Қазақстан • 15 Мамыр, 2024

Елімізді қалай сақтандырамыз?

96 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер, су апаты – табиғи құбылыс, десе де бүтін елді қауіп-қатердің осы түрінен сақтандыру мүмкін бе? Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі отандық сақтандыру секторын дамытудың 2024 жылға арналған бағдарламасын әзірледі. Құжат ақпан айында нарық ойыншыларының назарына ұсынылды. Онда апатты тәуекелдер туындаған жағдайда ел азаматтарының меншігін қорғау тетіктерін халықаралық сарапшыларды тарта отырып анықтау жолдары ескерілген.

Елімізді қалай сақтандырамыз?

«Freedom Insurance» басқарма төр­ағасы Азамат Керім­баев­тың айтуынша, сақтандыру полисі су тас­қыны немесе жер сілкінісі сияқ­­ты тәуекелдерді қамты­майды. Бұл бағыт өте қым­бат. Қайта сақтандыру бағдар­ламалары бірнеше жүз мың, тіпті миллиондаған дол­лар­­дан бастап 5 миллион, 25 мил­лион доллар және басқа да тә­уекелдерді өтейді. Бірақ жыл­жымайтын мү­лікті сақ­тан­дыру полис­теріне сұ­раныс жоғары емес. Жинал­ған ақша қайта сақтан­­дыру сыйлықақысын сатып алуға жетпейді. Сол себепті, сақ­тан­дырушылар мұндай нысандарды жаппай сақтандырмайды.

Сарапшылардың ай­туынша, табиғи апат болғанда мемлекеттің көмегіне иек арту – нарық заңының дамуын тежейтін консервативті бағыт. Дамыған елдерде табиғи апат кезіндегі шығын сақтандыру компаниялары есебінен өте­ле­ді. Бұл – Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезінен бастап қолға алын­ған, әбден жүйеленген дәстүр.

Әзірге шығын мемлекет есебінен өтеледі деген құрғақ ақпарат пайда болып жатыр. Мысалы, «Еуразия» сақтандыру компаниясының апат шығынын 6 млрд теңге деген пайымына тәуелсіз сарап­шылар күмәнмен қа­райды. Су тасқыны кезінде то­пан судың астында қалған автожол, теміржол, көпір, су қоймаларының қаншалықты жарамсыз болып қалғанын бағамдау оңайға соқпайды. Бұдан басқа да шығын түрлері жетіп-артылады. Осы тұста «біз неге сақтандыру қызметі арқылы әлеуметтік проблеманы шеше алатын елге айнала алмай отырмыз» деген көптен бері айтылып келе жатқан сұрақ тағы да алдымыздан шығады.

Қаржыгер Расул Рыс­мам­бетов­­тің айтуынша, сақ­тан­дыру сегментінде ол­қылық көп.

«Біз орталықтан шал­ғай аймақтар ғана емес, бір Алматының өзін сақтандыра алмай отырмыз. Себебі елде сақтандыру мәдениеті қалыптасқан жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Алматыда тұрғын үй қорының жалпы ауданы 52 миллион шаршы метр екен. 1 шаршы метрдің орташа бағасы – 700 мың теңге. Сонда тек баспананың өзі 36 триллион теңге тұрады деген сөз. Салыстыру үшін айтсақ, бүкіл Қазақстанның 2024 жылға арналған бюджеті 24 трил­лион теңгені құрайды», дейді.

Оның айтуынша, бір пакет бойынша жер сілкінісі немесе өзге де апаттардан сақтандыратын өнімдерді сатып алуға болады. Сақтандыру бағасы сақтандыруға кіре­тін тәуекелдер санымен анық­талады. Осы ретте сарап­шы сақтандыру нары­ғын­дағы ойын тәртібін өзгер­т­­песек, жағдайдың өзгермей­тінін ашық айтып отыр. Ірі мега­полистердегі ірі нысан­дарды ғана сақтандыру­мен айналысатын компаниялар үшін аймақтағы инф­ра­құры­лымдар да, ауылдың мал-жаны да тартымсыз.

Р.Рысмамбетовтің айтуынша, тәжірибесі бар компаниялардың мүмкін­дігін ауылдың мүмкіндігіне бейімдеу керек деген сөз айтуға ғана оңай. Ол үшін мемлекеттің қолдауы керек.

«Біздің географиялық ерек­­шелігімізде су тасқыны тәріз­ді апаттардың басым көп­ші­лігі сырт елдерге байланысты. Өткен аптадан бері Ресей­дегі тасқын судың Қазақ­стандағы 5 өзенге тікелей ағатыны айтылды. Судан келер қауіп тек Ресей емес, Қырғызстан мен Өзбекстан жақтан да сейілген жоқ. Бұл жағдайдың мемлекетаралық сипат алып кеткенін бай­қатып тұр. Елімізді мемлекет-жекеменшік әріптестік негізде ғана емес, сақтандыру компанияларының араласуымен сақтандыра аламыз. Сондықтан Үкімет сақтандыру компанияларының да­мы­ған елдердің компания­лары­мен интеграциялануы­на мүмкіндік беріп, сақтандыру төлемдеріне субсидия жасап, жалпыға бірдей сақтандыру төлемдерін енгізу қажет. Сол кезде ғана ауыл­дағы ағайын мал-жаны мен қора-қопсысына, әкімі инф­ра­құ­рымы мен су қойма­лары­ның жағдайына алаңда­май­ды», дейді сарапшы.