Ғылым • 31 Мамыр, 2024

Ғалымдар теориялық іспен шектелмей, нақты іспен айналысуға тиіс - Президент

106 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғалымдарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы ғалымдармен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Ғалымдар теориялық іспен шектелмей, нақты іспен айналысуға тиіс - Президент

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

«Жаһандық полюстер мен мемлекеттер арасында күшейе түскен бәсекелестік – жаңа дәуірге қадам басқанымыздың айқын дәлелі. Бұрын елдің әл-ауқаты аумағының көлеміне және халқының санына байланысты болса, қазір технология мен адам капиталының сапасы алдыңғы қатарға шықты. Мысалы, ХІХ ғасырдың басында Жер шары халқының үштен біріне жуығы Қытайға тиесілі болған. Бұл елдің әлемдік экономикадағы үлесі де осы шамада еді. Алайда ХХІ ғасырдың басына қарай жағдай түбегейлі өзгерді. Дүниежүзі халқының 5 пайызы ғана тұратын АҚШ әлемдік ЖІӨ-нің 20 пайызын иеленді», деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, бүгінде экономикалық бәсеке геосаяси күрестің кезекті кезеңіне ұласты. Осы орайда инновацияның маңызы арта түседі. Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек.

«Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет. Әйтпесе, сағым қуып жүре береміз.

Қолда бар ресурстың бәрін және бәсекелестік жолындағы артықшылығымызды толықтай пайдалану маңызды. Жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды», деді Қ.Тоқаев. 

Ел Президентінің айтуынша, табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек.

«Бұл ретте ғалымдарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс», деді ол.