Қоғам • 18 Мамыр, 2024

Мақтымқұлы – түркі жұртына ортақ тұлға

37 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Түрікменстан астанасы Ашхабат қаласында осы елдің Ғылым академиясы Тіл, әдебиет және ұлттық қолжазба институты ұйымдастырған «Мақтымқұлы Пырағының даналық қазынасы» атты халықаралық ғылыми конференция жұмысы басталады.

Мақтымқұлы – түркі жұртына ортақ тұлға

Әлемдік деңгейдегі мәдени шара Шығыс және түркі дүниесі біртуар тұлғасының 300 жылдық торқалы тойына арналған. Алқалы ғылыми жиынға Қазақстан атынан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ бір топ танымал ғалым қатысады. Екі ел арасындағы өзара әріптестік аясында өтетін шаралар Қазақстан-Түрікменстан бауырластық қарым-қатынасының жаңа кезеңін айқындамақ. Өздеріңізге мәлім, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің елімізге келген арнайы сапары мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабатқа арнайы сапарында, сондай-ақ осы шаһарда өткен Каспий саммитінде ғасырлар бойы қалыптасқан достық әрі тату көршілік қарым-қатынасты арттыруға қатысты елеулі іс-жоспарлар белгіленген болатын. Сол басқосуларда екіжақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту, қазіргі жауапты кезең мен даму үрдістері аясында Орталық Азияда және халықаралық аренада мемлекетаралық ынтымақтастықтың нақты бағдарларын айқындау, Қазақстан-Түрікменстан саяси сұхбаттастығын, сауда-экономикалық серіктестігін кешенді өрістету екі мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне негізделетіні айтылған еді. Әлемдік деңгейдегі тұлға Мақтымқұлының үш ғасырлық мерейтойы – осы байланыстың мәдени-ғылыми бағдарын айқындайды. Шара аясында  «Қазақ газеттері» серіктестігіне кіретін «Egemen Qazaqstan» газеті мен «Türkmenistan» газеті, қос елдің балалар басылымы арасында ынтымақтастық мәселелер, ортақ ақпараттық жобалар талқыланбақ.