Егемен Қазақстан • 10 Мамыр, 2024

«Хат қоржын»

127 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Ежелгі Тараз – Төменгі Барысхан

Жер атауларының қайдан шыққанын білуге көптен ынта танытып келемін. Әсіресе Төменгі Барысхан деген ежелгі атау (бүгінде бұл Байзақ ауданындағы Қостөбе ауылдық округіне карасты Талас аулының аумағы) ерекше қызықтырады. Біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдықтағы осынау көне қалашық Ұлы Жібек жолы бойын­да, Тараз қаласынан қол созымдай ғана жерде орналасқан. Мыңжылдықтар ауысып жатса да, Төменгі Барысхан тарихы көнермей, елмен бірге өмір сүріп келеді.

Менің жасөспірім кезімде көнекөз қариялар өлкеміз туралы аңыздарды сыр етіп шертетін. Біздің дәуірімізге дейінгі І мың­жылдықта қасиетті жерімізде сақтар, үйсіндер, сәл кейінірек кар­­лұқтар мен басқа да түркітектес елдер өмір сүрген. Қаратау баурайы­на жұрт қала тұрғыза бастады. Өз бастауын биік таулардың қарлы шың­­дарынан алатын Талас өзені буырқанып ағып жатты. Ол – қазір де облыстағы ең үлкен өзеннің бірі. Ерте заманда өзен өлкеміздің кереметі саналды. Аңғарлары, жазықтары көк майсаға бөленіп тұрды. Өзен жағасында жабайы алма, алмұрт, шие, өрік, қарақат, долана, шырғанақ, қараған, самырсын, итмұрын тұтаса өсіп тұратын. Ақ қайың, терек, қарағаш, Тянь-Шань шыршасы, жаңғақ ағашы таудың басына дейін өрмелей өсіп, қайта аңғарларға қарай құлайтын. Өзен суында балықтың алуан түрі жүзіп жүрсе, жағалауында үйрек, қаз, аққұтан мен көкқұтан, ну тоғайлардың арасында жабайы мысық, тағы басқа жан-жануар көп еді.

Тау етегіндегі жердің жұмсақтығы соншалық, оны ағаш кетпенмен-ақ өңдей беруге болатын. Осыған орай әр тұрғын өзі ұнатқан ісімен айналысты, әр алуан қолөнерлік кәсіпті дамытты. Темір ұсталары, әйнек жасаушылар, зергерлер, балшықтан ыдыс жасаушы шеберлер, тігіншілер, ағаш ұсталары ерекше қадірленетін. Жалпы, Төменгі Барысхан тұрғындары ерекше еңбекқорлығымен танылды. Мол өнім өсіре білудің арқасында Талас аңғарының жері өз тұрғындарын ғана емес, Тараз қаласының да, соның ішінде жер өңдемейтін жауынгерлерді, қолөнершілерді, әміршілердің қызметшілерін асырай алатын. Айтпақшы, Барысханның тұрғындары тұт ағашын да өсірді, Тараз қаласының шеберлерімен бірге жібекпен тігіншілік ету Қытай шеберлерінің ғана үлесіне тиген іс емес екенін дәлелдеп шыға алды. Ерте замандағы біздің шеберлер тоқыған жібек мата Қытай мен Үндістанның, Византияның маталарынан кем түспеді.

Ал жер атауының неліктен Төменгі Барысхан аталуына келсек, бұл туралы ертеден келе жатқан бір аңыз бар. Осыдан мыңдаған жыл бұрын Қаратау баурайын ержүрек, еңбекқор, намысқой жұрт жайлаған екен. Олар қиындықтың бәрін жеңе біліп, үйлер тұрғызды, әр алуан кәсіпшіліктерді дамытты. Биік шыңдарын қалың қар басып жататын тауда және оның аңғарларында, жазықта барыс, қас­қыр, арқар, түлкі, аю, ақбөкен, тағы басқа да аң жыртылып айы­рылатын. Ол кездің адамдары өте ырымшыл болған. Кез келген табиғат құбылысын: жаңбырды, күшті дауылды немесе жер сілкінісі сияқты апаттарды құдайдың кәрі деп қабылдады. Әйтсе де олар үшін ең қадірлі киелі тау барысы еді. Жергілікті халық бұл киені ерекше құрметпен барысхан деп атады. Жыл сайын көктемгі күн мен түн теңелген кезде Қаратау етегін жайлаған тұрғылықты ел Барысханға құдайы тамақ беруді өздерінің үлкен парызы санайтын әрі бұл іс-шараға үлкен құрметпен, сүйіспеншілікпен дайындалатын.

Дәл осы жерде Қаратаудың төменгі етегі де («Төменгі» атауы да осыдан шыққан) Барыс құрметіне «Төменгі Барысхан» аталғанын айта кетейік.

Ғайни КӨШЕКБАЕВА,

тарихшы-құқықтанушы

 

Жамбыл облысы,

Байзақ ауданы

 

 

Күй дарып, жыр қонған әулет

Күй өнері – құдіретті өнер. Ол ықылым заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан киелі өнер. Онда халқымыздың мұң-зары, арман-аңсары астасып жатыр. Яғни осы өнер арқылы қайғы мен қуаныш, жақсылық пен жамандық атаулы діттеген жеріне жеткізіліп отырған. Бұл сөзімізге қазақ өмірінің тілсіз тамыршысы, азаткерлік рухының ұраншысы іспетті. Ұлттық тарихымыздың әуен тілінде жазылған ұлы эпопеясы деуге болатындай Құрманғазының атақты бес күйі – «Кішкентай», «Ақбай», «Ақсақ құлан», «Түрмеден қашқан» және «Адай» күйлерін мысал ретінде келтіруге болады. Түркештің «Көңілашарын», Қазанғаптың «Көкілі» мен Тәттімбеттің «Саржайлауын» да осы қатардан табамыз.

Ал бертінге қарай келсек, Нұрғиса Тілендиевтің «Аққуын», Секен Тұрысбековтің «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауынын», Асылбек Еңсеповтің «Балалық шақ», «Күй басы» күйлерін, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» осы лекке қосуға әбден болады.

Енді негізгі айтпағымызға қарай ойыссақ, оңтүстіктің шалғайдағы теріскей өңірі – қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, жеріне құт-береке дарыған өнерлі өңір. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «...Теріскейге барсаң, күйшімін деме», деп текке айтпаған болар. Кезінде осынау аймақтан шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы, одан беріде Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмізов, Ергентай Борсабаев секілді он саусағынан күй сорғалаған шебер күйшілер өткен. Қазіргі кезде де осынау ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, жалғасып келеді.

Қарт Қаратаудың баурайында табиғаты әсем, күмістей бұлағы сылдыраған аядай ғана Қарабұлақ деген ауыл бар. Осындағы Жүзбаевтар отбасын жерлестері «өнер қонған әулет» деп орынды атайды әрі мақтан етеді. Шаңырақтың иесі Әлімхан көкеміздің өзі де шебер күйші еді. Сахнаға шығып, домбыра шанағынан күй төгетін. Соның әсері болар, ұл-қыздарының бәрі де өнерлі болып өсті. Жанғали мен Сәрсенғали – республикаға белгілі күйшілер. Эфир арқылы олар жүргізетін «Күй күмбірі» хабарын тұшынып тыңдаймыз.

Қызы Жұпар мен ұлы Дәулет – ақындар. Жұпар Жүзбаева бірер жинақтың авторы, мектепте мұғалім, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді.

Теріскейліктердің мақтанышы, күй мен жыр қатар қонған Жүзбаевтардың әулетін басқалар да біле жүрсін деген ниетпен қолға қалам алған болатынбыз.

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

 

Түркістан облысы