Аймақтар • 29 Мамыр, 2024

Зардап шеккен шаруалар шығыны өтеледі

860 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырау облысы үшін тас­қын судың салдары оңай бол­­ма­йын деп тұр. Мұнай­лы ша­һ­арға Жайық өзені­нің екі жа­ға­­лауымен келе­тін Аты­рау – Орал және Аты­рау – Индер жолының бірнеше бөлі­гі жырылды. Оның бірі – рес­­публикалық, екіншісі – об­­лыс­тық маңызы бар жол.

Зардап шеккен шаруалар шығыны өтеледі

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ойыл, Жем, Жайық өзені­нен сай-жыра мен канал­дарға аққан мол судан ауыл шаруа­шы­­лығы құрылымдары шы­ғынға бат­қаны белгілі. Рас, әзір­ге шығынның нақты көлемі ай­тыл­­ған жоқ. Есептеліп жат­қан шығар. Дегенмен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім­нің басшысы міндетін ат­қарушы Азат Қапановтың айтуынша, Атырау қаласы мен 4 аудан­да тіркелген шаруа қожалық­тары зардап шеккені анықталып отыр. Қазір су тасқынынан зардап шеккен аудандарда шығынға батқан шаруа қожалықтарына өтемақы төлеу жөніндегі комиссия құрылып жатыр.

«Биыл Атырау облысында 10 825 гектар алқапқа егін егу жоспарланды. Алайда тасқын судың салдарынан егін егілген 85 гектар алқап су астында қал­ды. Көктемгі дала жұмысын жүргізуге арнайы дайындалған алқаптың 4 мың гектарын су басты. Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің тасқын судан зардап шеккен өңірлерге өтемақы төлеу жөніндегі қағидасына сәйкес аудандарда құрылған арнайы комиссиялар су тасқынынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы құрылымдарының же­тек­шілерінен өтініш қабылдауды қолға алды. Шаруашылықтардың шығыны өтеледі», деді А.Қапанов.

Оның айтуынша, Атырау қаласының аумағында су тасқынынан алма бағы, егістік алқабы бар шаруа­шы­лықтар зардап шеккен. Мұндай деректі Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарындағы шаруашылықтарға қатысты айтуға болады. Қазір облыс аумағында 500 гектардан аса егін алқабы әлі де су басу қаупі бар аумақта тұр.

Жылыой ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевтың дерегіне қарағанда, Құлсары қаласындағы тасқын судан 876 мал мен 532 құстың өлгені анықталды. Осыған байланысты аталған бөлімге тұрғындар 101 өтініш беріпті.

«Су тасқыны кезінде өлген малдың арасында 93 мүйізді ірі қара, 697 қой-ешкі, 55 жылқы, 31 түйе және 532 құс бар. Сол себептен 20 мамырдан бері иелеріне өлген мал үшін 123,8 млн теңге өтемақы төленді», дейді Н.Қуатбаев.

Аудандағы Қосшағыл ауылдық окру­гінде тіркелген «Қарағай» шаруа­ қожа­лығының жетекшісі Айтуар Мыр­за­ғалиевтің 2 жылқысы тасқын суға батып кеткен. Оның өтінішіне сәй­кес бағалау комиссиясының мүшелері бар­­лық құжатқа зерделеу жүргізген. Кейін залалды бағалау қорытындысын ұсынған. Қожалық жетекшісі есептелген қаржы көлеміне келісімін берген соң, есепшотқа өтемақы түсті.

Ал Аида Еркінғалиева жетекшілік ететін «Еркінғалиева» шаруа қожа­лы­­ғынан 2 сиыр мен 4 қошқар өлген. Арнайы комиссияның қорытындысымен залал­дың жалпы сомасы 1,2 млн теңгені құрап отыр. Шаруа қожалығы жетек­ші­сінің шығыны толығымен өтелді.

Өңір орталығынан ең шалғайдағы Қызылқоға ауданында да төрт түліктің шығыны бар. Аудандық мемлекеттік құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлімнің басшысы Азамат Қаленовтің дерегіне қарағанда, мұнда Ойыл өзеніндегі су тас­қы­нынан 271 мал өлген. Бұл ауданның тұр­ғындары 124 мүйізді ірі қара, 80 жыл­қы, 66 қой-ешкі, 1 түйеден айырылып отыр.

Су тасқынынан зардап шеккен тұр­ғын­дар әкімдікке 80-нен аса өтініш бер­ген. Оның ішінде 60 өтініште мал шы­ғы­нына, 27 өтініште үйдің бүлінгеніне қатысты залалды өтеу сұралған. Осыған байланысты 18 үйге бағалау жұмысы жүргізілген. Осы кезге дейін 28 адамға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 369 мың 200 теңгеден біржолғы төлем берілген.

Махамбет және Индер ауданында шаруалардың шығыны әлі толық есеп­теліп болған жоқ. Өйткені бұл аудан­дарда тасқын су толастамай тұр. Деген­мен аудан әкімі Қайрат Нұрлы­баев­­тың мәліметіне сүйенсек, 66 егін шаруа­шы­лығы алқабы мен төрт түлік өсіретін 27 шаруа қожалығының зардап шеккені анықталған. Оның ішінде тасқын су басқан 1 өндірістік жылыжай мен балық өсіретін зауыттың құрылысы, 1 жылыжай, 1 ешкі сүтін өндіретін зауыт, 4 демалыс орны бар. Мұнда егін шаруашылығымен айналысатын 7, мал шаруашылығына бейімделген 19 шаруа қожалығының жерін су басу қаупі әлі де бар.

Мәселен, Ақжайық ауылдық окру­гінде «Дастан» қожалығы 2002 жылдан бері төрт түлікті төлімен көбейтіп, 125 гектарға 12 түрлі көкөніс, бақша дақылын өсіреді. Осы қожалықтың ерте пісетін көкөніс егілген 7 гектар алқабы
12 мамырдан бері су астында қалып отыр. Бұл, әрине, шаруа қожалығы үшін орасан шығын екені даусыз.

Индер ауданында да тасқын судың зардабын тартып отырған шаруалар бар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайыновтың дерегінше, су тасқыны салдарынан 17 гектар екпе шөп, 2 гектардағы жеміс ағашы, 6 мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың қыстақ және қоражайлары зардап шеккен.

Атырау қаласы аумағында егін шаруа­­шылығымен айналысатын 14 шаруа қожалығының 735,17 гектар алқа­бы су астында қалып отыр. Бұл егіс­тік алқаптың 14 гектарына жоңышқа егіл­ген. Бұған қоса су астында 1 мың түп жеміс ағашы, 2 070 түп өзге ағаш түрі, 2 шағын жылыжай, киіз үй, түрлі құрал-жабдық, 25 орама пішен қалып тұр. Шаһар маңымен ағатын Сарыөзек каналының бойындағы 4, Соколок ка­налының маңында орналасқан 5 шаруа қожалығының 1 590 гектар жайылымдық алқабын тасқын су басқан.

Жергілікті әкімдік тарапы­нан Қайыр­шақ­ты ауылдық округіндегі «Тойлыбаев», Алмалы ауылдық округінде «Ынтымақ» шаруа қожа­лығына тиесілі аумаққа бөгет соғыл­ған. Өйткені екі шаруашылық та Жайық өзенінің жағасында орналасқан. Ал Соколок каналына таяу орын тепкен «Нұртаза» шаруа қожалығының 2 техни­касы, бірнеше жылқы мен түйесі су бас­қан аумақтан шығарылған. Қазір қожа­лық қауіпсіз аумақта 100 сиырын ұстап отыр. Сондай-ақ «Ақбұлақ» шаруа қожа­лы­ғының бордақылауға қойылған малын сақтап қалуға көмек көрсетіліп отыр.

 

Атырау облысы