Айбын • 07 Мамыр, 2024

Шеберлік пен шыңдалу мектебі

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің құрылғанына 40 жыл толады.

Шеберлік пен шыңдалу мектебі

Қазақ КСР Оқу-ағарту ми­нистрлігінің 1984 жыл­ғы 29 мамырдағы №115-158 бұй­ры­ғының негізінде, Шым­кент об­лыстық атқару комитетінің сол жылғы 5 шілдедегі бұйрығы­мен «Республикалық орыс тілін те­реңдетіп оқыту және әскери кәсіпке бағытталған мамандандырылған мектеп-интернаты» ашылды. 1992 жылы Министрлер кабинетінің 9 шілдедегі №587 «Орыс тілін тереңдетіп оқытатын және әскери дене шынықтыруға дайындайтын мамандандырылған мектеп-интернаттың жасақталуы мен қайта аты берілуі туралы» қаулысымен мектеп «Республикалық әскери мектеп» болып өзгертілді. Үкімет­тің 2003 жылғы 30 мамырдағы №497 қаулысымен мектепке Ке­ңес Одағының батыры Сабыр Рақымов есімі берілді. Ал Үкі­меттің 2015 жылғы 26 қыр­күйек­тегі №789 «Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым минис­трлігі қарамағынан Қазақстан Республикасы Қорғаныс минис­трлігінің қарамағына беру және мемлекеттік мекемені қайта атау туралы» қаулысына сәйкес Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы Шым­кент республикалық «Жас ұлан» мектебі болып аталды.

Мектептің мақсаты – білімі терең, дайындығы мықты, шыңдал­ған, әскери қару-жарақты шебер меңгерген, Отанын, мемлекет мүд­десін қорғай алатын аза­­мат­тар даярлау. Ұжым­ның бас­ты міндеттерінің бірі – тәр­биеленушілерді отансүй­гіштікке бау­лып, болашақта әскери жоғары оқу орындарына түсуіне көмектесу мақсатында түлектерді ҰБТ сынағына сапалы даярлау және жоғары оқу орнында білімін жалғастыруына лайық заманауи білім беру. Осы жылдар аралығында мектепті 3 мыңнан астам түлек бітіріп, еліміз бен алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарына жолдама алды. Басым бөлігі қазірде Қарулы күш­тердің түрлі саласында еңбек етіп келеді. Ел аумағында, өзге де мемлекеттерде қапысыз қызмет атқарып, мектеп абыройын асқақтатып жүр.

Қырық жыл ішінде мектеп түлектері қатарынан 6 бірдей генерал, бірнеше қоғам қайраткері, көптеген биік лауазым иелері шықты. Олар – ұлағат ұясының мақтаныштары.

Мемлекет тарапынан қол­ға алынып жатқан қамқорлық­тың арқасында, сондай-ақ де­­меу­­­ші­лердің күшімен «Жас ұлан» мекте­бінің мате­­риал­­дық-тех­никалық базасы жыл санап нығайып, ұлан­­дар­дың сапалы білім алуына қо­лай­лы жағдай жасалып келеді. Соғыс жылдарында өшпес ерлік пен қайтпас қайсарлықтың үлгі­сін көрсеткен қазақ батыры, Орталық Азиядан шық­қан тұңғыш генерал Сабыр Рақы­мов атындағы мектептің тәрбие­ленушілері де батыр ата­сы­ның есіміне лайық еліміздің қорғаны, Отанымыздың нағыз патриоты болып шығатынына сенім мол.

 

Айкен ОСПАНҚҰЛОВА,

республикалық «Жас ұлан» мектебінің қызметкері

 

ШЫМКЕНТ