Су тасқыны • 22 Мамыр, 2024

Тасқын судың салдары

406 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жайық өзенінің мол суы жазық алқапқа жайылып жатыр. Су арнасының жал-жал толқыны Атырау-Орал бағытындағы тасжолға, ауылдар маңындағы бөгетке соғып тұр.

Тасқын судың салдары

Осыған байланысты Серік Шәпкенов Махамбет ауданының Талдыкөл, Сарайшық, Махамбет, Сарытоғай және Ақжайық ауылдарындағы бөгетті нығайту жұмысын тексерді. Бұл ауданда 105,8 шақырым бөгет салынған. Дегенмен аталған ауылдардың кейбіріне төнген қауіп әлі сейілмей тұр. Сол себептен Атырау-Орал тасжолы жырылды. Алдымен Жалғансай ауылы маңындағы 56-шақырымын жыруға тура келді. Содан соң Сарайшық ауы­лы маңындағы 44-шақырымы жырылып, су өткізудің қамы жасалды. Ал 19 мамырда аталған жолдың 71-шақырымын тасқын су басу қаупі төнді. Жол мен Жайық өзенінің аралығы – шамамен 6-7 шақырым.

«Махамбет және Ақтоғай ауылдарының аралығындағы жол бойына мол су жиналды. Соған байланысты кешкі сағат 21.05-те арнайы техникалармен Атырау-Орал тасжолының 71-шақырымы тұсындағы бөгет ашылды. Жайылымдық алқаптағы мол су тасжолдың батыс жағына жіберілді», деп хабарлады об­лыстық жедел штабтан.

Ал 20 мамырда түн ортасында Махамбет пен Сарытоғай ауылының аралығындағы 5 шақырымдық жолды тағы да жабуға тура келді. Себеп – Жайық өзенімен өр суының көптеп келуі Махамбет ауылына қауіп төндірді. Соған байланысты су арнасы бағытын бұру үшін екі ауылды жалғап тұрған жол жырылды. Махамбет ауданының әкімдігінен мәлім еткендей, сол күні жол төсемін қалпына келтіру үшін инертті материалдар дайындалған. Алайда судың көп көлемде келуі мен ағыстың қаттылығынан бұл жұмысты жүргізу мүмкін болмады.

Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, 66 егін алқабы тасқын су астында қалған. Тасқын судың салдарынан мал өсіретін 27 шаруа қожалығы зардап шеккен. Оның ішінде өндірістік жылыжай мен балық өсіру зауытының құрылыстары, 1 жылыжай, 1 ешкі сүтін өндіретін зауыт пен 4 демалыс орны бар.

«Зардап шеккен шаруашылық иелерінің шығыны толықтай өтеледі. Тасқын судың деңгейі төмендеп, ағыны саябырлаған соң, арнайы комиссия құрылады. Комиссия мүшелері су астында қалған егін алқаптарына акт жасап, есебін жүргізеді», деді Қ.Нұрлыбаев.

Оның дерегіне сүйенсек, мал шығыны болмаған. Өйткені су басуы мүмкін аумақтардағы қожа­лықтардың малы алдын ала бекітілген қауіпсіз жерге кө­шірілген. Дегенмен егін шар­уа­шы­лығымен айналысатын – 7, ма­л шаруашылығы бағытындағы 19 шаруа қожалығы зардап шегуі мүмкін.

Аудандық әкімдіктің мәлі­ме­тінше, Есбол ауылдық округінен 1,4 шақырым жерде «Сырым» шаруа қожалығына тиесілі бір тұрғын үйі бар қыстақ су ортасында қалды. Жайық өзенінен шамамен 120 метр қашықта тұрған тұрғын үй жартылай саман, жартылай ақ тас­тан салынған. Жайық өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты қыстақтағы үй мен сарай айналасына топырақ үйіліп, құм толтырылған қаппен бекітілген. Үйдің иесі отбасымен Есбол ауылында тұрып жатыр. Қауіпсіздік мақсатында тұрғын үй газ және жарық желісінен ажыратылған.

Бейбарыс округіне қарайтын Талдыкөл ауылы да су ортасында тұр. Ауылдың тұрғындары Атырау қаласындағы АРЕК жоғары кол­леджінде ашылған эвакуация пунктіне көшірілді. Қазір бұл пунктте 217 адам тұрып жатыр. Оның дені – әйелдер мен балалар. Арасында 9 мүмкіндігі шектеулі, 138 кәмелетке толмаған бала, 8 жүкті әйел бар.

Талдыкөл ауылында 1985 жылдан бері тұрған Дәмелі Төлекенова эвакауациялық пунктке келінімен, 3 немересімен келіпті. Оларға екі бөлмесі бар бір секция берілген. Бір қызы да төрт баласымен осында тұрып жатыр.

«Күйеуім мен ұлым ауылда қалды. Олар күнбе-күн ауылдың азаматтарымен бірге кезекшілікке тұрады. Үш немерем 1, 4 және 6-сыныпта оқиды. Келінім Жаңылсын ауылдағы мектепте математикадан дәріс береді. Қазір сабақ онлайн форматта өтеді. Бұл пунктте үш мезгіл тамағымызды береді. Дәрігерлер қан қысымын өлшеп, денсаулығымызды қадағалап отыр. Бірақ немерелер «ауылды сағынып, қашан барамыз?» деп жүр», дейді Д.Төлекенова.

Тағы бір талдыкөлдік тұрғын Венера Жүсіпова бес баласымен бір секцияда тұрады. Балаларының бірі – студент, үшеуі мектепте оқиды. Ең кішкентайы 1 жастан асқан. Ал үлкен ұлы Нұрдәулет Абай облысындағы Аягөз гарнизонында әскери міндетін өтеп жүр. Күзде әскерден оралады.

«Су тасқынының салдары қандай болатынын бала ке­зім­нен білемін. Өзім Талдыкөл ауылында туып өстім, әлі сол ауылдың тұрғынымын. Менің де күйеуім ауылда қалып, бөгетте кезекшілікті атқарып жүр. Әкем мен шешем ауыл­да қалды. Олар біраз жыл бұрын «Саташев Б.» және «Саташева А.» шаруа қожа­лықтарын құрған еді. Әр шаруа қожалығында 27 гектардан жері бар. Жыл сайын 54 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдарын егіп, өнімін ауданның, Атырау қаласының жәрмеңкелеріне ұсынып жүр. Биыл да егін екті. Бірақ жақында 54 гектар алқап толығымен тасқын судың астында қалды», дейді В.Жүсіпова.

Зейнеткер Сәулеш Ғайсина отба­сымен 2008 жылы Талдыкөл ауы­лынан жер телімін алып, тұрғын үй салған екен. Сол үйге Атырау қаласынан көшіп барыпты.

«Талдыкөлде ұлым мен келі­нім қалды. Ұлым бөгетті бе­кітуге, ке­зекшілікті атқаруға шы­ғып жүр. Ал келінім ауыл­да қалған әйел­дер­мен бірге бөгеттің бұзыл­мауын қарауылдап жүрген азаматтарға тамақ пісіреді. Менің қа­сымда екі немерем бар. Бәріміз де ауыл­да қалғымыз келді. Алайда кішкентай немерелердің қауіпсіздігі үшін келдік», дейді С.Ғайсина.

 

Атырау облысы