Ауылда туып, бүгінде қалада тұрып жатқан талай қазақтың өмір жолын Дархан да қайталаған. Әуелі туған-туыс, достарын сағалап жүрді. Кейін бауырлары көмектесіп, қала іргесіндегі «Толқын» саяжай қоғамынан 9 сотық жер сатып алды. Өркениеттің игілігінен тек электр жарығы ғана бар, жолы жоқ, газы жоқ, ауылдан бетер артта қалғанымен, қала орталығына жақын, табиғаты әдемі, ауасы таза мүйіс еді. Ең бастысы – өзінікі.
Дархан 2009 жылы өзіндей ауылдың қарапайым қара қызы Жазирамен отбасын құрды. Келесі жылы жаз бойы кірпіш құйып, саяжайдағы жеріне екі бөлмелі шағын үй салды. Тамызда тұңғышы Айша дүниеге келді. Құрылыс жүріп жатқан кезде жас отбасы пәтер жалдап тұрды.
– Бүкіл тапқан-таянғанымызды тұңғыш баспанамыздың құрылысына жұмсадық. Қараша айында үйімізді шала-пұла бітіріп, кіріп алдық. Ата-анамызды, туған-туысты жинап, шағын той жасадық. Мен өзім ауылда туып-өскенмен, от жағып, күл шығаруды осы жерде үйрендім. Біздің Жаңақалаға табиғи газ сонау 70-жылдары келген ғой. Бірақ қиын да болса өз шаңырағымыз деп, бәріне шыдадық, – дейді Жазира сол күндерді еске алып.
...2011 жылдың көктемі саяжай тұрғындары үшін жайсыз келді. «Су тасқыны болады, саяжайды су алуы мүмкін» деген суық хабар желдей есті. Әкімдік өкілдері саяжайды аралап, қауіпті ескертіп кетті. Сол күндердің бірінде кешке Дарханның нағашысы келді.
– Дархан, Жазира, естіп жатқан боларсыңдар. Тасқынның қаупі рас. Кез келген уақытта су келіп қалуы мүмкін. Ең болмаса кішкене баламен қауіпсіз жерге бара тұру керек. Жүріңдер біздің үйге! – деді. Жазира Дарханға қарады. Дархан «бірер күн аңысын аңдиық», деді.
Сол күні таңда тарсылдап есік қағылды. Қатты айғай естілді. Шошып оянып, есікке жүгірген Дархан дабыл қаққан саяжай төрағасын көрді. Сарқырап келе жатқан су дыбысын естіді. Сөйтіп, апыл-ғұпыл төсек-орынды барынша жоғары көтеріп, үйден қашып шықты.
Бұл бір қиын кез еді. Жас отбасы өзіндей тағдырластарымен бірге эвакуациялық бекетке орналасты. Әсіресе Дархан қатты қиналды. Бір жаз бойы арқа еті арша, борбай еті борша болып салған баспанасы бір күнде қирап қалды. Саман кірпіш суға шыдамай, әп-сәтте езіліп кетеді екен. Аз-маз мүлкі, теледидар мен тоңазытқышы түгел кетті. Көзіне жылыұшырап, көкірегін жылытып жүрген тұңғыш баспанасы, төрт ай болса да төрінде еркін аунаған өз үйі «гүрс» етіп суға құлағанын көзімен көргенде, Дархан жылап жібере жаздаған. Өзіне қарап отырған жары мен қызының алдында осалдық көрсетуге де болмайды. Бұл бір қиын кез еді.
– Біз эвакуациялық бекетте 6 ай тұрдық. Тасқын сәуірде болды, қараша айына дейін бекетте болдық. Бұрынғы балалар ауруханасы болған ғимараттың бір бөлмесі бізге жарты жыл пана болды. Құдайға шүкір, жергілікті билік жақсы жәрдемдесті ғой. Гуманитарлық көмек, ас-су, киім-кешек, тіпті баланың жөргегіне дейін келіп жатты. Жеке кафесі бар кәсіпкерлер тегін тамақ ұйымдастырды. Осы жерде қызымыз бір жасқа толды, тәй-тәй басты, – дейді Жазира.
Ең қиыны, бұлардың үйінің құжаты жоқ еді. Тек саяжайдың жер актісі ғана болатын. Бірақ тасқын шығынын есептейтін комиссия бұлардың құлаған үйін, жарыққа төлеген қаржы түбіртегін, көршілерінің куәлігін ескерді. Үйі суға кеткендерге арнайы салынып жатқан көпқабатты пәтерден бұларға да бір бөлмелі баспана тиетін болды.
Қараша айында эвакуациялық бекет орналасқан бұрынғы аурухананың мәжіліс залында үлкен жиналыс болды. Бұрынғы саяжай тұрғындары су жаңа пәтерге ие болды. Өз аты-жөні айтылғанда ортаға шыққан Дархан Саматұлы жеребе қағаздарының ішінен өзіне бұйырған баспана нөмірін таңдады. «Орал қаласы, №5 шағын аудан, №1 үй, 95 пәтер», деп хабарлады жүргізуші. Бақыттан бас айналған сәт еді бұл.
– Сол күні барып, сыңғырлаған жаңа пәтерімізді көріп келдік. Екінші қабатта екен. Қуанышымызда шек жоқ. Ертеңінде-ақ азын-аулақ дүниемізбен көшіп алдық, – дейді Жазира.
Содан бері мүшел айналып, 13 жыл өтіпті. Дархан мен Жазира ол пәтерде 7 жыл тұрды. Саяжайда өздерін екінші сортты адамдай сезінетін олар толыққанды қалалық атанды. Құтты қоныста екінші қызы Инабат дүниеге келді. Тұрмыс та түзелді. Қазір Жазира Ерсайынқызы – Асан Тайманов атындағы N34 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі, педагог-сарапшы. Дархан да өз кәсібінің маманы болып алған. Бір бөлмелі пәтерін сатып, кең де жайлы пәтерге көшкен. Шаңырақтың мұрагері болып Еділ деген ұлан өсіп келеді.
– Биылғы су тасқынының беталысын көріп, 2011 жылы өз басымыздан өткен оқиғалар есіме түседі. Айналамда үйі суға кеткен таныстарыма, іні-сіңлілеріме басу айтып, сабырға шақырамын. Ең бастысы, адам аман болсын! Қалғанының орны толады. Осы тасқын басталғалы Президентіміздің өзі ең алдымен Батыс Қазақстан облысына, Қаратөбе ауданына арнайы келіп кетті. Үкімет барлық шығынның орнын толтырамыз деп жатыр. Оған менің күмәнім жоқ, – дейді Жазира.
Жазира да, Дархан да ісімен, сөзімен биылғы су тасқынынан зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, ортақ іске белсене атсалысып жүр. Жұмыстан кейін арнайы барып, қапшыққа құм салып жатқан еріктілер тобына қосылады. Жазира өз әріптестерімен бірге тасқын суға қарсы күні-түні бөгет салып, еңбек етіп жатқан бригадаларға ыстық шай, ыстық бәліш таратады. Эвакуациялық бекетте уақытша тұрып жатқандарға барып, қамыққан жандарға жігер беріп кетеді. Өздерінің басынан өткен оқиғаны айтады. Еңсесін зіл басып, егілген жандардың көзінде ұшқын пайда болса, нағыз бақыт сол ғой.
2011 жылы Батыс Қазақстан облысында болған су тасқынынан өңірде 40-қа жуық елді мекенде 1542 жеке үй, 7146 саяжай суға кеткен еді. Мемлекет табиғат апатының зардабын жедел жойды. Тасқала ауданында – 441, Бәйтерек ауданында 106 үй жаңадан салынды. Орал қаласында көпқабатты 4 үй, екі балабақша, мектеп ғимараты бой көтерді. 500-ден аса отбасы бір күнде жаңа пәтерге ие болды. Солардың бірі біздің кейіпкерлеріміз болатын...
Батыс Қазақстан облысы