Мәселен, Индер ауданында 6 мамырда күндізгі сағат 12.00-де Индербор кентінің тұсында өзен арнасының суы 887 см-ге жетті. Мұнда қауіпті шек – 845 см. Демек су қауіпті шектен +42 см-ге көбейіп тұр. Ал Махамбет ауданында өзен арнасы қауіпті деңгейден +13 см-ге асты. Дәл сол уақытта Махамбет аулының тұсындағы су деңгейі 863 см болды.
Өзен арнасындағы су деңгейінің қауіпті шектен асқанына байланысты ахуал күрделене түсе ме? Қазір бұл сауал атыраулықтарды алаңдатып отыр. Өйткені Жайық өзенінің бойында Индер мен Махамбет аудандарының ауылдары, Атырау қаласы мен оның маңындағы бірнеше елді мекен орналасқан. Индер ауданы әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, Индербор кенті мен 6 округтегі 11 елді мекенде 33 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Оның ішінде 15 мектепте оқитын 6 407 оқушы бар.
Бұл ауданда Жарсуат және Құрылыс ауылдары су басу қаупі басым аумақта тұр. Жарсуат ауылдық округінің әкімі Ербол Бөкеевтің айтуынша, Жарсуатта – 2 200, Құрылыс елді мекенінде 700 адам тұрады. Аталған округ үшін эвакуациялық пункт ретінде Индербор кенті белгіленді. Жарсуат ауылында бұрыннан 4,6 шақырым бөгет бар. Сол бөгет толықтай жаңартылып, оған қосымша 2,3 шақырым бөгет соғылды. Ал Құрылыс ауылында 5,6 шақырым бөгет толықтай қайта жаңартылды. Осылайша, округ бойынша 12,5 шақырым бөгет салынды. Қазір қауіпті аумақта тұрған ауылдарда Тараз қаласынан келген – 52 сарбаз, Төтенше жағдайлар департаментінен 21 маман жағдайды қадағалауға алды. Қосымша техникалар да бар.
Аудандық орталық аурухананың директоры Анаргүл Доспаеваның мәліметінше, сәби күтіп жүрген 258 жүкті ана есепке алынған. Ал 33 жүкті ана су басу қаупі басым Жарсуат, Құрылыс ауылдарында тұрады. Оның ішінде 13 ана мамыр айында босануы мүмкін. Сол себептен біреуі Атырау қаласына жіберілген. Босанатын күні жақындаған аналарды орталық ауруханаға эвакуациялау жоспарланып отыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайыновтың дерегінше, Жайық өзенінің жағалауында 35 шаруа қожалығы орналасқан. Су тасқыны қаупіне байланысты 25 мың малды қауіпсіз аумаққа шығару жоспарланып отыр. Осы мақсатта төрт түлікті қоршауда ұстау үшін 25 орын дайындалып, 1,5 мың мал қауіпсіз аумаққа айдалды.
Қазір ауданда 15 эвакуациялық пункт ашылып, 1 600 орын дайындалды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Парасат Боранбайұлының айтуынша, тұрғындарды көшіру қажеттілігі туындаған жағдайда эвакуациялау жұмыстарына 150-ге жуық қызметкер жұмылады. Тұрғындарды тасымалдауға 20-дан аса техника дайын тұр. Су басу қаупі туындаса, дабыл белгісі іске қосылады.
Бұл аудандағы эвакуация пунктінің бірі Индербор кентіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте орналасқан. Мектеп директоры Мереке Жұмашеваның айтуына қарағанда, қазір мұнда 45 кереует, 45 әскери төсек-жабдық алынып, спорт залда 90 орын әзірленген. Білім ордасындағы асханадан бір мезгілде 100 адам тамақтана алады.
Индер ауданындағы гуманитарлық көмекті үйлестіруші Алтынбек Маратұлының мәліметінше, 20 тоннадан аса азық-түлік қоры Атырау қаласынан жеткізілген. Оның ішінде бірінші кезекте тұтынуға қажетті ұн, макарон, сүт, күнбағыс майы, көкөністер және гигиеналық заттар бар.
Ал Махамбет ауданының жедел штабы күшейтілген жұмыс режіміне көшті. Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, Жайық өзенінің жағалауында 65,5 шақырым бөгет тұрғызылып, топырақ толтырылған 1 млн 077 мың 920 қап төселген. Бөгеттің орташа биіктігі – 2,5 метр.
Бұл аудандағы 9 округте 21 елді мекенде 30 940 адам тұрады. Жайық өзеніне жақын орналасқан 17 ауылдың маңында 105 шақырым бөгет салынған. Қазір 15 мектепте дәріс алатын 6 288 оқушы сабақты онлайн оқуға жіберілді. Ауданда 22 эвакуациялық пункт ашылып, су басу қаупі төнсе, тұрғындарды қабылдауға дайын тұр. Қауіпсіз аймаққа 5 400 төрт түлік шығарылды.
«Жайық өзенінің деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Біздің аудан үшін су тасқыны қаупі өзекті мәселе болып қала береді. Қорғаныс бөгетін салу жұмыстары аяқталғанымен, қосымша нығайту жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Аудандық әкімдіктің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары, еріктілер елді мекендерді су тасқынынан қорғауға жұмылып отыр», дейді Қ.Нұрлыбаев.
Махамбет ауданында әр ауылдық округте тәулік бойы кезекшілік атқаратын жауапты мамандар бекітілді. Арнайы кестеге сәйкес кезекшілікті аудандық мәслихаттың депутаттары, белсенділер мен аудан әкімдігінің өкілдері тәулік бойы атқарады. Қазір кезекшілер үшін 40 бекет ашылды. Су айдынына жақын маңдағы ауылдарда жағалауды бекіту жұмысына әскери бөлімдердің 651 сарбазы, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайтын құрылымдардан 200 қызметкер, 320 ерікті мен 108 техника тартылды.
Аудандағы гуманитарлық көмек штабының жетекшісі Жексенбай Пазуловтың мәліметінше, осы кезге дейін 30 тонна гуманитарлық көмек қоры жинақталды. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен бүлінбейтін өнімдер Атырау қаласынан жеткізіліп жатыр.
«Бір айда штабқа жеткізілген 30 тонна гуманитарлық көмектің арасында 100 кг киім бар. Гуманитарлық жүк ауданға аптасына екі рет жеткізіледі. Біз жүкті өзіміз түсіреміз. Азық-түліктің жарамдылық мерзімін тексереміз. Түріне байланысты сұрыптаймыз. Жинақталған қорда бірінші кезекте тұтынатын құтыдағы су, ұн, күнбағыс майы, қарақұмық, сәбилерге арналған гигиеналық жөргектер және басқа да қажетті заттар бар», деді Ж.Пазулов.
Махамбет аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышеваның айтуынша, мұнда 22 эвакуациялық пункт дайын тұр. Тұрғындарды тасымалдауға 24 автобус пен Газель бөлінген. Бұған қосымша жеңіл көліктер де тасымал жұмысына қосылады. Бұл көліктермен бір мезгілде 200 адам тасымалданады. Көліктердің қозғалыс маршруттары анықталған.
Батыр атындағы ауданның Сарайшық ауылында ортағасырлық Сарайшық қалашығы орналасқан. Ауылдық округ әкімі Жаннат Кенжеғалиеваның айтуынша, елді мекенде су тасқынынан қорғайтын 13,6 шақырым бөгет бар. Оның 5,4 шақырымы бұрын тұрғызылса,
8,2 шақырым жаңадан салынды.
«Жайық өзенінің суынан ауылға да, ортағасырлық Сарайшық қалашығы мен оның аумағындағы көне қорымдарға да қауіп төнбейді. Мұндағы археологиялық қазба орындары мен ескі қорымдар биіктігі 2,5 метр бөгетпен қоршалды. Тарихи қалашықтағы сапар-орталығының қоршауы жаңартылды», деді Ж.Кенжеғалиева.
Сарайшық ауылында орналасқан Қ.Қарашаұлы атындағы орта мектепте 300 адамды қабылдайтын эвакуациялық пункт ашылған. Мектептің директоры Дания Сабырованың айтуынша, оқушылар 10 сәуірден бері сабақты онлайн оқуға жіберілген. Эвакуациялық пунктке бірінші кезекте тұтынуға қажетті заттар, оның ішінде су, азық-түлік, дәрі-дәрмек пен жеке күтім жасауға арналған гигиеналық құралдар жеткізілген.
Атырау облысы