Деректерге сүйенсек, Хан Кененің бір қылышы Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Музей қорына Әзімхан Кенесарин өз қолымен апарып тапсырған. Алайда аталған қылыш бұған дейін ешқандай көрме залына қойылмапты, тек тарихи жәдігерлер қорында құпия сақталған.
Қылыштың өзі шағын, жеңіл, ұстауға ыңғайлы. Ханның жорыққа ұстайтын қылышы болса керек. Тіркеу кітапшасында жәдігер туралы барлық дерек жазылған. Айта кетейік, бұл кітапша заңды құжат болып есептеледі.
Онда «152.8-VI-1931. Подарок внука К.Касымова – Азымхана Кенесарина. Сабля, принадлежащая султану Кенесары Касымову. Кривая, с ножными из кожи, рукаятка из кости. Материал железа. дл. лезвия 70 см. дл. рукаятка 15 см. Старая, ржавая» деп анық жазылған.
Осы қылышты Оңтүстік Қазақстан облыстық өлкетану мұражайына өткізген Әзімхан Кенесариннің кім екенін біреу білсе, біреу білмес. Әзімхан – Кенесарының бәйбішесі Күнімжаннан туған баласы Ахметтің ұлы. Былайша айтқанда, Кенесарының немересі.
Ұлты үшін күрескен ердің өмірі, әр сөзі мен әр заты өскелең ұрпаққа құнды тарихи жәдігер болуға тиіс. Жаңа айтқанымыздай, Кенесарының қылышы ешқандай көрме залына қойылмай, құпия қорда сақталып келеді. Егер тарихи қылыш халық алдына ұсынылып жатса, жәдігерді көрген жас ұрпақ Хан Кенедей батырдың ғұмырынан тәлім алары сөзсіз.