Суретті түсірген – автор
«Алтайда алтын күз еді». Әлібек Асқаровтың осынау асқар тау бауырындағы орманшының үйінде жатып, төрт-ақ күнде жазып шыққан шығармасы. Былтыр ғой, Таутекеліде, дәл сол орман арасындағы қарағайдан қиылған қос бөлмелі үйдің ауласында тұрмыз. Әл-ағам, Әлібек Асқаров шынтағымнан түртіп; «Алтайда алтын күз еді» повесімді оқыдың ғой» деді сеніммен. Оқымағанда. Жерлес жазушылардың шығармасын жата-жастанып оқыдық. Жаңа шыққан шығармаларының сиясын кептіріп үлгертпейміз. «Алтайда алтын күз еді» повесін де, бір демде оқып шыққаным бар. Суретшінің бір айда басынан кешкен шытырман оқиғасы иіріп әкетеді. Сюжеттің өзі әсерлі. Жиынтық кейіпкерлер болғанымен, бәрі де өмірде бар.
Әдебиетсүйер қауым біледі, Әлібек Асқаровтың әуелгі мамандығы суретші. Өзі әзілдеп, «суретшілер арасындағы жалғыз жазушымын, жазушылар арасындағы жалғыз суретшімін» дейтін. Айтқандай, бірде суретші достарының бірі біз туралы жазбайсың деп ренжісе керек. Содан ғой, қолына қалам алып, суретші өмірін өзінің туған жерімен, Алтайымен астастырып берген. Оқып отырып, суретші кейіпкер өзі ме деген де ойға қаласыз.
Шығарманың шарықтау шегіне жетпес бұрын Жәнімқан есімді суретші туралы азды-көпті мәлімет беріледі, оның думанды шеберханасы суреттеледі. Содан кейін этюднигін алып, Алтайға тартып тұрады. Алтай болғанда да, Шығыстың түу түкпіріндегі Аршаты аулының арғы жағындағы Таутекелі деген әсем жерге жол тартады. Жаздың күні жайнап тұрса, күзде тіптен құлпырып салады. Сан түрлі бояу, мың түрлі рең. Суретші үшін бұл мезгіл нағыз шығармашылықпен шұғылданатын уақыт. Суретші үшін ғана емес, ақындар да күзді тебіреніп тұрып суреттейді емес пе? Жалпы, күз деген жеміс беретін, жеміс теретін, табиғат бар байлығын ұсынатын кез.
Жергілікті жердің азаматтары сонау Алматыдан суретші келді деп, асты-үстіне түсе қарсы алады, күтеді. Тамылжыған табиғат аясындағы орманшының үйіне жайғастырады. Құмырсқаның илеуіндей Алматыдан танаға ұрғандай тып-тыныш Алтайға топ ете қалудың өзі қандай? Ішкені алдында, ішпегені артында. Жәнімқан шығармашылыққа бел шеше кіріседі. Орманшы жігіттер күніге келіп, қал-жағдайын сұрасып тұрады, ас-суын жеткізіседі. Күндердің күні ауылдағы той-томалақтарға да шақырту алған. Сонда ғой деймін, Гүлсина есімді мұғалім келіншекпен танысып, көңілдері жарасады. Шығарма суретшінің күнделігі секілді жазылған. Бірақ әр күні әрқалай. Бір күні өзенге түссе, енді бірде тауға шығады. Тауға шығып Алтайдың басында таутеке қуады... Сөйтіп жүріп, үйір үшін айқасқа түскен бұғылардың көрінісіне куә болған, таңғалған. Әлгі көріністі полотноға түсірген. Енді бірде ауданнан журналист қыз келіп, қылқалам шеберінен сұхбат алған. Өнер туралы ой өрбіткен. Әлемдік классик суретшілердің картиналарын талдап берген. Жалпы, жазушының өзі, Әлібек Асқаровты айтамын, классик суретшілердің қолтаңбаларын жазбай таниды. Бір көріп, кімнің картинасы, қай жылы жазылғанына дейін айтып береді. Сол туындының тарихына дейін талдап беретін талант иесі. Сол үшін де ғой, суретші кейіпкерден жазушының мінез, болмысын көруге болатын секілді.
Айтқандай, көркем шығармада суретші туралы оқи отырып, табиғатпен тілдескендей күйге түсесіз. Алтайдың күміс шыңдарын, күзін, күзгі нөсерін, ақ қайыңдардан саудыраған алтын жапырақтарын, мызғымас қарағайы мен мөлдір бұлағына дейін көз алдыңызға алып келеді. Әлібек Асқаров өзі де, Алтайдың күзіне ғашық, білемін. Кейде күздің әсем табиғатынан көз алмай қарап тұрып, «шіркін, этюдникті қойып, кесек-кесек бояумен полотно бетінде ойқастар ма еді» дейтін.
Повесть шытырман оқиғаға да толы дедік қой. Шығарманы оқып отырсаңыз, шытырман оқиға екеудің арасындағы махаббаттан соң өрбіген. Күндердің күні Жәнімқан ауылдағы мұғалім келіншекпен Алтайдың биігіне шыққан. Жортқан аң, ұшқан құстарға қарап, өмір туралы сыр шертіскен. Екеу арасындағы диалогтердің бәрі-бәрі күнделікті өмірде болғанымен, шығармада көркем, оқырманға жұғымды етіп жазылған. Қызығы сол, екеуі қол ұстаса таудан түсіп бара жатып, таудың қойын-қолатынан жол таппай адасқан. Ит тұмсығы өтпес қарағай орманның қай жерінен кіріп, қай жағынан шыға алмай сандалған. Сандалып жүріп, кержақ кемпірдің үйіне тап болған. Акулина есімді жалғызбасты кемпір жаңбыр астында қалып, малмандай су болған екеуіне ыстық шай беріп, жан шақыртады, іштеріне ел қондырады. Жазушының айтпағы, Алтайға сіңіп кеткен кержақтар да қазақтың мәдениетін, қонақжайлылығын бойларына сіңіріп үлгерді. Тарихтан тартсақ, қазақтан олардың үйренгені көп. Сөйтіп, Акулина кемпір ертесі екеуін тура жолға салып жіберген. Осылайша суретшінің Алтайдағы күндері жалғаса берген. Бір ай дегенде Алматыға оралып, жазған этюдтерін үлкен картинаға айналдырған. Үлкен картинасы үлкен көрмелердің бірінде көпшіліктің назарын аударған. Сондағы сурет не дейсіз ғой. Алтайдың алтын күзіндегі бұғылардың айқасы. Көздері қан талап, жер тарпыған бұғылардың тіресіп тұрған сәті. Картинаны көз алдыңызға елесте отырып, өмірлік пәлсапалық ой түюге болады.
Алтайға бармасаңыз, жазушының осы шығармасымен танысуға асық болыңыз. Алтайдың күзіне ғашық етпей қоймайды.