Театр • 16 Мамыр, 2024

«Алтын сақа» – жаңа нұсқада

31 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балғын шағында ата-әженің ертегісін тыңдап өскен әрбір перзенттің бір тамыры руханият деп соғары анық. Ежелден ертегімен өренін тәрбиелеген, қиялын дамытып, арманын асқақ етуге мән берген халқымыздың осынау жанры әдебиеттің әліппесі секілді көрінеді. Бұған Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрына балаларға арналған 3D Fantasy «Алтын сақа» ертегісінің премьерасында көз жеткіздік.

«Алтын сақа» – жаңа нұсқада

Бұйра бұлттың бауырынан себездеген тамшыдай жан жайлауын жадыратар мөлдір шығармалар жыл сайын Жетісу руханиятына қосылып жатыр. Соның бірі – режиссер Мұсатай Ақынжановтың «Алтын сақа» ертегісі. Бұл қойылымның ерекшелігі сол, 3D Fantasy нұсқада алғаш рет сахнаға жол тартты. Бұрын театрда 1979 жылы режиссер Мұхтар Қамбаров сахналаған еді. Тура 45 жылдан кейін аталған ертегі фэнтези жанрында қайта жаңғырып отыр.

«Біз ертегіні балаларға заман талабына сай нұсқада ұсынып отырмыз. Мұнда қазіргі балдырғандардың қарым-қабілеті, ойлау деңгейі ескерілген. Жеңіл әрі қызыққа толы қойылым. Бастауыш сынып оқушыларының сүйікті ертегісі болады деп ойлаймын», дейді қоюшы-режиссер Мерей Әжібеков.

Оның айтуынша, спектакльдің сәтті шығуына қоюшы-суретші Жанат Дүйсенбаев пен костюм-суретшісі Қарлығаш Шалабаеваның сіңірген еңбегі зор. Ұжымдағы әртістер де кішкентай көрермендердің көңілінен шығуға барын салған.

«Алтын сақадағы» баланың бойында классикалық батырлық ертегіге тән белгілердің бәрі бар. Жұртта қалып қойған алтын сақасын алып келуге барып, жалмауыз кемпірге кез болған бала кемпірдің алдағанына сенбей, сақасын ат үстінен іліп алып, қаша жөнеледі. Мыстан кемпір тұра қуады. Осымен оқиға шиеленісе түседі. Өмірдегі тартыстар, мифтік көріністер, ұлттың әдет-ғұрпы барлығы ертегіде көрсетіледі.

«Маған ертегі қатты ұнады. Әсіресе жалмауыз кемпірдің қылықтары ерекше. Арамызда қорқып отырғандар да болды. Бірақ актерлер нанымды ойнап, рөлдерін өте жақсы алып шықты. Дәл осы қойылымға келгеніме қуаныштымын. Ертегіні бұлай аса зор қызығушылықпен алғаш рет тамашалап отырмын», дейді мектеп оқушысы Әрсен Елмұрат.

Кішкентай кейіпкердің ерлігінің нәтижесінде оның ата-анасы ғана емес, тұтас туған елі жалмауыз кемпірдің қорлық-зорлығынан азат болады. Қызықты қойылым балдырғандарды ақылды болуға тәрбиелеп, батырлық пен батылдыққа шақырады.