Қазақстан • 25 Сәуір, 2024

Қазақстанда Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында елдегі су тасқыны жағдайын қозғап, мемлекет тарапынан пәрменді шаралар қабылануы тиіс екенін айтты, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады

Фото: ТЖМ

«Апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек. Сондықтан табиғат апаттарымен күресетін пәрменді шаралар қабылдау үшін мемлекет пен ғылымның ықпалдастығын іс жүзінде қайтадан түзу қажет. Менің тапсырмаммен Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс институты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құрылады», деді Президент.

Айта кетсек, Қазақстандағы бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды.

Мемлекет басшысы су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылатынын мәлімдеді. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленеді.

«Төтенше жағдайлар министрлігінің техникалық базасын жаңартамыз. Оның арнайы техникасының, тікұшақтары мен ұшақтарының санын көбейтеміз. Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Бұл қызмет жер асты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысады. Қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауаптымыз, мұны естен шығармау керек. Қоғамда экология мәдениетін қалыптастырып, табиғатты аялау қағидасын дәріптеген жөн. Менің бастамаммен елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны өтіп жатыр. Мұндай шаралар су тасқыны болған аймақтарда да ұйымдастырылады. Ескертемін, бұл – ешқандай да бір реттік іс-шара емес. Барлық өңірде аумақтарды көгалдандыруға және тазалауға көп көңіл бөлу керек. Әркім ортақ іске үлес қосатын болса, еліміз көркейе түседі», деп түсіндірді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ел Президенті қоғам мүлкіне залал келтіретін адамдар заңмен жауапқа тартылатынын еске салды.

«Әкімдер Үкіметпен бірлесіп жергілікті жолдарды жөндеуге кірісуі қажет. Бұл жұмыстар әкімдердің қызметін бағалайтын негізгі индикаторлар тізіміне енгізіледі», деп қосты Мемлекет басшысы.