Фото: gov.kz
Жұртшылықты жарылқаған бастамаға кәсіби заңгерлер, соның ішінде тәжірибелі, беделді нотариустар, прокурорлар қатысады. Сондай-ақ тергеушілер, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін қызметкерлер, әділет органдары, көші-қон полициясы, банк омбудсмені де жұмылдырылады. Акция еліміздің барлық қалалары мен елді мекендерінде жыл сайын өтеді.
– Биыл да науқан туралы әлеуметтік желідегі жарнамалардан көрдім. Жыл сайын қатысамын. Былтыр акция аясында мүлікті бөлуге қатысты заңгерлік кеңес алдым. Барлығын сауатты түрде түсіндірді. Әдетте жақсы заңгерлермен кеңесу көп ақшаны талап етеді, – деді Тараз қаласының тұрғыны Айгүл Амантаева.
Былтыр сарапшылар неке, отбасы, мұрагерлік, тұрғын үй, қылмыстық, еңбек, азаматтық құқық, сот шешімдерін орындау, денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу, әкімшілік құқық бұзушылық және тағы басқа салаларға қатысты көптеген сұраққа жауап берген.
Бір қуантатыны, акция азаматтарды қабылдау мерзімін шектемейді. Ең соңғы келушіге дейін жалғаса береді. Қабылдауды мемлекеттік органдардың өкілдері жүргізеді. Толымды әрі нақты ұсыныстарды алу үшін өзіңізбен бірге іске қатысты құжаттарды алып келуіңіз қажет.
Жалпы, бүгінде халықтың құқықтық сауатын жетілдіруге арналған іс-шаралар легі жетерлік. Оның тағы бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасы. «Amanat» партиясы іске қосқан бастаманың игілігін 65 мың адам, биыл 49 мың адам көрген. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алған. Арасында шоттың бұғатталуынан бастап қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта көмек жүргізілген. Сондай-ақ қаржы сарапшылары бизнес-жоспар жазу, отбасылық бюджетті қолға алуды да үйреткен.
«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның сөзінше, бұл жобаның мақсаты – еліміздегі мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауат оқулықтарын әзірлеу.
– Мәселе табыс көлемінде емес, ойлау жүйесінде екенін түсініп, қатысушыларды тұтыну психологиясынан үнемдеу психологиясына бағыттап жатырмыз. Өйткені қаражатты дұрыс жоспарлау, дұрыс басқару тәсілдері болмаса, адам қанша табыс тапса да, жеткізе алмайды. Сондықтан оқулықтарды жазарда 543 мың адамға сауалнама жүргізіліп, қазіргі «Қаржылық сауат» пәнінің барлық кемшіліктері анықталды. Мысалы, кей мектептерде қаржы саласына қатысы жоқ тарих, қазақ тілі, дене шынықтыру мұғалімдері сабақ береді екен. Оқу материалдары қызық емес. Мұны мектепте жүріп-ақ мобилограф, контентмейкер, СММ болып табыс табатын оқушылар айтады. Криптовалютаға, инвестициялық қорлар мен нарықтарға қызығатын ұрпақ өсіп келеді. Соған лайықты ұстаздар мен оқулықтар әлі жоқ. Біз Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқулық жазатын әдіснамалық топ құрдық. Бұл топ Финляндия мен Эстония тәжірибесін алуға арнайы барып, Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. PISA рейтингінде Финляндия мен Эстония қаржылық сауат бойынша әлемде жетекші орын алады. Бұл елдерде бала кезінен ақшаны қалай жұмсау керегі, қауіпсіздік қоры үйретіледі, – деді ол.