Себебі бұл кезеңде Жамбыл Жабаев есімі бүкіл кеңес одағына дүркірей танылған болатын. Десе де ақын өмірінің кейбір тұстары әлі күнге дейін беймәлімдеу болып келгені және рас. Міне, жаңа туынды дәл осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салыпты. Соның бір мысалы, Жамбыл Жабаев тоқсанға келгенде Қазақстан өнерпаздарының екінші слетіне қатысып, ақындар арасында бас жүлде алады. Оның Сұраншы батыр туралы дастанын Қалмақан Әбдіқадыров қолма-қол жазып алып, газетке басады. Осы оқиғадан соң кеңес идеологтері Жамбылдың абыройы мен танымалдылығын пайдалануға кіріседі. Жамбыл тұлғасымен толықтай айналыса бастайды. Оның көптеген өлеңін кеңес саясатына теліп бұрмалайды. Алайда Жамбыл бұған дейін де қазақ арасында зор абырой мен кең танымалдылыққа ие болатын. Ол өзінің өлеңдерін бұрмалаушылармен келісімге келгісі жоқ еді. Бірақ кеңес билігі қолдағы бар тетіктерді пайдалана отырып, оның асау басын ноқтаға сыйдыруға тырысады. Фильм желісі суырыпсалма ақынның өмірінің осы тұсына көбірек мән береді. Сонымен қатар туынды авторлары архивтен табылған тың деректерге де сүйенген. Арасында 1936 жылы ақын өнерін насихаттауға атсалысқан мәскеулік маман Иосиф Гильманның немересінде сақталған құнды дәйектер бар.
Тарихи байопик Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Сценарист әрі қоюшы-режиссер – Жандос Құсайынов. Оның айтуынша, туындыға кіріспес бұрын архивтер ақтарылған. Ол үшін тіпті Мәскеудегі мұрағаттар зерттелген. Себебі картинаны бастаған бойда бар жауапкершілік те, мақсат та – өмір жолы қайшылыққа толы тұлғаның болмысын барынша ашу болған.
«Жамбыл атамыз туралы көптеген кітап жазылған, фильм түсірілген. Бірақ ол кездегі шығармалардың көпшілігі ұлттық қажеттілігімізді немесе тарихи шындықтан гөрі сол кездегі жүйенің қажеттілігін қанағаттандырудан әрі аса алмады ғой. Сондықтан қазіргі жастар сол кездегі әлеуметтік жағдайды білу үшін һәм кейбір тарихи мәселелерге, тұлғаларға әділ баға беру үшін осындай фильмдерді көруі керек деп есептеймін», деп атап өтті Жандос Құсайынов.
Фильм режиссерінің сөзінше, Жамбыл Жабаев есіміне байланысты айтылатын, шындыққа сәйкес келе бермейтін неше түрлі аңыз-оқиғалар, әңгімелер көбейіп кеткеніне қынжылыс айтулы картинаның өмірге келуіне бірден-бір себеп болған екен.
«Мен ұлы ақынның шынайы образын халыққа көрсеткім келді. Сол дәуірге терең бойлай отырып, нақты әрі шынайы фактілерге қол жеткізу үшін тарихи-мұрағаттық құжаттарды ақтарып, ақын туралы жазылған бірнеше тауындыны оқып шықтым. Нәтижесінде, деректі фильммен шектелмей, толықкөлемді тарихи-көркем туынды түсіруге бекіндім. Фильмде Жамбылдың өміріне үлкен әсер еткен оқиғалар баяндалады. Атап айтсақ, ақындар слеті, ақын өлеңдерінің газеттер мен журналдарда басыла бастауы, Ораз Жандосов, Бауыржан Момышұлы, Сәкен Сейфуллин сынды қазақтың атақты қоғам қайраткерлерімен кездесуі және тағы да басқа тарихи деректер негізге алынды», дейді режиссер. Фильмде басты рөлді Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев, Жамбылдың жастық шағын Астана қаласы Жастар театрының талантты актері Асылбек Әйтіш сомдады. Сонымен қатар Алмас Шаяхметов, Сырым Қашқабаев, Анна Старченко, Асан Мәжит, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин сияқты танымал актерлер өнері де жаңа туындының көркемдік һәм мазмұндық сапасына сәтті қызмет еткен.
«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмін еліміздің кинотеатрларынан 6 маусымнан бастап тамашалауға болады.