның күрделі һәм шетін дерегіне де ағайындықтың парасат биігінен қарауымыз керек. Түркістан даналығын жырлаған Мағжан ақын да осыны айтады.