Елорда • 18 Мамыр, 2024

Астананың бастамасы – өңірлерге өнеге

129 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 18 тамызда Алматы қаласында осы мегаполисті одан әрі дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте NEET санатындағы жастар мәселесіне айрықша назар аударып, Үкіметке және «оңтүстік астананың» әкімдігіне жастарды жұмыспен қамту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын.

Астананың бастамасы – өңірлерге өнеге

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, өткен жылдың соңында еліміздегі жастардың 7,1 пайызы, немесе  379,3 мың қыз бен жігіт NEET санатына жатқызылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға қарай NEET санатындағы жастар үлесін 3,5 пайызға дейін, яғни екі есе азайту көзделіп отыр.

Осы міндетті орындау мақсатында Астана қаласының әкімдігі былтыр 2023-2026 жылдарға арналған «Joltap» әлеуметтік жобасын әзірлеп, қанатқақты режімде іске асыра бастады. Сол үшін өткен жылғы 26 мамырда «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры құрылып, оған елорданың сауда, құрылыс, қоғамдық тамақтандыру, көлік және басқа қызмет көрсету салаларындағы көшбасшы кәсіпорындар қаржы аударып, демеушілік жасады.

Аталған қор қызметкерлері мегаполисте жұмыссыз жүрген және ауылды жерлерден көшіп келген жастарды анықтап, оларды практикалық дағдыларға оқы­тып, жұмысқа орналастыруға және шағын бизнес ашуларына көмектеседі. Бұл ретте демеушілік көрсеткен серіктес кәсіпорындар жұмысшы мамандықтары бойынша өз талаптары мен стандарттары ескерілген қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын әзірлеуге мүд­де­лі­лік­пен атсалысқан. 

а

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінде елорданың адамдар көп жиналатын орындары – «Азия Парк» сауда-ойын сауық орталығында, «Айланд» отбасылық демалыс орталығында, «Тұлпар», «Встреча», «Мечта», «Euromall», «Рахмет 1», «Рахмет 2» сау­да үйлерінде, «Жанұя» отбасыларды қолдау орталығында, «Жастар» сарайында және Еңбек мобильділігі орталығында орнатылған 11 «Баршаға мүмкіндік» модульді бекеті күн сайын сағат 10.00-ден 19.00-ге дейін тегін қызмет көрсетеді. Оларда 20 консультант кестеге сәйкес жұмыс істеп жүр.

Жұмысқа орналасуға және кәсіп үйренуге өтініш білдірген жастар мен өзге де азаматтарға негізгі үш бағыт бойынша көмек көрсетіледі. Біріншіден, олар елордадағы 30-дан астам сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету салаларындағы серіктес компанияларға тікелей жұмысқа орналастырылады.  Сонымен бірге жұмыс берушілерге жұмысқа қабылданушы жастарға төленетін жалақыны арттыру да ұсынылады. Мәселен, Magnum желісі осындай ұсынысты қабыл алып, жұмыскерлер жалақысын 115 мың теңгеден 215 мың теңгеге дейін көбейткен.

Екіншіден, жаңадан ашылған бірыңғай «Jumys tap» тelegram-боты  арқылы жұмысшы мамандықтар бо­йынша бос орындарға жұмысқа орналастыру жүргізіледі. Онда қаланың жұмыс берушілерінің негізгі сервистік қызметтері – сауда, қоғамдық тамақтану, құрылыс, қызмет көрсету және басқа салалар бойынша барлық бос орындар көрсетілген. Бұл жұмыс берушінің жұмыс іздеушімен делдалсыз тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік беріп отыр. Биылғы сәуір айына дейін аталған тelegram-ботта 7629 жұмыс іздеуші мен 601 жұмыс беруші тіркеліп, 1040 адам бос жұмыс орындарына орналастырылған.

Үшіншіден, жаңа кәсіп үйренгісі келген жастар қысқамерзімді оқу курстарына жіберіледі. Олардың кәсіби дағдыларды тез меңгерулері үшін оқу бағдарламасының 80 пайызы практикалық іс-шара­ларға арналған. Мұндай оқыту екі бағдарлама бойынша ұйым­дас­тырылған. Біріншісі – қоғам­дық тамақтанудың әмбебап қыз­меткері, тігінші, модельер-құрас­тырушы, дәнекерлеуші, сатушы-кассир, баршы сияқты жұмысшы мамандықтар бойынша. Екіншісі – таргетолог, мобилограф, сайт жасаушы, әлеуметтік медиа маркетинг менеджері, графикалық дизайншы, маркетплейстер, бейнемонтаж жасаушы сияқты заманауи мамандықтарды мең­геруге арналған «Freelance мүм­кіндік» цифрлық дағдылар бағ­­дар­ламасы. Аталған оқыту бағ­дар­ла­маларымен 1769 адам қамтылған.

«Joltap» әлеуметтік жобасы іске қосылған былтырғы қыркүйек айынан бері 8,5 мыңнан астам азаматқа тегін қызмет көрсетілген, олардың 56 пайызы – жұмыссыздар, 33 пайызы – жалдамалы жұмыскерлер, 11 пайызы – өзін өзі жұмыспен қамтығандар. Жобаға қатысқандардың көпшілігі – тұрақты кірісі жоқ және шамадан тыс несие алған адамдар. Осы бағдарламаның көмегімен елорданың 1,2 мың тұрғыны жұмысқа орналасқан. Олардың 52 пайызы – 35 жасқа дейінгі жас­тар. Араларында ауылды жерлерден жұмыс іздеп келген қыз-жігіттер де аз емес. Себебі, жыл сайын өңірлерден Астанаға қоныс аударып жатқан 30 мыңнан астам адамның көпшілігі – мамандығы мен жұмыс тəжірибесі жоқ  жас­тар. Олар, негізінен, мегаполистегі құрылыс алаңдары мен базарларда жалақысы төмен қара жұ­мыс­тармен айналысып, нəпақа тауып жүр.

Жуырда Парламент Мәжі­лі­сінің «Ауыл» партиясынан сай­ланған бір топ депутаты ауылдардан қалаларға үдере көшіп кетіп жатқан ауыл жас­тарын жұмыспен қамту мәселесінің өзектілігі туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Онда былтыр Үкімет отырысында облыстардың əкімдіктеріне Астана қаласында қолға алынған «Joltap» қанатқақты жобасын зерделеп, қолдануға тапсырма берілгенімен, арада жарты жыл уақыт өтсе де, өңірлерде оған жете мән берілмей, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтудың тиімді тәсілдері әлі қолға алынбай отырғандығы сынға алынған. Осыған орай, Премьер-министр Олжас Бектенов халық қалаулыларына берген ресми жауабында «Joltap» жобасы барлық өңірде осы жылдың 1 мамырынан бастап іске асырыла бастайтындығын мәлімдеді.