16 Қаңтар, 2015

Жаһанды жайлаған жұмыссыздық

441 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Қазіргі таңда белең алған жұмыссыздықтың «жұдырығынан» өзгелерге қарағанда Еуропа мемлекеттері көбірек жапа шегіп жатыр. Өткен жылы мұнда бұрын-соңды болмаған көрсеткіштер тіркелді. Дәлірегі, орта есеппен алғанда, жұмыссыздық деңгейі 12 пайызға өсті. Бұлэкономикасы дамыған, озық технологиямен қамтылған мемлекеттер үшін ауыр соққы. Алайда, олар қол қусырып қарап отырған жоқ. Жағаға жармасып, етекке оралған осы қиындықты жеңу үшін қолынан келгеннің барлығын жасап бағуда. Саланы сауықтыру мақсатында жұмсалған қаржыда, бейнелеп айтсақ, есеп жоқ. Бірақ, әбден меңдеп алған «кеселдің» беті қайтар емес. Бүгінгі Еуропада бес-алты адам жұмыс істейтін шағын цех жұмысын тоқтатса, ол трагедия ретінде қабылданатын жағдайға жеткендей. Бұдан біз қара жұмыстың қамытын әлдеқашан техниканың мойнына іліп, талайға кеудемсоқтықпен қарауға дағдыланып алған еуропалықтардың жүйкесі сыр бере бастағанын әрі алдын кесе-көлденеңдеген кедергілерден аттап өтуде қауқарсыздық танытып отырғанын аңғарамыз. Жалпы, Еуропа мемлекеттеріндегі жұмыс­сыз­дыққа байланысты қалыптасқан ахуалды тұтастай қамтып, статистикалық мәліметтерді жайып салуға мүмкіндік мол. Бірақ бүгін біз айтылып отырған жайтқа қатысты соңғы кездері орын алған, әлі «ыстығы» басыла қоймаған кейбір жағдаяттарды сөз ете отырып, яғни мәселенің мәнісін жекелеген көріністер арқылы жеткізуді жөн көрдік.

Қатерлі рекорд

15-01-15-Itaiya - bezrabotisa Әлемдегі дамыған іргелі елдердің бірі, тамақ, тігін, металлургия, химия өнеркәсібі, автомобиль шығару салалары бойынша жетекші орындағы Италия рес­публикасында жұмыссыздық деңгейі тым жоғарылып кетті. Елдегі Ұлттық статистика институтының соңғы мәліметтеріне қарағанда, мұнда жұмыс орнынан айырылған азаматтардың саны 3 млн.-нан асып түскен. Бұл халық арасындағы еңбекке жарамды азаматтардың 13,4 пайыздан астамын құрайды. Әсіресе, әлемді шарпыған қаржы дағдарысынан кейін жұмыссыздық «дертіне» шалдыққан Италияның жастарына оңай болмай тұр. Олардың арасында үмітсіздік қапасына қамалғандар мыңдап саналатын көрінеді. Жоғары білімі бар қыз-жігіттер мамандықтары бойынша жұмысқа тұруды ойламайтын да болған. Себебі, мұнда кәсіп табу мүмкін емес. Деректерде көрсетілгендей, 25 жасқа дейінгі азаматтар арасындағы жұмыссыздық 43,9 пайызға жеткен. Мамандар мұны қатерлі рекорд деп отыр. Бұл ел мұндай ауыр жағдайды басынан соңғы рет 1977 жылы өткізіпті. Аталған қиындықтар елдің онсыз да оңып тұрмаған демографиялық жағдайына да кері әсерін тигізе бастаған. Үкімет тарапынан тағайындалған атаулы көмектер, түрлі ынталандыру тетіктері қаржы дағдарысына байланысты жойылғандықтан, көптеген қыз-жігіттер отбасын құрып, ұрпақ өсіремін деген ниеттерінен қайтқан. Ал шаңырақ көтергендері ата-анасының қолына қарап қалған. Осы келеңсіздіктердің салдарынан Италия халқының жасы егде тартып барады. Қаржыны аямай құйып, әрбір туған балаға сыйақы тағайындап, оның ата-анасына ерекше қолдау білдіріп келген Италия осылайша амалсыздан демографиялық сая­сатты кейінге ысырып қоюға мәжбүр болып отыр. Грекияның басына түскен ауыртпа­лық­тың қамыты өз мойнына түспеуі үшін Италия үкіметі бар мүмкіндіктерін пайдаланып, қиындықтан шығудың жолын қарастырғанымен, істің орайын келтіре алар емес. Ел экономикасын құтқару мақсатында қабылданған қатаң үнемдеу шаралары да оң нәтиже көрсетпеді. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Италия парламенті қолайлы еңбек нарығын түзу мақсатында арнайы заң қабылдаған. Бірақ ол кәсіподақтар жетекшілері тарапынан сынға ұшырап, қатты қарсылыққа тап болған-ды. Сарапшылар сол жаңа заңның жалдамалы жұмысшылардың құқығын шектейтінін, қоғамдағы ахуалды күрделендіріп жіберетінін алға тартқан. Айта кетейік, Еуропалық одақ елдерінің ішіндегі ең үлкен мемлекеттік қарыз осы елдің мойнында тұр. Оның көлемі 2 трлн. еуродан асып кеткен. Бүгінде бұл берешекті негізге ала отырып ой түйген кейбір мамандар қазіргі билік дағдарысты реттеуге байланысты сауатты бастамалар көтеріп, тиімді шаралар қолданбаса, Италия экономикасы одан әрі құлдырап, халықтың жағдайы төмендей беретінін, тіпті, алдағы уақытта Грекияның кебін киюі мүмкін екенін айта бастады. Ал өз кезегінде елдің экономика және қаржы министрі Пьер Карло Падоан жоғарыдағы пікірлермен келіспейтінін жеткізді. Ол Италия 2015 жылы дағ­дарыс­тан құтылады деп есептейді. Жақында Страсбургте (Франция) журналистермен кездескен министр: «Елде жұмыссыздық өсіп барады, ол рас, бірақ экономика дамыса жағдай өзгереді. Біз 3 жыл қатарынан дағдарыстың қыспағында болдық. Енді ол осы жолы жойылады», деді. Пьер Карло Падоанның өз есебі бар шығар, алайда, министрдің сөзіне қарағанда, сарапшы-мамандардың жоғарыдағы пікірлері ақпарат кеңістігін жаңғыртып тұр.

Кеншілердің көңілі күпті

15-01-15-Polsha shakhta

Поляк жұртына жаңа жылдың алғашқы күндері өзіндік қиындықтарын ала келді. Бұлай деуімізге үкіметтің көмір өндіруші Kompanija Wеglowa компаниясына тиесілі бірқатар кен орындарын жабуға байланысты жоспарына елдің оңтүстігіндегі 8 шахтаның кеншілері өре түрегеліп, жаппай қарсы шыққаны себеп болып тұр. Биылғы жылдың 7 қаңтарында бас­тау алған ереуіл әлі басылар емес. Оған көптеген адам қатысуда. Бұлардың арасында осы кен орындарында бұрын жұмыс істеп, кейін зейнеткерлікке шыққан азаматтар мен кеншілердің бала-шағалары да бар. Сондай-ақ, ереуілшілердің басқа аймақтардағы әріптестері де наразылық шараларына қолдау көрсетуге ниет білдіріп отыр. Жалпы, биліктің елдегі ең ірі көмір компанияларының бірін қайта құрылымдап, уақыт талабына бейімдеу туралы ұйғарымы жүзеге асса, мұндағы 4 шахта біржола жабылуы тиіс. Ал бұл – бірнеше мыңдаған кенші қысқартылып, жұмыссыздар қатарына қосылады деген сөз. Үкімет тарапы өз шешімдерінің дұрыстығын дәлелдеп әрі халықты қысқаратын адамдар саны 3 мыңнан аспайды деп сендіруге тырысып бағуда. Билік өкілдерінің айтуынша, егер қайта құрылымдау жобасы іске аспай қалса, онда 49 мың кеншінің жұмыссыз қалуы ықтимал көрінеді. Сондықтан олар бұл қадамға осы қауіптің алдын алу үшін барып отырғанын мәлімдеуден жалығар емес. Ал көмір компаниясын жаңаша жасақтау шаралары бүкіл аймақтағы ахуалды тығырыққа тіреп, кен орындары орналасқан өңірлерде жаппай жұмыссыздық пен әртүрлі әлеуметтік ауыртпалықтар жайлайды деп есептейтін алаң көңілді бас көтерушілер министрлер кабинетінің жоғарыда сөз етілген уәжімен мүлде келіспейтіндерін жеткізуде. Қазіргі таңда Польша премьер-министрі Ева Копач аталған мәселенің бел ортасында жүр. Ол кеншілермен келіссөздер жүргізу үшін 12 қаңтарда Катовице қаласына арнайы барған болатын. Түннің бір уағына дейін созылған екіжақты әңгіме ешқандай оң нәтиже бермеген. Тараптар өз бағыттарының дұрыстығына шек келтірмей, табандап тұрып алған. Кездесуден кейін үкімет басшысының өзі болашағы жоқ өндіріске бұдан былай мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін айта келіп: «Кездесуде айтылған ұсыныстар үстелдің үстінде ғана қалды», – деп мәлімдеген. Осы жағдайға қатысты кеншілер кәсіподағының басшысы Ярослав Грзесик: «Бүгінгі көмір өндірісіндегі жағдай өте аянышты. Тонналаған көмір сатылмай, таудай үйілген қалдыққа айналуда. Қаншама адамның тағдыры осы кен орындарымен тығыз байланысты. Ал біреулер өндіріс көлемін азайту керек деп жатыр. Бұл – өте қиын мәселе», – деді. Ал көмір компаниясының баспасөз хатшысы Томас Глоговски мұндай шара ауадай қажет болып тұрғанын, дәл қазір құрылым өте ауыр қаржылық ахуалды басынан кешіріп жатқанын, бұл қиындықтар басталғалы бері бір жылға жуық уақыт өткенін жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде компанияның шығыны 350 миллион еуроға жетіп қалған. Мұндай жағдайда өндіріс ошағын қайта құрылымдаудан басқа жол жоқ көрінеді. Егер тез арада тиісті шаралар атқарылмаса, компания біржола құрдымға кетуі әбден мүмкін екен. Тағы бір айта кетер жайт, премьер-министрден күдерін үзген ереуілшілердің ендігі үміті Польша президенті Бронислав Комаровскиде. Сондықтан кеншілер өз әйелдерінен арнайы делегация жасақтап, автобуспен Варшаваға аттандырды.

Tesco компаниясы тығырыққа тірелді

15-01-15-Tesco market

Өзгелермен салыстарғанда жұмыс­сыз­дық деңгейі біршама төмен (5,9%) деп есептелініп жүрген Ұлыбританияда да кей­інгі уақытта қысқартулар орын ала бастады. Алқымнан алған экономикалық дағдарыс корольдіктегі бірқатар компаниялардың адымын аштырмай тастады. Бұлардың ішінде сонау 1924 жылы құрылған, жаһанның түкпір-түкпірінде 7 600 сауда орталығы бар, таза табысы кезінде 2,96 млрд. долларды құраған Tesko компаниясы да бар. Әлем бойынша супермаркет желілері арасындағы Wal-Mart (АҚШ) және Garrefour (Франция) компанияларынан кейінгі үшінші орында тұрған Tesco соңғы жылдарда қаржылық қиындықтардан туындаған дау-дамайлардан көз ашпай келеді. Соның әсерінен бүгінде құрылымның табысы тым төмендеп кеткен. Осы келеңсіздіктердің салдарынан компания өз иелігіндегі сауда нүктелерінде жұмыс істейтін мыңдаған қызметкерін еңбек биржасына бағыттауға мәжбүр. Tesсo мойнына түскен ауыртпалықты осы­лай жеңілдетпесе, басқадай жол табар емес. Өйткені, құрылымның құлды­рауына ішкі қайшылықтар ғана емес, тұтынушылардың тауар сатып алу бел­сен­ділігі күрт төмендеп кеткені де кері әсер етуде. Әсіресе, Еуропа мемлекеттеріндегі сауда нүктелерінен келетін кіріс мардымсыз болып тұр екен. Компания ішкі келеңсіздіктерін реттеуі мүмкін, бірақ адамдарды өз дүкендеріне қойша иіріп кіргізіп, саудасын жүргізе алмайды. Бұлай еткеннің өзінде қалтасы жұқарған тұрғындардан пайда болмасы анық. Бұдан біз жағдайды түзеу Tesсoның өзіне байланысты емес екенін аңғарамыз. Жалпы, бұл супермаркет желісіндегі ырың-жырыңның басталғанына біршама уақыт өткен көрінеді. Мұны құрылтай­шы­лар сырт көзден жасырып келген. Бұдан бөлек, топ-менеджерлер де өз қызмет орын­дарын сақтап қалулары үшін шынайы көрсеткіштерді жария етпей, тек жалған мәліметтер ұсынған. Мұны елдегі ірі алаяқ­тық істерді зерттеп, тексеретін Serious Fraud Office мекемесі анықтаған. Қазір банкрот болудың алдында тұрған, келешегі бұлыңғыр Tesсo әкімшілігі өздері салып жатқан алып ғимараттардың құрылысын тоқтатты әрі қатарға қосылғалы тұрған 49 жаңа дүкенді ашудан бас тартты, сонымен қатар, әлемдегі 43 табыссыз супермаркетін жабу жөнінде шешім қа­был­дады. Бұл жағдай құрылыстар мен дүкендерде жұмыс істейтін британиялық мыңдаған азаматты нәпақасыз қалдырмақ. Сондай-ақ, компания шығындарын азайта түсу үшін өзінің Blinkbox атты танымал бейне-сайтын сатуды көздеуде көрінеді. Бұған қоса, талайдың өңі түгіл түсіне де кірмейтін көлемдегі ішкі зейнетақы аударымдарына тоқтау салыныпты. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».