Ғылым • 15 Мамыр, 2024

Заманауи зертханалар

186 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда елімізде жоғары оқу орындарындағы зерттеуге ерекше мән беріліп отыр. Өйткені бұған дейін айтылғандай, отандық университеттер көбіне оқыту және жоғары білім берумен шұғылданды. Ал бүгінгі заманның талабына сай жоғары оқу орындары оқыту моделінен зерттеу деңгейіне өтуге тиіс. Осы орайда университеттер базасында зертханалар ашылып жатыр. Соның соңғыларына шолу жасап көрдік.

Заманауи зертханалар

Электронды құрылғылар құрастырылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», деп Үкіметке міндет жүктеген еді. Соның бір нәтижесі болар, халықаралық технологиялар бағытында мамандар даярлайтын бірден-бір оқу орны Astana IT University-де электронды құрылғылардың тәжірибелік үлгілерін жасайтын зертхана ашылды.

Аталған зертхана мәліметтерді жинауға, алгоритмдерді сынауға, әртүрлі құрыл­ғыларды басқаруға септесетін микро­процес­сорлық тақталар мен басқа да электронды құрылғыларды құрастыру арқылы электроника саласына қатысты жобаларды жүзеге асыру кезінде ғалымдардың идеяларын іске асыруға мүмкіндік береді.

Бұл зертхана агроөнеркәсіп кешеніндегі өндірісті автоматтандыруда, қоршаған ортаны, технологиялық үдерістерді бақылауда, көліктің GPS мониторингінде және басқа да үдерістерде қолдануға болатын осындай құрылғыларды өз бетінше құрастыруда көмектеседі.

 

Қос бірдей зертхана

Ахмет Ясауи университетінде академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы және ғалымдардың гранттық жобалары аясында «STEM және креативтілік» оқу зертханасы мен «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасы ашылды.

Жаңадан ашылған «STEM және креатив­тілік» оқу зертханасы – Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ғылым коми­теті тарапынан қаржыландырылған «Ин­дус­трия 4.0 жағдайында студенттердің креа­тивтілігін STEM білім беру негізінде дамыту», «Инженерлік-техникалық салаларда STEAM білім беру негізінде студенттерді ағыл­шын тілінде даярлау үдерісін дамыту» атты гранттық жобалар аясында құрылды. Оқу зертханасының стратегиялық мақсаты заманауи цифрлық білім беру ортасын құру, физиканы пәнаралық байланыста оқыту­дың тиімділігін іске асыру, STEM өнім­дерді әзірлеу және олардың тиімділігін оқу үде­рісін­де бағалау, білім алушылардың инже­­нер­лік іс-әрекеттерін дамыту, жасалған өнім­­дерді коммерциялау арқылы еліміздегі ғылым мен технологияның дамуына үлес қосу, эко­номикалық тиімділікті жетілдіруді көздейді.

Қазіргі таңда ғалымдар «STEM және креа­тивтілік» оқу зертханасында физиканың білім беру саласындағы өзекті ғылыми мәселелермен айналысып жатыр. Зерттеу тобы жоба аясында бірнеше STEM зерттеу стендтерін іске қосты. 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен әзірленген телескоп жасалды. VR (вир­туальды шындық) технологиясы негізінде физиканың бірнеше тақырыбында 3D модельдік бағдарлама­лар құрылды. Әзірленген STEM өнімдер өнеркәсіптік революцияның білім беру жүйелеріне оң әсерін тигізеді, сондай-ақ әлемдік деңгейдегі өзге де өзекті мәселелердің шешімін іздеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқу орнында «Нанотехно­логиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар» ғылыми зертханасының да лентасы қиылды. Бұл – салалық министр­лікке қарасты Ғылым комитеті тарапынан қаржы­ландырылған «Ядролық өнеркәсіпте қолда­ны­латын цирконий қорытпасын гидр­ленуден және жоғары температуралы тотығудан қорғауға арналған композициялық металл-керамикалық жабын жасау» атты гранттық жоба аясында құрылған зертхана. Ғылыми зертхананың стратегиялық мақсаты жаңартылатын және баламалы энергия көздерін пайдаланудың өзекті іргелі және қолданбалы мәселелерін шешу, энергия үнемдеу, ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу және ғылыми зерттеулердегі әзірлемелерді ком­мер­цияландыруға құрылған.

Бұдан бөлек, зертханада нанотехнологиялар және наножүйелік ғылымдар саласында білім беру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде ғылыми жоба мүшелері зерттеулердің нәти­желерін өндіріске енгізу мен жаңа техноло­гия­лар бойынша шағын кәсіпорындарды ашу бойынша жоспарларды іске асырып
жатыр.

 

Картография және геодезия зертханасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетінің Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану орта­лы­ғында «Цифрлық картография және қолданбалы гео­дезия» зертханасы ашылды. Зертхана заманауи жоғары техноло­гия­лық жабдықтармен, атап айтсақ, радиоқабылдағыш құрылғысы бар DJI Mavic 3 Multispectral квадрокоп­тері, GNSS қабылдағыштар, георадарлар, электрондық тахеометрлер, қолданбалы гео-ақпараттық жүйелер бағ­дарламалар және басқалармен жабдықталған. Аталған зертхана Қазақстан экономикасының аграрлық, құрылыс, тау-кен салаларының міндеттерін шешу үшін картография және геоинформатика кафедрасының ғалымдары, оқытушы-профессорлар құра­мы және білім алушыларының жинақтал­ған ғылыми зерттеу әлеуетін іске асыру мақсатында құрылды. Сондай-ақ зертхана инжинирингтік қызметтер, ғылыми зерттеу жобаларына қатысу, консалтингтік және білім беру қызметтері бағыттары бойынша міндеттерді шешуге бағытталған.

Зертхананы қаржыландыру жеке фирмалар мен салалық ұйымдардың қолданбалы зерттеулері мен тапсырыстары, гранттық және бағдарламалық-нысаналы жобалар шеңберіндегі тапсырыстар, аккредиттелген зертхана шеңберіндегі ұйымдармен шарттық жұмыстар негізінде жүзеге асырылмақ.

Жаңа зертхананың басшысы, доцент, PhD, картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбекова: «Қызметті коммерцияландыру міндеттерін ескере отырып, біз сатудың маркетингтік стратегиясын әзірледік, бұл көрсетілетін жұмыс түрлерінің көлемі мен түрлерін ұлғайтуды, ғылыми-қолданбалы зерттеулер мен шарттық жұмыстарға сұранысты арттыра отырып, аккредиттелген зертхана ашуды көздейді. Табысты дамыған жағдайда инновациялық нарыққа шығуға болады», деді.

Зертхана ұжымы экономиканың агро­өнеркәсіптік, құрылыс, мұнай-газ, тау-кен салалары үшін, оның ішінде гранттық және мемлекеттік бюджеттік қаржыландыру, халық­аралық жобалар шеңберінде қолдан­балы жұмыстарды және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді орындаумен, ғылыми журнал­дарға мақалалар беру үшін ақпарат жинаумен және өңдеумен айналысады.

 

Зерттеуге жол

І.Жансүгіров атындағы Жетісу универси­тетінде «Жетісу ғылыми-білім беру орталығы» зертханасының құрылысын бастау рәсімі өтті. Нысан университеттің аумағында салынып, бірнеше бағытта ғылыми зерттеулер жүргізетін зертханаға айналмақ.

Аталған университеттің басқарма төраға­сы-ректор Ермек Бөрібаев жобаны толық жүзеге асыру үшін жол картасы бекітіліп, даму бағдарламасы әзірленгенін, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган және бизнес-құрылымдары өкілдерімен жобалық офис құрылғанын жеткізді. Оның айтуынша, Жетісу ғылыми-білім беру орталығын құру арқылы университеттің заманауи академиялық және ғылыми зерттеу экожүйесін дамытуды мақсат етіп отыр. Бұл орталық университеттің ғана емес, Жетісу өңірінің ғылыми әлеуетін дамы­тып, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға септігін тигізеді.

Орталық базасында STEM lab: жаратылыс­тану ғылымдары мен технологияларының ғылыми-оқу зертханасы, EcoAnalysisLab, Молекулярлық биология, Метрология және сертификаттауды стандарттау зертханасы ашылады. Онда студенттер, жас ғалымдар, тәжірибелі ғалымдар серіктес шетелдік жоғары оқу орындары ғалымдарымен бірлескен зерттеулер жүргізілмек. Сәуір айында басталған зертхана корпусының құрылысы тамыз айында толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Академиялық артықшылық орталығын құру Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ғылымды қолдау және зияткерлік әлеуетті дамыту үшін елдің неғұрлым бәсекеге қабілетті 20 жоғары оқу орындары базасында академиялық артықшылық орталықтар құру» (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны), туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті әлеуеті жоғары 15 өңір­лік жоғары оқу орны тізіміне енгізілген.