Суреттерді түсірген – автор
Осындай сипаттағы ХХ ғасырдағы концлагерь туралы киноларды көргенде кеудесінде адамгершілік сәулесі бар әр пенденің жаны түршігер еді. Кейінгі жылдардағы зерттеу барысында Батыс Қазақстан облысы аумағында да осындай бір емес, бірнеше лагерь болғаны анықталды. Тек олар «еңбекпен түзеу лагері» деп аталатын. Соның бірі Теректі ауданы Придорожный ауылында орналасқан екен. Тіпті саман тастан салынған бір барактың бөлшегі толығымен сақталған. Төбесі жабылған, қабырғалары, бөлмелері, есіктері, пештер, дәліз бәрі сол қалпында.
Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытындағы жұмыстар 2021 жылы қолға алынды. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығынан кейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің қаулысы шығып, соған орай өңірлік комиссия құрылды, жұмыс топтары жасақталды. Ғылыми зерттеу бағытындағы тәжірибемізді ескеріп Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы жұмыс тобының қызметін ұйымдастыруды «Dana» ғылыми зерттеу орталығына тапсырды. Орталықтың ғылыми қызметкері, Батыс Қазақстан облысы бойынша жазалау лагерьлері мен НКВД конторларын анықтау бағытына жауапты болып әріптесім Альфия Байболсынова белгіленді. Осы тақырыппен қатар Алашорданың Батыс бөліміне қатысты да зерттеу жұмыстарын жүргізген Альфия Сабырғалиқызы 2023 жылы мамыр айында Теректі ауданы Придорожный ауылында ХХ ғасырдағы еңбекпен түзеу лагерінің орнын көзбен көріп, куәгерлермен кездесу үшін арнайы барып келді. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінен осы лагерьге қатысты құжаттарды да тапты. Қазір лагерьге қатысты архив құжаттары жинағын дайындап жатыр.
2023 жылы желтоқсан айында лагерьдің орнымен танысу, орындарды биіктен аэро фото-видеоға түсіру, төңірегіндегі елді мекендерден естелік айтар адамдар табылса, сұхбаттасу мақсатымен біз де арнайы бардық.
Лагерьдің орнын көрсетіп, куәгерлермен кездесуді Теректі ауданы Алғабас ауылының кітапханашысы Жұмазия Уәлиоллақызы ұйымдастырды. Алғабастық жеке кәсіпкер, тарихқа жанашыр азамат Қанатқали Ерғалиевтің қолдауымен Жұмазия Уалиоллақызы нағашысы, осы лагерьде жазасын өтеген Самиғолла ағаны алып, Алғабас ауылынан Придорожныйға келетін болды.
Әкесі кезінде осы лагерьде жазасын өтеген Кенжебай Рахимов Орал қаласынан жол көрсетуге бірге шықты. Ағамыз төре тұқымынан. Кенжебай ағаның өзі 1956 жылы Теректі ауданына қарасты Көбенсай ауылында дүниеге келген. Әкесі Жұма Рахимов 1913 жылы Бөрлі ауданының Қаракемер ауылында туған. Соғыстан кейін 1950 жылы сотталған. «Нақты себебін білмеймін, бірақ аса маңызды нәрсе емес екені анық. Жазасын Придорожныйдағы еңбекпен түзеу лагерінде өтеген. Жалпы, үш жыл қамауда отырған. 1953 жылы көктемде Сталиннің қазасынан кейін жоғары билік тарапынан жарлық шығып, көптеген сотталушы бостандыққа шықты. Әкем де солардың қатарында еді», дейді ағамыз. Естелік айта отырып, бірқатар жайтпен бөлісті. «Әкемнің және сол лагерьде қамауда болған жерлестердің айтуынша, барлығы баракта тұрған. Лагерь айналасындағы плантацияда жұмыс істеген. Шошқа өсіретін ферма да болған», деді.
Кейінірек, шамамен 90-жылдары Кенжебай аға бір танысынан әңгіме естіпті. Айтуынша, ол осы Придорожныйда сотталушылар арасында үлкен жанжал шығып, даудың басталуына кінәлі делінгендерді лагерь күзетшілері көптің көзінше, тұрған жерінде атып салған деседі. Қазір ол кісі өмірден өтіп кеткен. Сонымен қатар лагерьде жүргенде өз-өзіне қол салғандарды көметін бөлек бейіт болған.
Жолшыбай Кенжебай ағаның естелігін тыңдап, әңгіме-дүкен құра отырып, Придорожный ауылына да келіп жеттік. Келісім бойынша естелік айтуға келген ақсақал – Самиғолла Қажымұратов, 1956 жылы туған, Теректі ауданына қарасты Алғабас ауылының тұрғыны. Самиғолла ағаның нағашысы осы маңдағы лагерьде болған екен. Бала кезінен нағашысының әңгімесіне қанып өскен. Есінде қалғанын бізге айтып берді. Айтуынша, нағашысының аты-жөні – Зұқұл Тасболатов, 1916 жылы туған. Кезінде Шөптікөл деген ауылда басқарушы болған. Өгізбен жер жыртқан, артынан әйелдер жем шашып жүрген. Жақсы жұмыс істегені үшін өкімет велосипед берген екен. Соны бір күні көршісі қолқалап сұрай келіпті. Нағашысы бермепті. Кешкісін қараңғы түсіп кеткендіктен, ертең егерміз деп, егіп үлгермей қалған екі шелек жемді алып үйіне келеді. Сол түні үйіне НКВД адамдары келіп, жем үшін болу керек, тұтқындайды. Кейін 10 жылға жаза кескен. Жарты мерзімін Оралда түрмеде өтеп, содан соң Придорожныйдағы лагерьге ауыстырған. Өзі осы жақта мал баққанын айтыпты. Сталин қайтыс болғаннан кейін арнайы жарлық шығып, бостандыққа шыққан.
– Нағашым лагерьде карцер болғанын, ерлермен бірге әйелдер де отырғанын айтатын бала кезімде. Олар шошқа ұстаған, сиыр сауған. «Таңертең жұмыс істеуге айдап әкетіп, кешке әкеліп, кері қамайды. Биіктеу жерде «вышкалар» болатын. Солардың үстінен солдаттар қарап тұрады. Айналаның бәрі тікенек сыммен қоршалған. Қашып кетуге мүмкіндік болмады. Таудың арасынан жер қаздырды. Сол жерлерде кейін клуб, кеңсе салынды. «Жағдай ауыр болды. Аштықтан, аурудан көп адам өлді», дейтін еді нағашым. Сталинка жақта бейіт өте көп дейтін. Кейін есейгенде өзім де қарағам, расымен, төмпешік өте көп екен, – дейді Самиғолла аға.
Дронмен биіктен видеоға түсіріп, естеліктер жазып алдық. Ең басты олжамыз лагерьдің орнын көзімен көрген, барактың бір бөлшегін сақтап қалған Шапағат ағамен кездесу болды. Басында қатқыл сөйлегенімен, ақкөңіл ақжарқын адам екен. Құнды естеліктерімен бөлісті.
Шапағат Мырзахметұлы осы Придорожный ауылының байырғы тұрғыны, 1950 жылы туған. Ата-бабасы молда болған, өте сауатты адамдар екен. Өзінің айтуынша, атасы Құсайын Шегенбайұлы Атырау жақты мекен еткен. Өте білімді, сауатты, молда болған адам. Әрі бай, әрі молда. Денесі ірі, бойы екі метр шамасында екен. Кәмпеске кезінде қуғындалып, елден жыраққа қашып, 1941 жылы желтоқсанда кеңес өкіметі әлсіреді, ел тынышталды деп туған жерге оралған екен. Келген бойы ұстап алып, атып тастапты.
«Бұл жер жай ғана түрме емес, еңбекшілер лагері болды ғой. Осы маңның бәрі плантация болған, көкөніс өсірген», деп еске алады аға. Көрші-көлемнің көпшілігі сол лагерьде отырып, кейін жабылғанда осы аумақта тамыр жайып қалғандар екен. Лагерь жойылса да, бірқатары ауылда қалып, ұрпақ өрбіткен, еңбек еткен, өсіп-өнген. Ел ағаларының айтуынша, ауылдың лагерь емес тұсында, Семеновка жағында неміс, татар, т.б. өзге де ұлт өкілдері тұрған.
– 70-жылдардың басында лагерьдің орнын әдейілеп бұзды. Саман тастан салынған барактар еді. Ұзындығы 50 метрдей, ені 15 метр шамасында болатын. Бізге жақын маңда тұрғаны кеңсе болған, офицерлер отырған және жазасын өтеушілердің орны болған деседі. Қазір мен оны қойма ретінде пайдаланып отырмын. Ортада ұзын дәліз, жан-жағында бөлмелер салынған. Екі бөлмеге ортақ пеш болған, сол арқылы баракты жылытқан екен. Кезінде сотталғандар екі қабатты темір кереуетте жатқан. Кейін сол кереуеттерді тұрғындар темір-терсекке тапсырып тастады. Көбенсайда да көп бөлмелі үлкен барак болған. Сондай-ақ Көбенсайда кезінде май зауыты жұмыс істеді. Антипов дегеннің әйелі зауытта директор еді, осында май, сүт, ірімшік өнімдерін шығарып, Федоровкаға таситын, – дейді ақсақал.
Қазірде қойма ретінде пайдаланып отырған лагерьдің бір бөлшегінің сақталған жерін апарып көрсетті. Біз таң қалдық. Осыған дейін бұл ауылға талай келген сапарластарым да аң-таң. Ескі құрылыс, есік-терезесі сол баяғы лагерь кезінен қалған. Пештері де сол күйі сақтаулы. Қойманың ішін аралап жүріп, лагерьдің қандай кейіпте болғанын ойша елестетуге болады.
Шапағат ағаға кең пейіл құрметіне разылығымызды айтып, бұрын Сталинка деп аталған жерге жол тарттық. Сталинкадан Придорожныйға дейін шамамен 16 шақырым. Придорожныйдың айналасында түрлі бау-бақша алаңы болған, Сталинкада жазасын өтеушілерді таңғы бестен жаяу айдап, Придорожныйға әкеліп жұмыс жасатқан екен. Бұл маңда өзге ұлт өкілдері жерленген зират бар. Бір ерекшелігі, жерленген азаматтардың аты-жөні мен қайтыс болған жылдары ғана жазылған, туған жылдары көрсетілмепті.
Альфия Байболсынова Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінен дәл осы лагерьге қатысты 1949-1952 жылдардың құжаттарын анықтады. Осының негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Dana» орталығы ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Батыс Қазақстан облысында болған лагерьлерге қатысты арнайы жинақ шығаруды жоспарлап отыр. Соның ішінде №12 жеке лагерьлік пунктіне қатысты облыстық архивтегі құжаттар қамтылатын
болады.
Облыстық архивте 1949-1952 жылдар шамасындағы прокуратура тарапынан болған тексерістерге қатысты толтырылған құжаттар, лагерьдің басшылыққа жіберген баяндама хаттары, басшысы ауысқан кезде жасалған акті, басқа да құнды құжаттар сақталған. Тек қай уақытта ашылғаны, нақты қай уақытта жабылғандығы жөнінде деректер кездеспеді.
1949 жылғы қыркүйек айындағы мәлімет бойынша №12 жеке лагерьлік бөлім 4 учаскеде орналасқан. №1 учаске Орал қаласында, №2 учаске №1 учаскесінен 8 км қашықтықта, №3 учаске қаладан 3-4 км қашықтықта. №4 шаруашылық, өндірістік орталығы Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Придорожный ауылында, Орал қаласынан 80-90 км жерде деп көрсетілген (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №5, б-5-8). Придорожныйдан 16 км, Орал қаласынан 85 км қашықтықтағы Көбенсай деген жерде ауылшаруашылық алаңы болған. Лагерь шаруашылығының жалпы көлемі 15 022 гектар болған (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №9, б-2). Канцелярия штабы №1 учаскенің аумағында орналасқан, тек жазасын өтеушілердің орынжайларынан сыммен қоршалып бөлінген (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №5, б-49).
1949 жылдың қыркүйек айында лагерьде жалпы жазасын өтеушілердің саны – 1130, оның ішінде ер адам – 903, әйел адам – 227 деп көрсетілген. (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №3, б-21-22).
1949 жылғы дерек бойынша жазасын өтеушілердің санын көрсетіп, былайша жіктепті: 58-10 бап бойынша – 55, 1947 жылғы 4 маусым жарлығы бойынша – 299, 1932 жылғы 7 тамыз қаулысы бойынша – 56, 107 баппен – 96, 166 баппен – 23, 1940 жылғы 26 маусым жарлығы бойынша – 28, РСФСР ҚК басқа баптары бойынша – 349 адам тұтқын (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №8, б-12-15). Мұның ішінде 58-10 бап дегеніміз – сол кездегі Қылмыстық кодекс бойынша совет өкіметін құлату, әлсірету бағытында үгіт немесе насихат жасап, контрреволюциялық қылмыстар немесе осы мазмұнды әдебиеттерді таратқаны не шығарғаны үшін жазаланғандар.
1949 жылы прокурор тексеріс жасаған соң лагерь басшысына орындау үшін арнайы ұсыныстар берген. Соның ішінде контрреволюциялық сипаттағы бап бойынша жазасын өтеушілерді басқаларынан бөлек орналастыруды тапсырған. Облыстық «Екпінді құрылыс» газетіне жазылуды қамтамасыз етуді де ескеріпті.
1949 жылғы 25 қыркүйектегі дерек бойынша лагерьде әскери гвардия батальоны жеке құрамының жалпы саны 94 адам болған. Оның ішінде: 1. Офицерлер – 3 адам, 2. Сержанттар құрамы – 18 адам, 3. Ефрейторлар – 19 адам, 4. Атқыштар – 47 адам, 5. Қорғау күзеті – 7 адам. Яғни қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалаушы кемі 94 қызметкер болған.
1952 жылы қаңтар айында лагерь бастығы майор Ф.И.Мирошниченконың орнына майор А.Я.Докторов бастық болып тағайындалған. Басшылар ауысқанда арнайы қабылдау актісі жасалған. Осы актіде лагерьдің аумағы 15022 гектар деп көрсетілген. Бұл жерде жазасын өтеушілер бау-бақша, егіс егіп, мал, құс өсірумен айналысқанын байқаймыз. Қай бағытқа қанша жер қолданылатыны, асхана, монша, құдық т.б. қажеттіліктердің ахуалы жазылған.
Шаруашылықтағы мал мен құстың да саны бар. Ірі қара мал – 697, шошқа – 746, жылқы – 228, құс – 721, оның ішінде тауық – 518, қаз – 200, үйрек – 3.
1952 жылдың қаңтар айында лагерьде жалпы жазасын өтеушілердің саны 590, оның ішінде ер адам – 478, әйел адам – 112 деп көрсетілген (БҚОМА қор-1582, тізбе-1, іс №9, байлам-1, б-2-8). 1949 жылмен салыстырғанда жазасын өтеушілер екі есеге жақын азайған екен.
2023 жылы желтоқсан айында Шапағат аға келер жылы қар кеткен соң азап пен аштықтан қырылған адамдардың жерленген орнын көрсетуге келіскен. Биыл көктемдегі алапат су тасқыны қар кеткен бойда баруға мүмкіндік бермеді. Содан тек 24 мамыр күні келісім бойынша кездесуге арнайы бардық. Еңбектің адамы, үйден гөрі далада көп жүреді. Жолымыз болды, енді шаруаларымен шығып бара жатқан ағаға дәл жолықтық. Бірден адамдардың жаппай жерленген деген жеріне апарды. Ауылдың дәл қасында. Қаладан Придорожный ауылына келетін қатқыл жолдың келесі бетіндегі ағараңдаған төмпешіктер екен. Шапағат аға шамамен екі гектар жерді алып жатыр деді. Жермен жүрген адамға көлемі анық байқалмайды, дронмен биіктен қарағанда бәрі анық көрінді. Ауқымы үлкен. Қанша адамның жерленгенін дөп басып айту қиын, бірақ өте көп боп көрінеді.
Естелік берушілердің сөзі архив құжаттарымен сәйкес келеді. Біз лагерьге қатысты куәлік әңгіме айта алатын аз ғана адаммен сөйлестік. Архив құжаттары да 3-4 жылға қатысты, ол да толық емес. Алдағы уақытта әлі де қажет деректерді жинақтап, терең зерттеуді жалғастыру қажет.
Лагерьде азап пен аштықтан қырылғандардың аты-жөнін барынша анықтауға, археологиялық барлау және қазба жұмыстарын жүргізіп, орынды әлде де жан-жақты зерттеуге талаптанған жөн. Жаппай адам жерленген орын екені нақтыланса, міндетті түрде арнайы белгі қойып, қоршау жасау мәселесін ойластыру керек.
Осы тақырыпты зерттеуде аса нәтижелі еңбек еткен Альфия Сабырғалиқызына, лагерьдің орнымен танысуға бару сапарымызды ұйымдастыруға көмектескен Алғабас ауылының кітапханашысы Жұмазия Уалиоллақызына, естелік айтқан Кенжебай Жұмаұлына, Самиғолла Қажымұратовқа, Шапағат Мырзахметұлына, Қанатқали Өтешұлына алғысымызды білдіреміз.
Жантас НӘБИОЛЛАҰЛЫ,
«Dana» орталығының басшысы
Батыс Қазақстан облысы