Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Зардап шеккен ауылдарға киіз үйлер жіберді

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Салиқалы ұрпақ» қоры су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға киіз үйлер жіберді. Халықтың сұранысына орай сатып алынған киіз үйлер Арқалық қаласына қарасты Екідің және Қызыл жұлдыз елді мекендеріне жөнелтілді.

Зардап шеккен ауылдарға киіз үйлер жіберді

Қостанай өңіріндегі бұл ауыл­дарды су басып, үйлер қирап, шара­сыз қалған халық түгел көші­рілген еді. Сондықтан қоғам­дық қордың мүшелері жер­гілікті тұрғындардың жанайқайын тыңдап, қандай мұқтаж­дық басым екенін біліп, жағдайды көз­бен көру үшін осы ауылдарға арнайы барған. Уақытша паналайтын киіз үй сұраған халықтың тілеуі көп ұзамай орындалды.

– Су тасқынының салдарынан тірнектеп жинаған барлық дүние-мүлкінен, малынан айрылған халықтың жағдайы әлі күнге дейін күрделі екеніне көзіміз жетті. Тұрғындардың көпшілігі паналайтын орын таппай қиналып отыр екен. Сондықтан көптің тілеуі киіз үй болды. Біз жиналған халыққа уәде етіп, бірден тапсырыс бердік. Тапсырысымыз уақытында дайын болып, мінекей, бүгін киіз үйлерді ауыл ішіне құрып, халыққа табыстадық. Бастысы, киіз үйлердің сапасына мән бердік. Барлығы талапқа сай жасалды. Жергілікті халық ризашылығын, шексіз алғысын білдіріп жатыр. Қандай қиыншылық болса да, халықпен бірге болайық, – дейді «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков.

Су тасқыны кезінде Арқалық қала­сына қарасты Екідің және Қызыл жұлдыз ауылының тұр­ғындары тікұшақтың көме­гімен қауіпсіз аймаққа, Арқалық қаласындағы эвакуа­циялық пункттерге көшірілген еді. Жалпы, қала аумағындағы су басқан ауылдарда 87 үй, ал тек Екідің ауылының өзінде 38 баспана тұруға жарамсыз деп танылған. Бүгінде жаңа үйлердің құрылысы басталып, халыққа бірте-бірте өтемақы төленіп, шығын өтеліп, кәсіпкерлер тарапынан да тиісті көмек көрсетіліп жатыр.