Үкімет • 03 Мамыр, 2024

Заманауи газ өңдеу өнеркәсібі құрылады

16 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Энергетика министрлігі және «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «Самұрық-Энерго», KEGOC, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компаниялары басшылығының қатысуымен Энергетикалық кеңестің отырысы өтті.

Заманауи газ өңдеу өнеркәсібі құрылады

Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни арасында биылғы ақпан айында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын бақылау мәселесі қаралды.

«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов бірлескен газ жобаларын іске асыру барысы туралы баяндады. Қатардың «UCC Holding» компаниясымен бірге қуаттылығы жылына 1 млрд м3 және 2,5 млрд м3 болатын екі газ өңдеу зауыты, жаңа КС-14 компрессорлық стансасы және «КС-14-Қостанай-Ақтөбе» магистралды газ құбыры, сондай-ақ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» МГҚ екінші желісі салынады.

ГӨЗ құрылысы өңдеу қуатын арттыру арқылы шикі газды тиімді пайдалануға бағытталған. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін салу оңтүстік, орталық және солтүстік өңірлерді газбен жабдықтаудың, сондай-ақ экспорт көлемін сақтаудың арқасында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жаңа компрессорлық станса мен «Ақтөбе-Қостанай» магистралды газ құбырын іске қосу Қостанай облысының халқы мен өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиынға қатысушылар мәміленің негізгі шарттарын бекітті. «QazaqGaz» және «UCC Holding» жалпы маңызды төрт жоба бойынша ортақ келісімге келгені атап өтілді. Алдағы уақыт­та оларды бірлесіп жүзеге асыру жұмыстары басталады.

Премьер-министр жобаларды іске асыру кезінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы тобының ішкі құзыреттерін және отандық өндірушілердің өнімдерін барынша пайдалануды тапсырды. Сонымен қатар Энерге­тика министрлігіне газ саласының табыстылығын әрі қарай арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.

«Қазақстан Президенті мен Қатар Әмірі арасындағы уағдаластықтар еліміздің экономикасы үшін аса маңызы бар бірқатар мега-жобаны бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді. Біз елімізде заманауи қуат­ты газ өнеркәсібін құру жолында орнықты түрде алға жылжып келеміз. Жобаларды іске асыруда ешқандай іркілістер болмауы керек. Барлық мәселе менің жеке бақылауымда», деп атап өтті Олжас Бектенов.

Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда газ өндіру көлемі 60,456 млрд м3 дейін өседі деп күтілуде. Өндірістің 85%-дан астамын Теңіз (27%), Қарашығанақ (38%) және Қашаған (20%) жобалары қамтамасыз етіп отыр. Газ саласының даму қарқынын елімізде кейінгі жылдары газ өндірудің тұрақты өсіп келе жатқанынан байқауға болады. 2024 жылы тауарлық газ өндірісі 28,054 млрд м3 көлемінде жоспарланып отыр. Газдың болжамды балансына сәйкес 2024 жылы ағымдағы ішкі тұтыну 20,9 млрд м3 құрайды.