Коллажды жасаған – Алмас манап, «EQ»
Қай затты қанша алып өте аламыз?
Мемлекеттік кірістер комитеті Саудалық емес айналым басқармасының бас сарапшысы Қуат Қалдашевтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу тәртібі мен шарттарының ерекшеліктері Кедендік кодекстің 39-тарауында айқындалған. «Кеден одағы кедендік шекарасы арқылы жеке тұлға өткізетін заттарды жеке пайдалануға арналған тауарларға жатқызудың критерийлеріне сәйкес келесі тауарлар жатады», деген ол рұқсат етілетін дүниелердің санын тізбектеді.
Егер олардың саны мына көрсеткіштерден аспаса: тауар позициясында жіктелетін аң терісінен жасалған бұйымдар 1 зат, ұялы телефон, смартфон, планшет – бір адамға 2 бірлік, портативті тасымалданатын компьютерлер және олардың керек-жарақтары (ноутбук, нэтбук) – бір адамға 1 бірлік, зергерлiк бұйымдар – бiр адамға 5 зат, велосипед – бiр адамға 1 дана, бала арбасы – бiр адамға 1 дана. Сонымен қатар Кеден одағы кедендік шекарасы арқылы жеке тұлғаның өту және оның тауарларды өткізу жиілігі айына 1 реттен аспауға тиіс. Ал Кеден одағы кедендік аумағына кез келген тәсілмен әкелінетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, егер олардың саны жылына 1 бірліктен асса, кәсiпкерлiк қызмет мақсатына арналған деп қарастырылады. ЕАЭО кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешіміне сәйкес құндық, салмақтық және сандық нормалар шегінде ғана әкелінеді.
«Өткен айдан бастап бажсыз әкелу шегі өзінің бұрынғы деңгейіне дейін төмендеді. Яғни әуе тасымалынан басқа жаяу және ілеспе немесе ілеспе емес багажбен әкелінетін тауарлар үшін норма 500 еуро және 25 кг құрайды. Ал тасымалдаушы немесе халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы жеткізілген тауарлар үшін норма 200 еуро және 31 кг. Егер тауардың құны мен салмағы көрсетілген нормалардан асып кетсе, тауар құнының 30%-ы төленеді. Бірақ ілеспе немесе ілеспе емес багажда әкелінетін тауардың асып кету бөлігінде 1 кг салмақ үшін берілетін ақы 4 еуродан кем болмайды», деді Қ.Қалдашев.
Оның айтуына қарағанда, егер тасымалдаушы немесе халықаралық пошта жөнелтімдерінде жеткізілген тауарлар нормадан асып кетсе, құн нормасынан асып кету бөлігінде тауар құнының
15 пайызы төленеді. Бірақ салмақ нормасынан асып кету бөлігінде 1 кг салмақ үшін кемінде 2 еуро ақы төленеді. Сондай-ақ жеке тұлғалармен жеке пайдалануға арналған тауарларды өткізу шеңберінде, төменде өткен жылғы және биылғы 1-тоқсандағы кезеңге ҚР заңнамасына сәйкес анықталған бұзушылықтар туралы мәліметтер келтірілген.
Есірткі заттары мен прекурсорлардың контрабандасы тыйылмай тұр екен. Былтыр – 67 факт, биыл 1-тоқсан – 42 факт. Тиісті материалдар қылмыстық іс қозғау үшін уәкілетті органға берілді. Онда валютаны заңсыз шығару да бар. Былтыр 9,3 млн АҚШ доллары шетелге шығарылып кеткен. Жалпы, 198 әкімшілік іс қозғалып, 6,8 млн теңге айыппұл өндірілді. Биыл 1-тоқсан – 2,1 млн АҚШ доллары. Ол бойынша 52 әкімшілік іс қозғалып, 1,9 млн теңге айыппұл салынды.
Мәселен, 2023 жылғы 4 мамырда Шымкент-Ыстанбұл рейсінде құны – 41,1 млн теңгені құрайтын, салмағы – 1,434 кг алтынды заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілді. Аталған құқық бұзушылық Экономикалық контрабанда бойынша қылмыстық іс қозғау үшін ЭТД-ға берілген. Бұдан бөлек, «Қорғас» ШЫХО-да 2024 жылғы 13 наурызда кедендік бақылау жүргізу кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметімен бірлесіп, «Toyota» автокөлігінің қосалқы дөңгелегінде бақылаудан жасырылған «ақбөкен мүйіздері» анықталған. Жалпы саны – 205 дана. Қылмыстық іс қозғау үшін материалдар уәкілетті органға берілді.
Кедендік құн қалай айқындалады?
Тауарлардың кедендік құнының айқындалуы бюджетке төленетін кедендік төлемдер мен салықтардың мөлшеріне тікелей әсер етеді. Сондықтан кеден органдарының осыған қатысты бақылауы кәсіпкерлер үшін маңызды болып табылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Тарифтік реттеу және құн басқармасы басшысының орынбасары Қ.Асаубаева айтып берді.
«Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құны 2017 жылғы 13 желтоқсанда еліміздің заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы халықаралық шартқа (ЕАЭО КК) сәйкес айқындалады. Ал тауарлардың кедендік құны оларды кедендік рәсіммен орналастыру кезінде анықталмайды. Оның тәртібі былай: 1) кедендік транзит, 2) кеден қоймасы кедендік рәсімі, 3) кедендік жою тәртібі, 4) мемлекет пайдасына бас тартудың кедендік рәсімі немесе 5) арнайы кедендік рәсім», деді басқарма басшысының орынбасары.
Әйтсе де одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың кедендік құны өз еліміздің Кедендік кодексіне сәйкес айқындалады екен. Сарапшының сөзіне құлақ қойсақ, тауарлардың кедендік құнын декларант анықтайтынын баса айтқанымыз жөн. Мұнда тағы бір ескерілетін нәрсе, тауарлардың кедендік құны мен оны айқындауға қатысты мәліметтер анық, сандық түрде айқындалған және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс.
«Тауарлардың кедендік құнын айқындау рәсімдері жалпыға бірдей болуы керек. Яғни тауарларды жеткізу көздеріне, оның ішінде шығарылған жеріне, олардың түріне, мәмілеге қатысушыларға және басқа да факторларға байланысты ерекшеленбегені ләзім. Десек те тауарлардың кедендік құнының негізі мүмкіндігінше ЕАЭО КК-нің 39-бабында айқындалған мәнде осы тауарлармен мәміленің құны болуға тиіс. Ал әкелінетін тауарлардың кедендік құнын олармен жасалған мәміленің құны бойынша айқындау мүмкін болмаған жағдайда заттардың кедендік құны дәйекті қолданатын (2-әдіс), біртекті (3-әдіс) тауарлармен жасалған мәміленің құны бойынша әдістерге, қосу, шегеру әдістеріне және резервтік әдіске сәйкес айқындалады», деді Қ.Асаубаева.
Бұл ретте бірдей, біртекті тауарлармен мәміле құны бойынша әдістерге сәйкес әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін құндық негізді таңдауды негіздеу мақсатында кеден органы мен декларант арасында консультациялар жүргізілуі мүмкін екен. Кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органы тауарлардың кедендік құнын айқындау мен мәлімдеудің дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады.
2018 жылдан бастап елімізде кедендік декларациялау «Астана-1» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда жасалады. Негізі тауардың кедендік құнын бақылау тауар шағарылғанға дейін де, одан кейін де атқарылады. Тәртіп бойынша Тәуекелдерді басқару жүйесі тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізуді тағайындаған кезде, затты шығарғанға дейін кеден органының қызметкерлері ЕАЭО КК-нің 325-бабына сәйкес құжаттар мен мәліметтерге және кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу жөніндегі міндетті орындауды қамтамасыз ету сомасы мөлшерінің есебіне сұрау салу жолдайды.
Спикерлер кәсіпкерлерге жақсы жаңалық бар екенін айтты. Бұдан былай ЕАЭО кеден заңнамасында сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған. Олар түгелімен тексеру барысында мәлімделген кедендік құнды растайтын болыпты.
Егер тауар шығарылғанға дейін басталған құжаттар мен мәліметтерді тексеру нәтижелері бойынша мәлімделген кедендік құны расталса, сондай-ақ шарттар бір мезгілде орындалған болса, төмендегідей тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізілмейді:
- бір сыртқы экономикалық келісім (келісімшарт) шеңберінде мәміленің өзгеріссіз шарттарымен әкелінетін импорттық тауарлар мен бұрын әкелінген тауарлар бірдей болса;
- әкелінетін тауарлардың кедендік құнына бақылауды жүзеге асыру кезінде бұрын әкелінген бірдей тауарлардың кедендік құнына бақылауды жүзеге асыру кезіндегідей мән-жайлар анықталса;
- тауарларға арналған декларацияда тауарлардың кедендік құны бұрын расталған тауарларға арналған декларацияның тіркеу нөмірінде көрсетілген болса;
- бұрын әкелінген бірдей тауарлар шығарылған күннен бастап уақыты бағаланатын тауардың ДТ тіркелген күнінен бергі күнтізбелік 180 күннен аспаса, тауардың кедендік құнына бақылау қайта жасалмайды.