2007 жылдың көктемінде болған су тасқынынан Жайық өзені жағалауының Облавка ауылы тұсындағы бөлігі шайылып кеткен болатын.
Сол жолы өзен жағасында орналасқан тұрғын үйлер мен республикалық маңызы бар Подстепный – Елек автокөлік жолына кәдімгідей қауіп төнді. Өзеннің сол жағалауына орналасқан жергілікті зираттардың үштен бірі құлап, суға ағып кетті. Ал бұл жағдай өз кезегінде су көзін ластап, аумақтағы экологиялық жүйенің бұзылуына соқтырды. Өзеннің сол жақ жағалауының шайылуы мен опырылып құлауы сол маңдағы орман алқабына да айта қаларлықтай зиянын тигізуі мүмкін. Осындай үлкен апаттың алдын алу мақсатында «Уралводпроект» ЖШС 2007 жылы Жайық өзенінің Бөрлі ауданына қарасты Облавка ауылы тұсындағы сол жағалауын бекіту жұмысы бойынша жоба жасақтаған болатын. Бұған мемлекеттік сараптама қорытындысы негіз болды.
Жақында облыс әкімдігінің қызметкерлері өзен жағалауын бекіту жұмысымен таныстыру мақсатында баспасөз турын ұйымдастырып, жергілікті журналистерді Облавка ауылына арнайы алып барды. Біз барғанда аталған орында жұмыс қызу жүріп жатты. Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Жаңабай Қаналин де осында жүр екен.
– Облавка – Бумакөл ауылдық округінің бір бөлімшесі. Бұл ауылда қазіргі таңда 60 үй, 300-дей адам тұрады. Бұл арада Жайық өзенінің белгілі бір бөлігі Ресей мен Қазақстанның шекарасында тұр. Өзеннің бергі беті бізге қараса, арғы бетінде ресейліктер отыр. Біз бүгінде осы ауыл тұсындағы өзеннің сол жақ жағалауын сақтап қалуға бар күшімізді салып жатырмыз, – дейді Жаңабай Қаналин бұл жұмыстың мәнісін түсіндіріп.
– Облавкадағы өзен жағалауын бекітуді қолға алып жатқан себебіміз, біріншіден, жоғарыда айтып өткенімдей, бұл жердің шекаралық маңызы бар, оны сақтай алмасақ, шекарадан айырыламыз, – деді ол әңгімесін одан әрі жалғастырып. – Екіншіден, ауыл тұрғындарының өміріне үлкен қауіп төніп тұр, өздеріңіз білесіздер, адам жоғалтудан өткен өкінішті нәрсе жоқ. Үшіншіден, тасқын су республикалық маңызы бар Подстепный – Елек автокөлік жолы мен оны кесіп өтетін сол маңдағы орман алқабын да бүлдіретін еді. Оны қалпына келтіру үшін жұмсалатын қаражат көлемі бұдан әлдеқайда көп болар еді. Төртіншіден, осы жерге жерленген адамдардың да тыныштығы бұзылды. Су тасқыны кезінде жағалау құлағанда, бірқатар адамның сүйегі суға ағып кетті. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді ғой, бұзыла бастаған отызшақты зираттан адам сүйектерін жинап, қауіпсіз жерге қайта жерледік.
Өзен жағасын бекіту жұмысына «Уральскводстрой» АҚ 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап кірісті. Аталмыш жұмысты жүргізу үшін 30-шақты техника әкелінді. Осында 150 адам жұмыс істеп жүр. Жағалауды бекіту жұмысына республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінді. Аталған қаржыға өзен жағасының 1542 м. жері бекітілуі тиіс. Бүгінгі таңда осы жұмысқа бөлінген қаржының 700 млн. теңгеден астамы игеріліп, жұмыстың 70 пайызы орындалды. Қаржының қалған 300 миллион теңгеден астам бөлігі алдағы жылы берілмек (баспасөз туры жаңа жылға дейін ұйымдастырылған еді), – деген аудан әкімі орынбасарының сөзін осы жұмыстың басы-қасында жүрген «Уральскводстрой» АҚ І вице-президенті Тенгиз Тедеев жалғастырды.
– Жұмыс, негізінен 18 айға есептелген. 2013 жылғы желтоқсанда бастадық, бұйыртса, бұл жұмысты 2015 жылдың қыркүйегінде аяқтайтын шығармыз. Егер бәрі ойдағыдай болып, бұл бағыттағы жұмыс қазіргідей қарқынды жүрсе, онда одан да ертерек бітіруіміз мүмкін, – деген Тенгиз Владимирович жағалауға төселіп жатқан құрылыс материалдарының беріктігі жөнінде әңгімеледі. Оның сөзінше, осы жұмысқа пайдаланылып жатқан бетон табақшалар арнайы гидортехникаға арналған, сульфатқа төзімді. Мұндай бетондар Тұңғыштағы өздерінің өндірістік базасында дайындалады екен. Қазіргі таңда 1,5 км жерге төсейтін бетон табақшалары дайын тұр. Оның сөзінше, жағалауды бекіту жұмысы қыс айында да тоқтамай жүре береді. Бұған жұмысшылар дайын, қазіргі уақытта олар жұмыс орнына жақын жерде орналасқан Облавкадағы бос тұрған үйді жалдап тұрып жатыр. Жұмысшылардың айтуынша, жағдайлары жаман емес, алаңсыз жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктер жасалған.
Татьяна Стручина, ауыл тұрғыны былай дейді:
– 2003 жылдан бері осы ауылда тұрамын. 2005 жылы ауылға біреулер келіп, өзен жағасын биіктетеміз деп өзеннің ені мен тереңдігін өлшеп кетті. Ал, 2007 жылы су тасқыны болып, су үй жанындағы жолға дейін келді. Біз ол күндері қатты мазасызданып, түнде ұйқыны, күндіз күлкіні ұмыттық. Бірақ, Құдай сақтап, үйіміз суға кеткен жоқ, су жақындап барып, кері кетті. Содан бері бізді де, қаладағы балаларымызды да үнемі үрей билеп тұратын болды. Басқа жаққа көшіп кетейік десек, ауылды қимаймыз. Өйткені, бұл жерде тіршілікке керек заттың бәрі бар. Мал өсіріп, бау-бақша егіп те күн көре беруге болады. Қанша қауіпті болғанымен, байырғы тұрғындар ауылдан сол үшін көшпей отыр. Міне, жергілікті биліктің ұсынысымен Үкімет қаржы бөліп, өзен жағасын құламайтындай етіп биіктетіп жатыр. Бұл су тасқыны қаупін азайтады. Енді мына табиғаты тамаша, тып-тыныш жерде өмір бойы қорықпай-ақ тұра беруге болады. Біздің өтінішімізге құлақ асқан билік өкілдеріне ауылдастарымның атынан ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын. Енді бізге алаңсыз ұйықтап, жүріп, тұруға болады.
Айша ӨТЕБӘЛІ,
журналист.
Батыс Қазақстан облысы.