Пікір • 10 Мамыр, 2024

Сағынған елін аңсайды

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқының бірлігі күні – елімізде ғана емес, сонымен қатар түрлі мәдениеттер мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен үйлесімді еске салатын күн. Бұл күн бізге алуантүрлілік күштің және шабыт көзі бола алатынын, бөлінудің емес, бірігудің үлгі-өнегесін көрсетеді. Мерекенің маңызы ұлттық шекаралардан асып, дүниежүзіндегі қазақтардың да жүрегіне жететіні сөзсіз.

Сағынған елін аңсайды

Фото: turkystan.kz

Басқаша айтқанда, бұл күні ерекше назар аударылатын нәрсе – тарихи ота­нына оралған этностық қазақтарды және шетелдегі қазақ диаспорасын тарту. Қазақ­станда және бүкіл әлемде тұратын қазақтар арасындағы байланыс мәдени алмасулар, білім бағдарламалары және қоғамдық бастамалар арқылы нығая түседі. Бұл мәдениетімізді географиялық орналасуы­на қарамастан сақтауға және дамытуға мүмкіндік береді.

Бүгінде әлемнің 40-қа жуық елінде 5 миллиондай қазақ тұрады. Оның ішінде, ресми деректерге сәйкес Қытайда – 1,6 миллион, Өзбекстанда – 821 мың, Ресейде – 592 мың, Моңғолияда – 120 мың, Қырғызстанда – 30 мың, Түрікменстанда – 15 мың, Тәжікстанда 2 мыңға жуық.

Шетелде қазақтар мен қазақстан­дық­тар­дың 250-ден аса ұйымы жұмыс істейді. Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» қоғамы олардың көпшілігімен тығыз байланыс орнатқан. Аталған ұйымдардан тіл үйрену, мәдениет пен дәстүрді сақтау бойынша түрлі талап-тілек түсіп тұрады.

Қор 2019 жылдан бастап шетелдегі қандастарымызға қазақ тілін онлайн және офлайн форматтарда тегін үйретіп келеді. Өткен жылдан бері бірқатар елде ұлттық құн­дылықтарды дәріптейтін үйірмелер ашылды (домбыра, би, қолөнер, ұлттық спорт түрлері). Сонымен қатар қазақ орта­лықтарына «Қоржын» жобасы аясында Мемлекеттік ту, ұлттық киімдер, дом­быра және қолөнер бұйымдары табыс етілді. Балаларға ондаған шығармашылық байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздары еліміздегі жазғы лагерьлерге тегін жолданады. Мектеп түлектері Қазақстан Респуб­ликасындағы жоғары оқу орындарында ұсынылған дайындық бөлімі, стипендиялық бағдарлама және білім гранттарын иелене алады.

Бірлігіміз бен ынтымағымыздың шынайы күші – оның шекаралардан тыс жалғасуында. Шетелдегі отандас­та­рымыздың Қазақстан төңірегінде ұйысып, бірігуі өте маңызды, өйткені олар­ды жұ­мылдыру арқылы біз мәдени бай­лы­ғы­мыз бен дәстүр­леріміздің жалғасын қамтамасыз ете аламыз.

Шетелде тұратын отандастарымыз еліміздің қиын кезеңдерінде өз бірлігін айқын көрсетті. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға олар гуманитарлық көмек пен қаржылай қолдау жіберді. Бұл іс-әре­кеттер қазақ халқының Жер шарының қай бұрышында болмасын әрдайым біртұтас екенін дәлелдейді.

Шетелдегі қазақтардың тарихи отанына деген сезімдерін ояту және оларды Қазақстанның өркендеуіне, гүлденуіне белсенді үлес қосуға үндеу арқылы ұлттық сана-сезімді күшейтіп, елдік мүддемізді жаһандық деңгейде ілгерілете алатынымыз сөзсіз.

 

Ержан МҰҚАШ,

«Отандастар қоры» КеАҚ Коммуникация және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры