Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Құлсарыда жергілікті тұрғындарды алаңдататын жайт көп. Соның бірі – апатты үйлердің мәселесі. Тағы бірі моношаһардағы Достық шағын ауданы мен 5-учаскенің аралығын жалғайтын көпірді жаңартуға байланысты туындап отыр. Өйткені бұл көпірдің тозығы жеткен.
«Бұл мәселені тұрғындар жиі көтереді. Сол себептен көпірді жаңартуға қаржы бөлініп, қажетті жұмыс басталады. Құлсары қаласын дамытудың стратегиялық жоспары бойынша барлық жұмыс атқарылады. Алайда дәл қазіргі сәтте бірінші кезекте тұрған міндет – cу тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың шығындарын өтеу, қалыпты өмір сүруге оралуына қолайлы жағдай жасау. Қазір барлық күш тұрғын үйлерге техникалық зерделеу мен бағалау жүргізуге бағытталып отыр. Дайын құжаттардың алғашқы легі қолға тиіп жатыр», деді С.Шәпкенов.
Өткен аптадан бері Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бүлінген үйі мен мүлкін бағалау нәтижесімен таныстыру жалғасып жатыр. Осыған байланысты құрылған мобильді топтар күшейтілген режімде жұмыс істеуге көшті. Мәселен, 16 мамырда мобильді топтардың мүшелері 100-ге жуық тұрғынға бағалау нәтижелерін таныстырды. Бағалау нәтижесімен танысқан Құлсары қаласының тұрғыны Гүлнұр Ілиясованың айтуына қарағанда, үйіне кірген тасқын судың деңгейі терезе жақтауына дейін жеткен.
«Үйіміз тұруға жарамсыз болып қалды. Сол себептен үйдің бір шаршы метріне 240 мың теңге берілсе, оған келісемін. Бұл қаражат үйімізді бұзып, қайтадан салуға жеткілікті болады», дейді Г.Ілиясова.
Су тасқынынан зардап шеккен тағы бір тұрғын Күләш Аманбайқызы мемлекеттің қолдау көрсететініне сенеді. Оның қазіргі мақсаты – су басқан үйін тездетіп салып алу. Сондықтан мемлекет тарапынан үйімнің бір шаршы метріне 200 мың – 240 мың теңге көлемінде ұсынылып отырған қаржыны жеткілікті деп санайды.
Ал Тойған Қарабаеваның үйі 5 сәуірдегі су тасқынының салдарынан құлап қалған. Шаруашылық мақсатта пайдаланып отырған ғимараттар да зардап шеккен. Енді ол соның бағалау нәтижесінде көрсетілген ақшалай өтемақы сомасын алуға келісімін беріп отыр.
«Мен қазір Құлсары қаласындағы шағын аудандардың бірінде пәтер жалдап жүрмін. Сондықтан тезірек баспанаға қол жеткізуім қажет. Ақшалай өтемақыны алғаннан кейін жаңадан үй саламын немесе жаңа баспана сатып алуым мүмкін», дейді Т.Қарабаева.
Зардап шеккендердің қатарында Лаура Сандыбаева да бар. Ол су тасқынына дейін Құлсары қаласының «Атырау» шағын ауданында тұрған. Оның да үйі 5 сәуірде су астында қалған. Кейін ауласы құрғатылып, мамандар үйіне техникалық бағалау жүргізген.
«Менің су басқан үйіме екі бағалау комиссиясы келді. Қазір мамандардың су басқан үйімнің залалы туралы қорытындысын күтіп жүрмін. Егер ұсынылған сома қажетімді өтейтіндей деңгейде болса, ақшалай өтемақы алуға келісемін», деді Л.Сандыбаева.
Атырау облысының жедел штабының мәліметіне сүйенсек, су басқан тұрғын үй иелерінен түскен 250 өтініш қаралған. Ал тұрғындар бағалау нәтижесімен танысқаннан кейін екі күн өткен соң, мемлекеттен көмек алуға Жылыой ауданының әкімдігіне жүгіне алады.
«Меморандумға сәйкес тұрғындарға тасқын судан бүлінген үйіне өтемақы төлеуге байланысты екі нұқса ұсынылады. Тұрғындар өзіне ыңғайлы нұсқаны таңдауы қажет. Біріншісі – зардап шеккендердің арнайы нысаналы шотына тиісті қаржыны аудару. Бұл қаржы жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалуы керек. Екіншісі – жергілікті атқарушы органның жобалық үлгісі бойынша 3 ай ішінде пайдалануға беру міндеттемесімен үй салу», деп мәлімдеді облыстық жедел штабтан.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың дерегіне қарағанда, Құлсары қаласында жаңадан 150 үй салу көзделіп отыр. Қазір типтік үлгідегі 74 үйдің учаскесі белгіленді. Тұрғын үйлердің құрылысы жақын арада басталады.
«Әр үйдің ауданы – 80 шаршы метр. Тұрғын үйлер облыстық бюджеттің және демеушілердің қаражатына салынады. Құрылысты жергілікті мердігер мекемелер жүргізеді. Жаңа шағын аудан жарық және су желісі секілді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылған. Енді газ желісі жүргізіліп жатыр», деді Н.Құсайынов.
Оның айтуынша, шағын аудан аумағында 2 мың орындық «Binom» мектебін салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 300 орындық балабақша құрылысы басталады. Сондай-ақ шағын аллеялар салу жоспарда бар. Әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу қолға алынды.
Атырау облысы