Білім • 21 Мамыр, 2024

Білім бәсекесі арта түседі

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел болашағы – білімде. Өзбекстан да осы қағиданы ұстанады. Бұл елде кейінгі он жыл ішінде білім саласында ауқымды реформа жүргізілді. Осы ретте алдағы уақытта Қазақстан жоғары оқу орындары көрші елдің университеттерімен Орталық Азиядағы көшбасшылық үшін бәсекеге түсуі мүмкін деген болжам бар.

Білім бәсекесі арта түседі

Фото: ortalyq.kz

Аталған реформалардың бірі ре­тін­де оқуға түсерде ағылшын тілін білу міндеттелгенін айтуға болады. Себебі ағылшын тілін жетік меңгеру жастарға көптеген мүмкіндік ашады.

2017 жылдан бастап Өзбекстанда университеттер мен білім алушылар қатары жақсы қарқынмен өсіп келеді. Сол кездегі деректер бойынша 79 университетте 140 мың студент білім алған. Ал былтыр оқу орындарының қатары 210-ға дейін жетіп, студент саны миллион­нан асқан.

Сонымен қатар Өзбекстанда ше­тел­дік университеттердің фи­лиал­дары жұмыс істейді. Бұл да өз кезегінде білім беру деңгейі мен сапасын көтеруге ықпал етуде. Мәселен, Ташкенттегі Сингапур менеджментті дамыту инс­титуты 2008 жылдан бастап жұмыс істесе, кореялық Инха университеті 2014 жылдан, Вестминстер халықаралық университеті 2002 жылдан бастап Өзбекстан азаматтарына түрлі сала бо­йынша білім бағдарламаларын ұсынады. Айта кетерлігі, Вестминстер халықаралық университетінде студенттер ағылшын тілінде білім алып, оқу бітіргенде Лондондағы Вестминстер университетінің дипломын алады.

Өзбекстан мұнымен тоқтаған жоқ. 2021 жылы Батыстағы универ­си­­тет­тердің үлгісінде New Uzbekistan University (NewUU) оқу орнын ашты. Ташкентте орна­ласқан бұл универ­си­теттің мақсаты – Өзбекстандағы және Орталық Азиядағы білім мен ғылымды біріктіре алған көш­басшы оқу орнына айналу.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёевтің бастамасымен құрыл­ған NewUU республикадағы тұңғыш автономиялық университет болып отыр. Білім беру және зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізу жүйесін реттеуге университеттің ең басты серіктестері – Массачусетс технологиялық уни­вер­ситеті (MIT) мен Мюнхен техни­калық уни­вер­си­теті көмек көрсетіп жатыр. Уни­вер­си­тет­те толы­ғы­мен ағылшын тілінде білім бері­леді, ол үшін шетелден оқытушылар шақы­рылған.

Мұның бәрі бекер емес – NewUU өзінің моделін отандық NU-дың негізінде құрып жатыр деуге болады. Айта кету керек, Қазақстан ЖОО өткен күзде Times Higher Education халықаралық рейтингі бойынша Орталық Азияның үздігі ­атанды.

Бұған қоса мамырдың басында NU делегациясы Өзбекстанға барып, Ташкент пен Самарқанның бірнеше мектебі мен университетін аралады. Олардың қатарында New Uzbekistan University де болды, өткен жылғы қазанда отандық университет NewUU-мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді.

Өзбекстан үкіметінің елдегі жоғары білім деңгейін көтеруге ұмтылысы – Орталық Азияның көшбасшысы атануға деген талпынысының дәлелі. Өз кезегінде еліміз білім бәсекесінде озық болуы үшін атал­ған өзгерістерге мұқият мән беріп оты­руы керек. Өзбекстан мен Қа­зақ­­стан университеттері ара­сын­дағы бәсе­келестік білім беру сала­сын­да­ғы стан­дарттардың өсуі мен жаңа шың­дар­ды бағындыруына ықпал ететін болады.

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20