Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Арман Әділғалиевтің мәліметіне сүйенсек, 9 ауылдық округтегі 21 ауылда 30 900 адам тұрады. Ал Жайық өзені жағалауындағы 17 елді мекеннің бірі – Талдыкөл.
Өткен сенбіде Атырау – Орал тасжолынан Талдыкөл ауылына баратын 7 шақырым жолды тасқын су басты. Сол себептен аталған елді мекендегі тұрғындарды қайықпен тасымалдауға шешім қабылданды. Ал жексенбіде талдыкөлдік тұрғындарды түгел эвакуациялауға тура келді.
«Бейбарыс ауылдық округіне қарайтын Талдыкөл елді мекеніндегі тұрғындар саны – 1 200-ге жуық. Ауылда 223 үй, 5 кәсіпкерлік нысаны бар. Бірнеше күн бұрын ауыл тұрғындарын, оның ішінде жүкті аналарды, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды, егде жастағы қарияларды Атырау қаласына көшірген едік. Енді ауылға кіретін жолды су шаюына байланысты ауылдағы барлық тұрғынды қауіпсіз аймақтарға көшіруге шешім қабылданды», деді А.Әділғалиев.
Оның айтуынша, эвакуацияланған тұрғындар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жатақханасына орналасты. Кейбірі туыстарының үйіне баруды қолайлы көріпті.
«Университет жатақханасында барлық жағдай жасалды. Тұрғындар үшін төсек-орын жабдығы дайындалды. Үш мезгіл тамақ беріледі. Бізге ең бастысы, тұрғындардың қауіпсіздігі, амандығы қажет», деді А.Әділғалиев.
Тұрғындарды эвакауациялауға жергілікті әріптестерімен бірге Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары да жұмылды. Аға инженер, азаматтық қорғау аға лейтенанты Уәлихан Жұмабековтің айтуына қарағанда, Талдыкөл аулының тұрғындарын эвакуациялауға 24 қызметкер, 6 қайық, 6 техника тартылған.
«Ауыл тұрғындарын мектептің жанына жиналуды сұрадық. Қайықпен тасымалдау кезінде тұрғындардың, әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне баса мән берілді», дейді У.Жұмабеков.
Талдыкөл аулының тұрғыны Гүлзира Қабенованың айтуына қарағанда, таңертеңгі 8.00 шамасында дабыл сиренасы ойнаған. Тұрғындар құжаттарын, жол сөмкесін әзірлеп, алдын ала эвакуациялауға дайын отырған.
Төтенше жағдай департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне қарағанда, Талдыкөл ауылынан 121 адам, оның ішінде 41 бала қайықпен эвакуацияланды. Атырау қаласындағы эвакуациялық пункттерге 26 адам жеткізілді. Ал 90-нан аса адам туыстарының үйіне барған.
Кеше Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Атырау облысына келіп, тасқын суға қарсы жұмыспен танысты. Қазір құтқарушылар арнайы техниканың көмегімен Құлсары қаласында, Махамбет ауданының Жалғансай аулында және Индер ауданында тасқын суды сору жұмысын жүргізіп жатыр. Кешеге дейін шамамен 7 миллион текше метр су айдалды. Соңғы тәулікте сорылған су – 205 мың текше метр.
Ал Талдыкөл аулында 167 тұрғын қалып отыр. Оның дені – ер адам. Олар ауылдағы бөгетті бекіту үшін қалуды ұйғарыпты. Ал 10 әйел бөгет бекітіп жүрген тұрғындарға, әскерилер мен төтеншеліктерге тамақ дайындауды қолға алған.
Атырау облысының жедел штабынан мәлім еткендей, полиция қызметкерлері Талдыкөл аулында патрульдік бақылауды күшейтті. Мақсат – қараусыз қалған үйлер мен нысандарда талан-таражға жол бермеу, қоғамдық тәртіпті сақтау.
«Жайық өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, ағыс қарқынының күшеюіне байланысты Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл аулына су басу қаупі төнген еді. Сол себептен тұрғындарының дені эвакуацияланған ауылда қоғамдық қауіпсіздікті полиция қызметкерлері қамтамасыз етуді қолға алды. Ауылда патрульдік бақылау жүргізуге 14 полиция қызметкері, 5 патрульдік көлік тартылды. Патрульдеу және кезекшілік тәулік бойы жүргізіледі. Тұрғын үйлер мен шаруашылық мақсаттағы нысандар тәулік бойы күзетіледі», деп хабарлады облыстық жедел штаб.
Атырау облысы