astanatv.kz
Заңда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу, экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатыстылығы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу, көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау қарастырылған.
Сондай-ақ егер жеке басын куәландыратын құжаттарды және қолданылу мерзімі өткен басқа құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, оларды төтенше жағдайларда пайдалану мәселесін реттеу тетігі бар. Мұндай құжаттар қолданылу мерзіміне қарамастан жарамды деп танылады, қос азаматтықты болғызбау мақсатында Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудың жаңа негізі енгізілді.
Құжатта Қазақстан Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзетулер ұсынылды. Заңға сәйкес қоныс аударушыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқамерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі. Сонымен қатар ерікті қоныс аударған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне бюджет қаражаты есебінен көшуге, тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді сатып алуға төленетін субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелері бойынша өндіріп алудан қорғауға бағытталған нормалар бекітіледі. Атап айтсақ, аталған материалдық көмекті пайдалануда тыйым салынбайды және өзге де шектеулер қойылмайды.
Заңмен қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға үміткерлердің жеке басын куәландыратын немесе ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайларда оны айқындау рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылады. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұлты қазақ екенін айқындау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттігі бекітіледі. Осы мәселе бойынша шешімді жергілікті атқарушы орган ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қарау жөніндегі комиссия құру арқылы қабылдайды.
Ғылыми дәрежесі бар қандастарға қандас мәртебесін алған сәттен бастап бес жыл ішінде қоныстандыру өңірінен басқа өңірлерге мемлекеттік жәрдемақыны қайтармай, өз еркімен көшу құқығы енгізіліп отыр. Бұдан басқа, осы заңмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бейнебақылау жүйесін, сол сияқты оның компонентін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізіледі.
Жалпы, бұл заң ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуге, көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, тиімді көші-қон бақылауын қамтамасыз етуге, қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған.
Амангелді ТОЛАМИСОВ,
Сенат депутаты